bbbfa8d8 ab00 4543 9bc5 ed729c6ead40

Атырауда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маржан Төреханованың «Ән Маржан» атты шығармашылық кеші өтті

Жаңалықтар

Atr.kz/11 желтоқсан, 2019 жыл.  Атырауда Құрманғазы атындағы  мәдениет сарайында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің әншісі Маржан Төреханованың «Ән Маржан» атты шығармашылық кеші өтті.

Романстарды шебер орындаушы, бірегей дауыс иесінің шығармашылық кеші оның өнердегі ұстазы, Қазақстанның халық әртісі, сахна ханшайымы Бибігүл Төлегенованың  90 жылдық мерейтойына арналды.

Зиялы қауым өкілдері, әлемдік опера классикасы туындылары мен халық әндерін сүйіп тыңдаушылар жиналған  музыка кешінде Бибігүл Төлегенова Алматының төрінен, Алатаудың бөктерінен өзінің шәкіртіне деген жүрек жарды тілегін жолдады. «Мұндай кәсіби әнші Атырауда ғана емес, батыс өңірінде жоқ. Бұл сөзді шәкіртім болғандықтан айтып отырған жоқпын, шындығы сол. Оның дауысына көптеген елдердің сахнасында қошемет көрсетілді. Менен кейін «Бұлбұл» әнін шебер орындады. Бұл  –  Маржанға табиғат берген үлкен талант. Бүгінде шәкірттері ізін жалғап, музыкалық консерваторияда білім алып, елге танылып жүр»  деді Бибігүл Ахметқызы.

Маржан Досымқызы халық әндерін және Қазақстан композиторлары  Л. Хамидидің «Бұлбұлы», Н.Тілендиевтің «Кел еркем, Алатауыңа», І.Жақановтың «Еділ мен Жайық» және тағы басқа да көптеген әдемі шығармаларды ерекше орындап, талғампаз тыңдарманның көңілінен  шығып келеді. Осынау еңбегі жоғары бағаланып, ол «ҚР Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған. 

Кеш барысында  итальяндық композитор Джоаккино Россини мен алғашқы қазақ операсының авторы Евгений Брусиловскийдің шығармалары, қазақ, орыс халық әндері, Вена опереттасының композиторы Франц Легардың шығармалары орындалды.

Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, көрермендерге керемет кеш сыйлағаны үшін Маржан Досымқызына алғыс білдірді. «Қазақтың біртуар бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Бұл – үлкен еңбек. Ендігі уақытта Маржан да талантты, талапты шәкірттер тәрбиелей береді деп сенеміз» деді  Нұрлан Асқарұлы.

1f84aac5 ab9d 446f bb1f b79e841e58f7
03b33b96 6fe9 4f22 a40b 01d10a372d80
05f7176f 28a2 4e19 95a1 139840430871
7dafac59 be69 4a60 a154 deeb677dcfe5

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған