Жылыойлық кәсіпкер грант иеленіп, бизнесін дамытуда
Жылыой ауданының тұрғыны Айсұлтан Дюсалиев өткен жылы кәсіп бастауға арналған мемлекеттік грантқа ие болған. Қазіргі таңда қайтарымсыз қаржыға 30-дан астам ешкі сатып алып, мал басын өсіруде, деп хабарлайды Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бала кезінен мал бағумен айналысып келген А.Дюсалиев мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарында. Бүгінде ол 34 ешкі мен 1 теке алып, кәсіп жасап отыр.
Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Ерлан Нұрлановтың айтуынша, былтыр ауданда барлығы 76 адам грант иеленсе, оның екеуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Қайтарымсыз грантты ұтып алғандардың қатарында жас кәсіпкер Айсұлтан Дюсалиев те бар.
-Ешкі малы тез көбейетін үй жануары. Оның сүті көптеген ауруға ем. Ал еті жеңіл тағам болып келеді. Сондықтан ешкі санын көбейтуді жөн санадым. Алда жоспарларым көп. Аудан халқын ешкі сүтімен және етімен қамтамасыз ету ойда бар. Сонымен қатар осы жұмыспен қоса қамыстан маты (қамыс тақта) дайындаумен де айналысамын. Бұл құрылысқа қажетті материалдардың бірі. Ауылдастарым сатып алып та жатыр. Бағасы 3 мың теңге,- деді А.Дюсалиев.
Кәсіпкердің меншігінде бір трактор мен шаруаға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Ол отбасында алты баланың бесіншісі. Ал өзі төрт баланың әкесі.
Айта кетейік, Жылыой ауданында 7284 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.