
«Парасат салтанаты» оқырманға жол тартты
Бүгін Атырау өңірінде белгілі қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің «Парасат салтанаты» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, студенттер мен өнерпаздар қатысты.

-Қадыр Жүсіптің шығармашылық жолы – бұл тек жеке тұлғаның ғана емес, еліміздің рухани мұрасының да алтын қорына айналған жол. Ол өз шығармаларымен, қоғамда өзіндік орнын тапты. Осындай ұлы тұлғалардың еңбегін ұлықтау – біздің парызымыз. Жаңа туындыңыз тек қана оқырман жүрегін баурап қана қоймай, ұлттық әдебиетіміздің дамуына да өзіндік үлесін қосып, алдағы уақытта да жарық көре берсін,- деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.

Тұсаукесер рәсімінде белгілі композитор Ілия Жақанов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің төрағасы, партия ардагері Максим Ізбасов жаңа кітаптың қызыл лентасын қиды.

Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген қонақтар Қадыр Өтегенұлының шығармашылығы мен еңбегіне жоғары баға берді.


Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ