Жылыой ауданы төрт арнайы техникамен толықты

356841512 742530357880524 5371945541797776807 n Жаңалықтар

«Теңізшевройл» ЖШС Жылыой ауданына жалпы құны 350 млн теңгеден асатын төрт арнайы техниканы сыйға тартты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Арнайы техника Жылыой ауданы әкімдігінің сұранысы бойынша сатып алынып, ауданның коммуналдық кәсіпорындарына жолдардың тазалығын сақтауға, яғни жолдарды жазда шаңнан, қыста қардан тазарту, сондай-ақ жасыл желектерді суару және т.б. мақсаттарда қолданылатын болады.

-«Теңізшевройл» компаниясына аудан атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл техникалардың көмегімен аудандағы коммуналдық мәселелердің бірі – тазалықты жолға қоятынымызға сенімдіміз. Ауданның 95 жылдығы аясында ауданға тарту етіп жатқан сыйлары мол. Халық игілігі үшін жасалып жатқан игі істері жалғасын таба берсін!,-деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.

Қазіргі таңда «Камаз» автокөлігінің шассиіндегі KO-318D5 сыпырып жинайтын вакуумдық машина, MD-532 аралас тазалайтын, сондай-ақ МД-651 құрама жол машинасы Құлсары қаласында тұр. Жақын арада Schacman маркалы кран-манипулятор жеткізілетін болады.

-Жылыой ауданы біз үшін өте маңызды, өйткені ауданда біздің өндірісіміз орналасқан, қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері осында тұрып, жұмыс істейді. Осы жылы қыста ауданға қар көп түсті, сол себепті ауылдар арасындағы көлік қозғалысы тоқтатылды. Жолдарды тазалау үшін біз Теңіз кен орнынан арнайы техниканы жұмылдырдық. Сондықтан бұл жаңа техникалар Жылыой ауданының дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.  

Айта кетейік, осыған дейін «Теңізшевройл» компаниясының 30 жылдық мерейтойына орай «30 игі іс» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси, спорт пен биге арналған кресло-арбалар, сондай-ақ «Кең Жылыой» мәдениет үйіне музыкалық аспаптар мен сахналық костюмдер сыйға тартылған болатын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз