ЖАҢА БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ БАСЫМ

sh46Премьер-министр Серік Ахметов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыруға белсене кірісуді тапсырды. Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысының басты жаңалығы осы болды. Астанадағы алқалы жиынға облыстық әкімдікте облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған жергілікті басшылар тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатысты. 

Қуатты елдердің өзі қаржы дағдарысынан қиналған тұста Қазақстан өзгеше жол тапты. Экономиканы тұрақты дамыту, халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асқан «Жұмыспен қамту жол картасы» – соның бірі. Бүгінде осы бағдарламаны жаңаша жүргізу қажеттілігі туып отыр. Құжат 2020 жылға дейінгі кезеңге есептелген. 
«Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыру үшін биыл мемлекеттен 110,6 млрд. теңге бөлінеді. Ол еліміздің 124 мың тұрғынын қамтымақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа бағдарламаның бірнеше бағыты бар. Оның алғашқысы – инфрақұрылым мен ТКШ дамыту арқылы жұмыспен қамту мәселесі. Екіншісінде, ауыл адамдарының екі қолға бір жұмыс табуына маңыз берілген. Яғни, ол «өз нанымды өзім табамын» деп ұмтылған ауыл кәсіпкерлерін қолдау арқылы жүзеге аспақшы.
Т.Дүйсенованың әңгімесінен ұққанымыз, аталған шаралардың ауқымында ауыл тұрғындарының өзінің жеке шаруасын ашып, оны дамытуға деген бастамасын қолдайтын тетіктер іске асырылады. Шағын несиелеу механизмі де ұсынылады. Бұл 3 млн. теңгеге дейін шағын несие беріліп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының жетіспейтін бөліктерін салу және дамыту, сондай-ақ, басқа да түрлі қызметтер көрсету деген сөз. Министрдің міндетін атқарушының тағы бір тоқталғаны, шағын несиелеу бойынша жасалатын жұмыстар жалғасын таба береді. «Бірінші бағыттан айырмашылығы, ауылдағы бір қосалқы жеке шаруашылыққа берілетін шағын несие көлемі 5 млн. теңгеге дейін өседі. Қарыз алушыға берілетін сыйақы мөлшері 6%-дан аспайтын болады» деді Т.Дүйсенова.
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының аталған бағыты бойынша 11,5 мың жұмыс орны құрылмақшы. Әзірге жоба бойынша Атыраумен қатар, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстары бойынша 11 тірек ауылдық елді мекен белгіленген.
Қолға алынған бағдарлама жергілікті әкімдердің ыждағатты жұмысын қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жетекшісі облыс басшыларының жауапкершілігіне маңыз бере сөйледі. Министрлер кабинетінің мүшелері құжатты бірауыздан мақұлдады.
– Қаулы қабылданды. Біз аталған құжатты дайындауға айтарлықтай көп уақыт жұмсадық. 2009-2010 жылдардағы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының жақсы жерлерін алып, өзгерістер енгізіп, бұл бағдарламаны айтарлықтай өзгерттік. Енді бүгіннен бастап Еңбек министрлігіне бағдарламаны белсенді түрде іске асыруға кірісу қажет, – деді Премьер-министр С. Ахметов.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәселенің маңыздылығына тоқталды. Жаңа бағдарламаны жасақтау бағытында олқы тұстар да бар екендігін сөз етті.
– Биылғы бірінші жартыжылдықта облыста 732 адам жұмыстан босады. Жылдың екінші бөлігінде «Болашақ» пен «Қашаған» жобаларынан 5400 қызметкер қысқарады. Оның 1040-ы Атырау МӨЗ-не, 900-і Ескенедегі зауытқа, өзге де орындарға бағытталады десек те, бағдарлама бойынша Атыраудан ұсынылған сан неге аз? Мұның себебі неде?
Бұл сауалдарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы тұшымды жауап бере алмады. Сондықтан, аймақ басшысы мәселені қайтадан талқыдан өткізіп, таразыға салуды тапсырды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз