«Зілтемір болмаса да Алаш үшін, Зіл батпан елдің мұңын көтеремін»
Ұлттың айнымас брендіне айналған айтыс өнері ғасырдың қай дүрбелеңінде де бояуын жоғалтпады, туын жықпады. Өткен күндерден аңызы мен ақиқаты қосыла өріліп жеткен жыр додасының, әсіресе, тәуелсіздік алған соңғы жиырма бес жылда айбыны айрықша асты. Айтыстың ақтаңгерлеріне еліктеген жүздеген жас буын ақындардың өсіп-жетілуі көңіл қуантар құбылыс боп танылды.
Айбынды өнерге Атырау да соңғы кезде сүбелі үлесін қосып келеді. Біраз жылдардан бері «Теңізшевройл» компаниясы Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп, жылдың осы мезгілінде аламан айтыс өткізіп келеді. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залы жыр аңсап жиналған жұртшылыққа лықа толды. Биылғы додаға «Ұлтымыздың ұлы арманы» деп үкілеп ат қойылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту есебінде ұсынылды. Айтысқа азаттық жылдары қол жеткізген толайым табыстар мен Теңіз мұнайының алғаш атқылағанына 25 жыл, Теңіз мұнай кенішін алғаш ашушылардың бірі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Жолдасқали Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толуы арқау болды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалының директоры Қ.Жылқышиев жүргізген айтыстың қазылар алқасына айтыскер ақын Жәниба Қарасаева төрағалық етті. Айтыс шымылдығын әдеттегідей «Теңізшевройл» кәсіпорнының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев ашты. Бұдан соң сахнаға ақындардың алғашқы жұбы шақырылды. Қызылқоғалық С.Сәрсенбаев пен Е.Қарақойшиевтың айтысы тақырыптан ауытқымады. Олар Атыраудың қол жеткізген табыстарын әдемі жырлап отырды. Жұртшылықтың көңілінен шыққан жұп айтыс пен жазба поэзияны қатар алып жүрген дарынды жастарымыздың бірі Н.Нұғыманов пен республика көлемінде де кеңінен танылып келе жатқан қызылқоғалық Ш.Ізбасаровтың сөз сайысы болды. Замандастық әзіл-қалжыңға құрылған айтысты думансүйер көрермен ризалықпен қабылдап отырды.
Елорданы сап берген Сарыарқаға,
Атыраудың қара алтыны қазыналы,
ТШО-ның оған қосқан үлесі зор,
Байлықтың дұрыс елге дарығаны,
Мұнайшылар еңбегі ұшан-теңіз,
Ол талай тарихқа жазылады», — деп жырлаған Шалқарбайға Нұрбейбіттің:
«Нұржановпен шыққаның,
Әуелбекованы ұтқаның,
Бұ халыққа не керек,
Әншіні емес, мені жең,
Айтыскер болсаң керемет», — деп қалжың тастағаны жарасымды болып тұрды.
Айтысқа бет бұрған жастардың қуантар тұстары көп болғанымен, салмақты сөз, өрелі ой күтетін кездер болады. Кей жағдайда жеке бастың міні мен ұсақ-түйек сөздерден аса алмай қалушылық кезігіп жатады. Табиғат берген дарыннан өзге көп ізденіс пен терең білімді қажет ететін айтыс өнерінің бағасын төмендетіп алмау да көңілдің бір түкпірінде жатқан көп күдіктің бірі. Бұл айтыста да жас ақындардың сөз саптауы, ой тереңдігі қазылар тарапынан есепке алынып отырды. Ә.Қайыров пен А.Мұханғалиев, А.Есжанов пен А.Панабердиевтің айтыстарындағы сөз саптау мен эмоцияға берілудегі кейбір кемшіліктер, суырып салудағы ақсаушылық ескерілмей қалған жоқ.
Әкесі – башқұрт, анасы қазақ Әнуарбек Садықов пен белгілі айтыскер Жәнібек Садыровтың жұбы өрнекті бәсеке құра білді. Өзге ұлт екендігін бетіне басқан қарсыласына:
Қазақша сөйлегенім былай тұрсын,
Жаныма жыр жүйрігін жетеледім,
Қазақтың атынан деп күні кеше,
Риода көрмеп пе едің жат өнерін,
Бадырақ Галбадрахтан қай жерім кем,
Қазақтың сөзі емес пе сөйлегенім,
Зілтемір болмаса да Алаш үшін,
Зіл батпан елдің мұңын көтеремін» деп жауап берген Әнуарбек жас болса да, болашағынан үміт күттіретінін байқатты.
Тым-тәуір аяқ алысын аңдатып жүрген махамбеттік Серік Қойшығұлов пен Нұрбек Сарбасовтың айтысы салғаннан тайталасқа құрылды. Нұрбектің жалаң әзілге құрылған сөздеріне Серік қарымды жауап қайтара алмады. Жалпы, Қойшығұловтың арыны осы айтыста төмендеп қалғаны, ақындарға әлі де ізденіс керектігі анық байқалды.
Атырау айтысының ағайындылары Өнербек пен Айзада Дәулекеновалар, Амангелді мен Серікбол Панабердиевтердің аяқ алысы мен домбыра қағысы, үн көркемдігі қашаннан көңіл қуантады. Айтыссүйер қауымның көз қуанышына айналып, талайды мойындатып үлгерген А.Дәулекенова да әдемі сайыс жасады. Айзаданың қарсыласы, талай доданың жүлдегері Серікболдың сөз саптауы мен мығымдығы мақтауға тұрарлық.
Тірлігімде төсіңе табан тіреп,
Тілеуіңді тілейтін ер боп қалам.
Түтініңе тұншығып өлсем-дағы,
Атырау, сенен асқан жер жоқ маған,- деген Өнербектің шумақтары,
Бұқар боздап, Асандар азынаған,
Кездердің кермек дәмін татып едің.
Құлағың қуаныштан босамайтын
Бұл кезең ең бақытты сәтің, елім,- деп шырқаған Серікболдың шабытты жыр төгісі Тәуелсіздік сыйлаған толағай табыстардан сыр шерткендей болды.
Дана халқымызда «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген қанатты сөз бар. Мұнайшылар күніне тұспа-тұс келген, «Теңізшевройл» ұйымдастырған қыруар мерекелік шараның ең көрнектісінің бірі «Ұлтымыздың ұлы арманы» атты жыр бәйгесінің қорытындысымен талантты ақын Серікбол Панабердиев Бас жүлдеге ие болды. Көпшіліктің сүйіктісіне айналған Ш.Ізбасаров І орынға, А.Дәулекенова мен Ж.Садыров ІІ орынға, Н.Нұғыманов, Ғ.Мұстафа, С.Қойшығұловтар ІІІ орынға табан тіреді. Өзге айтыскерлер түгелдей ынталандыру сыйлығына ие болды.
Айтыскерлерге «Теңізшевройл» компаниясы дайындаған бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Туғанына 100 жыл толған Атыраудың атақты мұнайшысы Ж.Досмұхамбетовтың ұрпақтары сахнаға көтеріліп, жүлдегерлерге өз тараптарынан сый ұсынды.
«Бабалардан аманат қалған ұлан-байтақ дала төсінде сол бабалардан мирас еткен ұлы өнерді ардақтап отырған туған ел де, оның Атымтай жомарт азаматтары да аман болғай» деп тіледік аламан айтыстан тарап бара жатып…
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.