АТЫРАУДЫҢ СЫРЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ

«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында «Атыраудың сырлы жауһарлары» атты ІІІ қыз-келіншектер туындыларының көрмесі өтті. Сөйтіп, бұл да Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай кескіндемеші, әрі қолөнерші қыз-келіншектерге көрсетілген айрықша құрмет болды.


Осындай мерекелік көрмелер ұйымдастыру аталмыш орталықта дәстүрге айналған. Көркем картиналар, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көздің жауын алады. Көрмеге Ж.Мұқсиева, Г.Иманғалиева, С.Гузева, Ғ.Акимниязова, Л.Тілекбай, Қ.Нұрғалиева, Н.Жалмұхамедова, Л.Агеева, Г.Дәулетова, Н.Эксузьян, Х.Мусина, М.Баймұқашева, Б.Мусина, О.Ким, А.Бекқалиева және М.Қабдолованың 100-ден астам жұмыстары қойылды.
– Көрменің мақсаты – кәсіби суретші, көркемсурет және сәндік-қолданбалы бұйымдар жасаумен айналысатын қыз-келіншектердің шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, бағалау, облыс халқы назарына сол өнер туындыларын ұсынып, жариялап, насихаттау, – дейді «Ақ Желкен» шығармашылық орталығының директоры Н.Дәулетов.
Ал, көрмеге қатысушы гобеленші Нафиса Жалмұхамедова мен Любовь Агеева қаламызда шеберлік сабақтарын өткізіп үлгергенін айтады. «Біз Ресейдің Краснодар, Мәскеу қалаларында қолөнер бұйымдарымызды таныстырып қайттық. Алдағы уақытта Астанаға бару ойымызда бар. Гобелен өнеріне келсек, оның негізгі материалы болып табылатын жіп Астраханда өте қымбат бағада сатылады. Бірнеше айда бір туынды ғана дүниеге келеді. Гобелен тоқу адамға ерекше шабыт сыйлайды», – дейді олар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз