Атырауда әскерилер ардагерлерге көмек көрсетті

2 1 Жаңалықтар

«Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барып, үйлерінің аулаларында сенбілік өткізді» деп хабарлайды Atr.kz

Аталмыш сенбілік «Ізгі істер марафоны» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Біз болашаққа, бейбітшілік пен бостандыққа мүмкіндік берген ардагерлерімізді назардан тыс қалдырмаймыз. Біз оларға тек мереке күндері ғана емес, әрдайым көмек көрсетуге тырысамыз. Көктем келісімен олардың аулаларын ретке келтіру туралы шешім қабылдадық», – деді қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарманың бастығы подполковник Батырхан Қазақов.

Ардагерлердің бірі – әскери ұшқыш, запастағы капитан Айдын Айбаров. Биыл ол өзінің 100 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр. Ардагер әскери қызметкерлермен кездескеніне қуанышты болды. Қонақтармен әңгімесінде ол майдан оқиғаларын айтып беріп, әскери қызметшілерді туған күніне шақырды.

Ардагер сержант Закария Сұлтанов та қиын соғыс уақыт кездерін, өзінің соғысқа дейінгі және кейінгі өмірі туралы әңгіме тарқатты.

«Майданға өтініш білдірген соң, біз Орынбор мен Башқұртстанда әскери дайындықтан өттік, содан кейін шаңғы батальонының құрамында Уфада құрылған мотоатқыштар бригадасының қатарына қосылдық», – дейді ардагер.

Закария Сұлтанов Беларуссия мен Шығыс Пруссиядағы дүрбелең шайқастарда аяғынан екі рет жарақаттанған. Алайда тік мінезді жігіт сонда да соғыстан бет бұрмаған.

«Екі рет алған жарақаттан кейін мені Калининград облысында гарнизондық қызметке тағайындады. Сол жерде мен жеңісті қарсы алдым, кейін туған жерге оралдым. Бүгінгі күні майдандастарымның арасында мен ғана тірімін, жадымда тек естеліктер мен жараларым қалды», – дейді соғыс жарақаттарын көрсетіп.

Ардагерлер әскери қызметшілерге қонақтығы мен көмектері үшін алғыс білдіріп, оларға, бейбіт аспан және қызметінде сәттілік тіледі.

4 1

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз