Бейбітшілік формуласы

Beybitshilik formulasyi Қоғам

Тағдырларын тарих қосқан түрлі ұлт өкілдерінің ортақ мүдде, ортақ мақсат жолында бір тудың астына бірігуі бүгінде бізді біртұтас халыққа айналдырды. Әлемнің барлық мемлекетімен қарым-қатынасты реттеп, шекарасын айқындап, экономиканы дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттырып, саяси ахуалда тұрақтылықты сақтаған Қазақстанмен жаһан жұрты санасатын жағдайға жетті. Әрине, мұның барлығы, ең алдымен, бірліктің, ауызбіршілікті нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі екені анық. Бұл орайда 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктірген Елбасының төл туындысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны айрықша.

Бейбітшілік формуласы

Бірлестіктердің бірегей  жұмыстары

Жұмысының басты бағыты бірлік идеясы, ұлтаралық келісімге негізделген Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақта тұрақтылықты дамытуға қосқан үлесі зор. Өңірдегі ұлт пен ұлыс өкілдері 20 этномәдени бірлестікке топтастырылған. Олар қоғамның белсенді мүшесі ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен өнердің, ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына атсалысып келеді.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында этномәдени бірлестіктердің белсенділері он үш мыңға жуық адамды қамтитын 60-тан астам іс-шара өткізіп отыр. Олардың арасынан, «Зимние праздники», «Зимние святки»,  «Алғыс айту» күніне орай телевизиялық түсірілім, Наурыз мерекесі, 1 – мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Ортақ шаңырақ аясында. Хоровод дружбы» шарасы мен аудандарда түрлі тақырыптар төңірегінде  өрбіген семинар, конференция, «дөңгелек үстелдерді» атап айтуға болады. Сондай-ақ, әртүрлі ұлттардың дәстүрлі мерекелері мен мәдени күндері аталып, «Рождество», «Терендез», «Сольналь», «Масленица», «Жаворонки», «Песах», «Пасха»,  «Сабантуй» тағы басқа да көпшілік шаралар өтті. Этномәдени бірлестіктер облыстың мәдени өміріне белсенді араласып жүр. «Татулық» татар-башқұрт хорын, «Балақай» балалар вокалды тобын, мүмкіндігі шектеулі жандардың «Шексіз таланттар» мектебі, грузин этномәдени бірлестігінің «Иверия» вокалдық және хореографиялық би және украин этномәдени бірлестігінің «Хуторянка» ансамблін, «Мой родной край» қобызшылар дуэті мен «Саранг» корей әжелер хорын атап айтуға болады. Елімізде ғана емес өзге мемлекеттерге шығып, өнерлерін дәлелдеп жүрген «Сокуан» «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің бишілері, «Горлица» атты орыс ұлты өкілерінен тұратын вокалдық топ, «Уралочка» балалар би тобы және «Зоренька» ансамблдері бар.

«Қайырымдылық керуені»

Ассамблея қолға алған ізгілікті шараның бірі – «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясы. Қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру мен қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған бұл жоба осыдан үш жыл бұрын бастау алды. «Қайырымдылық керуені» әлеуметтік жобалардың жалғасы болып табылады. Биылғы жартыжылдықта акцияны  іске асыру бағытында облыс көлемінде 400 әлеуметтік-қамқорлық іс-шаралары өтті. Мұқтаж адамдарға 78 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіліп, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған 30-дан астам қайырымдылық іс-шарасы барысында 3500 адамға 7 млн. теңге  көлемінде қайырымдылық жасалған. Атап айтқанда, жылдың басында облыс бойынша  табысы аз және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, балаларға арналған «Жақыныңа көмектес», «Балаларға қуаныш сыйла», «Қамқор», «Жүрек жылулықтарын сыйла», «Тегін такси» атты акциялары өтті. Мәселен, бір ғана «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастырған «Рождественская елка» атты қайырымдылық концертінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 1 575 000 теңге көлемінде сыйлықтар табысталды.

Осы уақыт аралығында «Ахыска» Қазақстан түріктері қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы А.Мурадов, алты ай ішінде Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатқан балаларға 1 млн. теңге көлеміндегі қайырымдылық шараларын өткізді. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің көрсеткен қайырымдылық  көмегі де дәл осындай қаражатты құрайды. Этномәдени бірлестіктер соғыс және тыл ардагерлеріне шамамен 400 мың теңге көлемінде көмек көрсетсе, 1-ші маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай өңіріміздегі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері 850 000 теңге көлемінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.  Осылайша, биылғы жылы, облыста жалпы ізгілікке бастайтын шаралар кең өріс алып отыр.

Этномәдени орталықтарының бір бөлігі болып табылатын клубтар, орталықтар, үйірмелер саны биыл 26-ға жетті. Аймақта көп жылдан бері «Жексенбілік мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында алты жексенбілік мектеп («Тхоньиль», «Татулық», «Былина», «Таврос», «Ахыска», «Иверия») жұмыс істейді. Әрбір жексенбілік мектепте 15 адамға дейін  (жалпы алғанда 100 адамға жуық) оқушылар тобы бар.

 Сіз не дейсіз?

Жаннат  ДОСҚАЛИЕВА, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы:

«Шынайы жанашырлықтың көрінісі»

– Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясындағы «Қайырымдылық керуені». Шара аясындағы ізгілікті бастамаларға түрлі ұлт өкілдерінің қосқан үлесі зор. Биыл қайырымдылық шаралары көбейіп отыр. Бұдан біз ұлтымыздың біртұтастығын, бір-біріне деген шынайы жанашырлығын көреміз.

Гүлсина  БАЙКЕНОВА, «Татулық»  татар-башқұрт  этномәденитбірлестігі  жетекшісі:

«Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!»

– Бұл өмірде адамдардың татулығынан қымбат нәрсе жоқтығын үнемі балаларымның құлағына құйып келемін. Қазақтар «Ырыс алды – ынтымақ», «Тату үйге тақсірет жоламайды» деп бекер айтпаған. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! Береке мен бірлікке, қуаныш пен салтанатқа толы үй қай кезде де қымбат болатыны даусыз. Алыс жолға шықсам, туған елім – Қазақстанға тезірек жетуге асығамын. Сондықтан, біз тұтас халық болып осы қоғамдық институттың қорын байытып, тәжірибемізді одан әрі тереңдете түсуге тиіспіз. Өйткені, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын қазақстандық тәжірибе дәлелдеп отыр.

Зелимхан  ЗУБАРИЕВ,ь«Вайнах»  шешен-ингуш  этномәдениьбірлестігі  төрағасы:

«Тарихымыз да, тағдырымыз да бір»

– Біз бүгінде ортақ тарихы, ортақ тағдыры бар біртұтас халыққа айналдық. Сондықтан, мейлі орыс, мейлі шешен, мейлі өзбек болсын, осы туған жерін жан-тәнімен жақсы көріп, елінің патриоты болуға асықса, ортақ мақсаттарымыз да орындалады. Аллаға шүкір, біздің ата-тегіміздің алтыншы ұрпағы жалғасуда. Бұл ең алдымен, қазақтың қонақжайлық, бауырмалдық секілді асыл қасиеттерінің арқасында болса, екіншіден, бізді бір шаңырақ астына біріктірген Елбасының төл туындысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының нәтижесі.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз