Жылан жылы қазақ халқы үшін құпияға, тосын өзгеріске толы болмақ — этнограф
Шығыс жылнамасына сәйкес 2025 жылдың иесі — жылан. Жылан — қазақ дәстүрінде ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы. Бұл туралы Kazinform тілшісіне этнограф-ғалым, фольклоршы Болат Бопайұлы айтып берді.
Этнографтың айтуынша, жылан — шығыс күнтізбесі бойынша жыл он екі мүшелге бөлінетін кезеңнің алтыншы жылы.
— Қазақ халқы көрген түсін де, бастаған ісін де жақсылыққа жориды. Мына кірген жылан жылын да ерекше балап, өмірін батына санап «Жақсы жыл», «Есен жыл», «Құт жыл» кірді деп жақсы тілек, ақ ниетпен қарсы алу керек. Бұл жыл құпияларға, тосын өзгерістерге, күрделі сынақтарға толы болып, ойлануды, ақылмен шешім қабылдауды талап етеді.
Сонымен қатар, ол 12 жыл бұрын болған оқиғалардың қайталануы мүмкін екенін тілге тиек етті.
— Қазақ халқы «Он екі жылда оқиға қайталанады» деп қарайды. Бұл — халық байқаған өмір заңдылығы, циклдік құбылыстар. Атап айтқанда, 1989 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанда ұлттың жаңа серпілісі байқалды. 2001 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасы қалыптасып, тұрақтылыққа бет алды. 2013 жыл — әлеуметтік жаңғырулар кезеңі болды, халықаралық аренада ел беделі арта түсті. Бұл цикл алдағы жылан жылы да тарихи өзгерістерге толы болатынын меңзейді, — дейді ғалым.
Сондай-ақ ол келер жылы қиындық пен мүмкіндік қатар жүретінін жеткізді. Айтуынша, халық осы жылы әр шешімді асықпай, байыппен қабылдауға тырысқан.
Иманын сақтап, ибасын ақтап, бас амандығын сұрап, берекелі бейбіт жүрген адамның бақ жұлдызы көтеріледі деп сенген.
— Жылан жылы көбінесе реформа, өзгерістер кезеңі ретінде танылған. Қиындықтар мен мүмкіндіктер қатар жүретін жыл. Қазақ халқы әр іске сабырмен қараған адамның мақсат-мұраты орындалады деп сенген, — деді этнограф.
Спикер жылан жылы интеллектуалды дамуға, білім мен ғылым саласына ерекше серпіліс беретінін жеткізді.
— Әр адам өзі шұғылданған мамандығы бойынша тырысып жұмыс істесе, бар ойлағаны жүзеге асады. Қаржылық, әлеуметтік мәселелерде үлкен жауапкершілік талап етеді. Ысырапшылдыққа қарсы тұрып, жоспармен қаржы жұмсаған адамға байлық пен бақ қатар оралады. Бұл жыл артық нәрселерден арылып, жаңа бастамалар жасауға тиімді кезең. Жаңашылдыққа ден қоюы керек. Көне дүниеден, ескі көзқарастан арылу арқылы, тың қадам жасаған адамның барлық ісі ілгері басады. Батыл қадамдар жасап, теріс энергияны оң энергияға айналдыра білген адам, өз мақсатына жетеді. Қазақ халқында жылан жылы «Жаратылыстың сынынан өтетін жыл» деп аталған, — деді ол.