Отан қорғау – абыройлы міндет

image1 Қоғам

Жыл сайын қаңтар айының 10-шы жұлдызы ұландықтар үшін өте маңызды күн. Бұл – қоғам қауіпсіздігін қырағылықпен күзететін, ұлт намысын қорғап жүрген  қайсар ұландардың төл мерекесі.

Өткенге шолу жасасақ, 1992 жылы егемен еліміздің өз әскері құрылды. Содан бері Отан қорғаушылар міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Бүгінде заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, мемлекеттің қуатты әскеріне айналдық. Құқықтық тәртіп әскері үшін өткен жылдар үздіксіз оқу, кадрлык жаңарулар, жауынгерлік дайындықты қазіргі жағдайға бейімдеу жылдары болды.

Иә, ішкі тәртіпті сақтаудағы Ұлттық Ұлан әскерінің ролі зор. Тапсырмаларды орындау кезіндегі ерліктерімен Отан қорғаудың жоғарғы үлгісін көрсеткен әскери қызметшілеріміз де жетерлік.

Ата-бабамыз құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр қазақ даласын бізге аманат етіп қалдырды. Сондықтан бабаларымыздың аманаты Тәуелсіздігіміздің маңыздылығын жас ұрпаққа терең түсіндіріп, оны көзқарашығындай қорғауымыз керек.

Төл мереке қарсаңында өзіміздің Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінің қызметін ерекше атап өткім келеді. Біздің бөлімде кәсіби офицерлер мен тәжірибесі мол әскери қызметшілер келісім шарт бойынша қызмет атқарады. Бізге берілген түзеу мекемесін күзету, сотталғандарды қарауылдау, айдауылдау қызметі және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі бойынша әскери бөлімнің жеке кұрамы тәулік бойы қызметтерін мінсіз атқарады.

Ал, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметінде жоғалған адамдарды тауып берген және түрлі қылмысты құрықтаған деректердің саны жетіп артылады. Осының барлығы жеке құрамның антқа адалдығының және ел сенімін ақтауға деген ынтасының жоғары екенінің дәлелі.

Әрине, нәтижелі қызметімізді әрмен қарай жалғастыра береміз. Осы орайда Қазақ елін және Атырау қаласының тұрғындарын, барлық әскери қызметшілерді 10 қантар Ұлттық Ұлан әскерінің құрылған күні мерекесімен шын жүрекпен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.  Асыл халқымыздың асқақ мұраты – ел егемендігі мәңгілік баянды болсын.

Манат НАУКЕЕВ,

5546 әскери бөлімінің командирі, полковник

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз