
Жылыойлықтар жаңа автобуспен қамтылды
Жылыой ауданындағы жолаушыларды тасымалдау қызметін атқарып отырған «БатысТехИнвест» ЖШС-нің қоғамдық көліктерінің қатары 27 автобуспен толықты.

Жылыой ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде автопарктегі көліктер заманауи және соңғы үлгідегі әрқайсысы 22 орынды барлығы 27 Yutong ZK6890HGQ автобусымен толықтырылды. Аталған автокөліктер Құлсары қаласының ішіне қатынайды. Техникалар қауіпсіз метан табиғи газбен жүруге арналған.
Көліктерді табыстау салтанатында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындарды құттықтап, бұл аудандағы жолаушылар тасымалы қызметін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын көрінісі екенін атап айтты.

Айта кетейік, «БатысТехИнвест» ЖШС 2019 жылы құрылған. Қазір Құлсары қалаішілік 12 бағытта және ауылдық округ, кент бойынша 6 бағытта жолаушыларды тасымалдауда. Бүгінге дейін 10 «Анкай», 10 «Паз Вектор» және 19 «Газел Некст», 5 ауылдық округке қатынайтын «Yutong» және 20 қала ішінде қатынайтын жаңа «Yutong» маркалы автокөліктері тұрғындарға қызмет көрсетіп келді.
Сондай-ақ бүгінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі және аудандық пробация қызметі бөлімдеріне қызметтік көлік табысталды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ