Жадыда қалған жеті күн

өнер Жаңалықтар

Астана театрының өнер сапарын атыраулықтар осылай бағалады

Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театры Атыраудағы гастрольдік сапарының соңғы күнінде Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі бойынша жазылған қаламгер Қалихан Ысқақтың драмасын сахналады. Қоюшы режиссеры – Әлімбек Оразбеков. Бұл –  өнер ұжымының гастрольдік сапары барысында сахналаған сегізінші қойылымы. Көпшілікпен бірге спектакльді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та тамашалады.

өнер

Бұған дейін «Қараш-Қараш оқиғасын» бірнеше мәрте оқығандықтан, басты кейіпкерлердің өзін ұстауына, сөйлеуіне бірінші кезекте мән бердік. Бірақ, біреуі де мүлт кетпей, өз образдарын ойдағыдай алып шықты. Тағы да кітап оқып шыққандай әсерлендік.

Қойылым Тектіғұлдың өлімінен басталады. Қаза үстіндегі Бақтығұлдың жан күйзелісі өте аянышты. Сәлмен байдың озбырлығы да опа бермейді. Оның шабарманы Әзбергеннің залымдығын көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Ақыры, Бақтығұл Жарасбайды келіп сағалайды. Спектакльде Жарасбай елдің қамын ойлайтын, сұңғыла тұлға санатында көрсетіледі.

өнер3

Расында, біз кеңестік дәуірде ауқатты адамдарды қаралап келдік. Анығында, олардың барлығы дерлік елге зәбірін тигізген қаскүнем емес, ұлтты ұйытып, шаршы топта сөз бастап, керек жерінде қол бастаған айтулы тұлғалар болды. Жарасбай да солардың сойынан. Қойылымда Жарасбай ойдың адамы, Бақтығұл істің адамы ретінде көрінеді. Екеуінің туған жерге деген перзенттік парызы мен ар алдындағы адалдықтары айқын аңғарылады. Орыс отаршылдарының алдындағы қазақтың мүшкіл халі, «елім» деген алып азаматтардың алтын бастарын қорлауы ашық көрсетіледі. Ел тізгінін ұстаған атқамінерлер арасындағы сатқындық та ашық бейнеленеді. Бақтығұлды билер ортаға алып, ауыр жазаны мойнына артқанда Жарасбай оны өз қолымен емес, шабарманы Қайранбай арқылы жазалаған шарасыздығы сәтті шешімін тапқан.

өнер4

Бір сөзбен айтқанда, «драманың астарынан бабадан қал-ған қасиетті жерді аман сақтап қалу – әр қазақтың парызы» деген ойды ұқтық. Жарасбай да отаршылдарға сатқан жері үшін ар отына шыдамай, өзін құрбандыққа шалады. Драмада басты кейіпкерлерді ойнаған әртістерге дән риза болдық. Әсіресе, Бақтығұл образын танымал актер Қуандық Қыстықбаев әсерлі сомдай білді. Оның бойынан Бақты-ғұлдың бейнесін таныдық. Қазақы болмысты актердің шеберлігі көрерменді өзіне тарта білді. Жарасбайды ойнаған Нұркен Өтеуіловтің рөлі де көркем шықты. Оның бойынан бекзат болмысты дәулетті адамның сырбаздығы мен парасаттылығы қатар өріліп, психологиялық иірімдерге терең бара білді. Ойшылдығы да, жанының нәзіктігі де  анық көрінді. Зұлым Әзбергенді ойнаған Қасымхан Бұғыбайдың өнері де сәтті болып шықты.

Қойылым біткен соң облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сахнаға көтеріліп, театр ұжымына ризашылығын білдірді.

өнер2

– «Қараш-Қараш оқиғасын» көріп отырып, залда ойланбаған жан болмаған шығар. Ата-бабамыздың сан қилы тағдырын сахнадан көре алдық. Дос-тықтың, адамдықтың, адалдықтың, сатқындықтың да куәсі болдық. Қойылымды көрген әр адам өзінше қабылдайды. Бейбіт елде өмір сүріп жатқан әрбіреуіміздің парызымыз – сол бабалар алып берген еркіндікті баянды ету. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты да осыған бағытталған. Кеше ғана Мемлекет басшысының жазушылармен, қаламгерлермен кездесуінде де, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да көрсетілген шаралар – осынау тәуелсіздікті берік ұстау керектігін нұсқайды. Рухани бай елде ғана дәстүр де, салт та, тіл де, дін де, жер де сол халықпен бірге өмір сүреді.  «Қаллеки» театр ұжымының сахналық қойылымы көрермендерін бейжай қалдырмады. Олар көрерменге шығарманың айтайын деген ойын жеткізе білді. Актерлерлер құрамына, шығармашылық ұжымға әркез осылай халықтың ықыласына бөлене беріңіздер деген тілегімді білдіремін, – деді.

өнер5

Нұркен ӨТЕУІЛОВ,

Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық

академиялық драма театрының актері:

Байлар туралы деректер аз

Атыраулық көрермен қошеметіне риза болдым. Олардың ықыласын көріп, біз, актерлер кәдімгідей шабыттандық. Әсіресе, облыс әкімінің өзі бастап театрға келуі, барлық қойылымды үзбей тамашалауы  өнерге деген қолдауды білдіреді.

Жарасбайдың рөлін сомдағанда, әрине, қиындықтар болды. Кейіпкерді өз деңгейінде алып шығу үшін біраз оқыдым, мәлімет іздедім. Өйткені, барлық кітапта сол кездегі байлардың бейнесін ашатындай жақсы дүниелер сирек. Бар, бірақ, байларды жексұрын, жауыз етіп көрсеткен. Қойылымда керісінше, сол кездегі ауылды, қазақты сақтап қалған байды көрсетуім керек болды. Осы жағынан деректер аздау болып, қиналғаным рас.

 

Гүлназ ҚАМЫСБАЕВА,

Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері:

 Актерлер жақсы таңдалған

– «Бәріміздің илеп жатқанымыз – бір терінің пұшпағы» ғой. Осындай гастрольдік сапар  өнер адамын өсіреді. «Қараш-қараш оқиғасы» өзіме ұнады. Негізі, әртістер құрамы өте жоғары дәрежеде ойнады. Бұл театрда аға  буын әртістердің өз орны бар. Ізденгені, оқығаны көрініп тұрады.  Қалихан ағамыз Мұхтар Әуезовтің сол кездегі идеологияға байланысты айта алмаған ойларын әдемі толықтырған. Режиссер оны сахнаға сәтті шығара білді. Мұндай пьеса театрды да, актерді де өсіреді. Жарасбайдың адами тұлғасы айшықты ашылды. Актерлар да жақсы таңдалған.

 

Әйгерім ӘБДИЕВА, көрермен:

 Күліп те, жылап та шықтық

– Астана театрының гастрольдік сапары басталғалы барлық қойылымды жібермей көріп келемін. Тек «Әміре» драмасына бара алмай қалдым. Ең қатты әсер алғаным, Ш.Мұртазаның «Бір кем дүниесі» болды. Астана актерлерінің қай-қайсысы да өз рөлдерінде шынайы ойнады. Олардың сомдаған бейнелері халыққа жетті. Біз әр образға сеніп, кәдімгідей солар үшін күйініп, жылап та шықтық. Актерлер Сырымды, Қуандықты көпшілік жұрт театр арқылы көріп, өнерлерін мойындады. Әбілмансұр, Нұрсұлтан, Олжас Жақыпбектердің өнерлеріне қатты риза болдым.

 

Чапай ЗҰЛХАШ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері:

Атына лайық театр

Сахна өнерінің саңлағы болған Қ.Қуанышбаев атындағы аса мәртебелі театрдың Атыраудағы гастролі өте сәтті өтті. Әр жанрда жазылған туындылар – режиссерлік, суретшілік шеберлік, бәрі үйлесім тапқан. Спектакльді көре отырып, әсіресе, жастар адамгершілік, парасаттылық, Отанын сүю секілді адами қасиеттерді бойына сіңіре алды деп айта аламын. Бұрынғыдан жоғары қойылым көрсетті. Атына лайық театр өнер ұжымының алда талай бағындырар белестері зор. Сәттілік тіледім.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз