Зорлықсыз өмір – бақытты ғұмыр
Атырау Бизнес және құқық колледжінің мәжіліс залында облыстық мәслихат депутаты, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлы Әйтиеваның ұйымдастыруымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижелері» деген тақырыпта облыстық конференция өтті.
Біз қанша жерден әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмаймыз дегенімізбен, ол бәрібір орын алуда. Түрлі дәрежедегі қысымшылықты біз жылма-жыл «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы барысында көз жеткізудеміз. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес акция жұмысы қорытындыланды.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу барысында белгілі бір нәтижеге қол жеткізді. Айталық, мемлекетіміз 1997 жылдан бері әйелдердің ар-намысын қорғаумен оның құқықтары және бостандықтарына кепілдік беретін, тұтас конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси тұжырымдамасын іске асыруда. Ал, 1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Сонымен қатар, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, өңірлерде әкімдер жанындағы комиссиялар жұмыс жасап келеді.
Бұл мәселеге Елбасының өзі терең мән беріп, халыққа арнаған Жолдауында: «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» — деді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйел затының көбірек ұшырайтыны жасырын емес. Оларға қатысты кемсітуді жою мақсатында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» екі заң қабылданды. Тұрмыстық зорлық мәселесі бұл – қоғам мәселесі және ол барлық алдын алу субъектілерінің бірігіп жұмыс атқаруы арқасында ғана оң нәтиже береді.
Облыстық конференцияда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия хатшысы
Зәмзәгүл Жалмурзина, облыс прокурорының аға көмекшісі Әсемгүл Әбдірахманова, облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Бибігүл Төлегенова, Мақат ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Хамидуллина, Жылыой ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия төрағасының орынбасары Зәуре Қалмұқанова, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының міндетін атқарушы Ақзияш Дүйсенғалиева, «Шапағат» қоғамдық қоры дінтанушы Назерке Жетпісбай сөз алып, отбасы бақытын қалай сақтап қалуға болады, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алуда құқық қорғау органдарының рөлі қандай, отбасындағы келіспеушілікті болдырмауда тәрбиелік іс-шаралардың маңызы, жақсы сөздің өзі — тәрбие құралы, әйелдерді оңалту және арнаулы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары турасында әңгіме өрбітті.
Конференция соңында атқарылған іс-шаралар негізінде ұсыным қабылданды.
Лиза СЕЙТІМОВА