Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Жылыойдың жұлдызды әнін кім жазды?

Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Дүниені дүр сілкіндірген қатерлі дерт адамдардың ішкі мүмкіндігін ашып, оларды ортақ қауіпке қарсы күреске жұмылдыра білді. Үйде отырып-ақ патриоттық әндер айтып, бір-біріне қолдау көрсетіп жатқандар бар. Солардың бірі – жылыойлық өнерпаздар. Олар шырқаған «Кең Жылыой» әнін бүгінде әлеуметтік желіде жүздеген жан тыңдап үлгерді. Ал, тұтас бір ауданның әнұранына айналған осы әннің шығу тарихын білесіздер ме?

Әннің мәтінін жазған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жергілікті ақын Лұқпан Сисекенов болатын. Сонау жылы әңгімелескенімізде өзінің сол кезде республиканың өзге өңірінде жұмыс жасап жүрген жерінен егде әкешешесінің саулығына байланысты Құлсарыға оралғанын айтқан. Содан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында ауданға осы жерде туып-өскен абыройлы азамат қонақтап келуі керек екен. Жергілікті басшылар мәртебелі мейманға арнау өлең жазуды соған тапсырады.

screenshot 20200503 145452

Арада біраз уақыт өткен соң Құлсары көшелерімен серуендеп жүрсе, Мұнайшылар паркі жақтан әдемі ән естіледі. Бұрын беймәлім әуенге елтіп, жақындап барса, сөзі өзінің өлеңі. Сөйтсе, жергілікті өнерпаздар музыкасын жазып, ән етіп шығарыпты. Ән авторы Қуаныш Бекенов сол кезде Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасы басшылығының қолдауымен құрылған өзі жетекшілік ететін «Жалын» вокальды аспаптар ансамблінің аты шарықтап тұрған шағы екенін айтады. Репертуарда жұртшылық сүйіп тыңдайтын бірнеше ән болған. Бірақ, жастар жүрегі жаңа ән аңсаған. Өзінің де көңілінде тың әуен жүреді екен. Соған мына өлеңнің сөзі де тура келген.

mlshpgshn 1

Сөйтіп, «Кең Жылой» әні осылай туған. Оны өнерпаздар да тез меңгеріп кеткен. Қазір Атырауда тұратын әнші Роза Жанәбілова – оны бірінші орындаған өнерпаз. Ол өзіне осы әннің бұйырғанын мақтан тұтады. Қазір де шағын отырыстарда көпшілік қолқаласа, ашық дауысымен шырқай жөнеледі. Айтуынша, тұрмысқа шыққан тойында «Жалын» ансамблі құрамымен келіп, Құлсары аспанында «Кең Жылыой» әнін қалықтатыпты.

Амандық болса, бірер жылдан соң осы әннің туғанына да жарты ғасыр толады екен. Содан бері ауданның абыройын асқақтатқан талай ән шығарылды. Бірақ, «Кең Жылыой» аға ұрпақ жадында да жатталды, оны бүгінгі жастар да шабыттана шырқайды. Өкінішке орай, «Жалын» ансамблінің біраз мүшесі бүгінде өмірде жоқ. Әйтсе де, олардың есімдерін жерлестері ешқашан ұмытпайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Жылыой ауданының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button