Жылыой ауданында лагерь ашылды
Жылыой ауданында көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «Zhylyoy STEAM Camp» жазғы лагері ашылды.
5-16 маусым аралығында Құлсары қаласында тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған «Zhylyoy STEAM Camp» жазғы бейіндік лагері жұмыс істейтін болады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында «Caravan of Knowledge» КҚ ұйымдастырып отырған аталмыш лагерьге Жылыой ауданында 7-8 сыныптарда оқитын 25 оқушы қатысқалы отыр.
Күндізгі лагерь сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін №8 мектепте бұрын ашылған STEAM зертханасының базасында жұмыс істейді, балаларға күніне екі мезгіл тамақтану ұйымдастырылған. Бейіндік лагерьдің ерекшелігі — спорттық-сауықтыру және ойын-сауық бағдарламасынан басқа, балалар STEAM білім беру базасында жаратылыстану ғылымдары мен робототехниканы қызықты, ойын түрінде оқитын болады. Бағдарламада зияткерлік квесттер, командалық ойындар, сабын шоулары, химиялық тәжірибелер, робототехника және авиамодельдеу сабақтары және т. б. сияқты эксперименттер жүргізу қарастырылған.
Балалар 5 адамнан тұратын командаларға бөлінді. Оқу барысында олар ұпай жинап, маусымның соңында ұйымдастырушылар естелік сыйлықтар беретін болады. Құлсары қаласындағы бірінші STEAM лагеріне қатысушылардың тізімін аудандық білім бөлімі ұсынғандығын және де тізімге көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан балалар және оқу үздіктері кіргендігін атап өткеніміз де жөн.
«Лагерь аяқталмаса екен. Мен үшін лагерь өте қызық, танымды, күн сайын ерте келіп, осында ұзақ уақыт болғым келеді, жаңа нәрселер үйреніп білгім келеді. Лагерьде мен әртүрлі мектептерден көптеген жаңа достар таптым. Осы жерде өткен сабақтардан кейін мен химия мен физиканы жақсы көріп кеттім. Бізде мұндай жазғы лагерь ешқашан болған емес. Мен STEAM лагерінде бірінші рет болуым», — дейді 7-сынып оқушысы Ермекбай Аян.
Лагерьге педагогтар мен тәлімгерлер ретінде қызмет ететін Жылыой мұғалімдерінен басқа, «Jana Talap» бағдарламасының түлектері Мыңбаева Жанар мен Шахимова Ырысжан, сондай-ақ авиамодельдеу және зымыран құрылысы бағыттары бойынша «USTEM Robotics» жаттықтырушысы Мейманқожаев Жанарыс арнайы шақырылды.
«Балалар лагерьге қызығушылық танытады және ыстық ауа-райына қарамастан, ертерек келуге тырысып, ұзақ уақыт қалғысы келеді. Лагерьде біз тек ғылыми жұмыстарға ғана емес, сонымен қатар балаларда командалық рухты тәрбиелеуге және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға тырысамыз. Сабақтың қызықты формасының арқасында оқушыларға теория мен практика арасындағы байланысты түсіну оңайырақ. Біз балаларымыздың осындай белсенділік танытқанына қуаныштымыз, ал кейбіреулері өз білімдерін құрдастарының алдында көрсету үшін сабаққа алдын-ала дайындалуға тырысады, — дейді жаттықтырушы.