ЖЫЛ МЕЦЕНАТТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайы іші бұл күні ерекше күйге еніп, көзтартар әдемі болып тұрды. Бірінен соң бірі келіп жатқан қонақтардың да жүзі жайдары, көңілдері көтеріңкі. Оларды облысымыздың бірінші басшысы атынан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтап, сөз сөйледі. Ол алдымен келе жатқан жаңа 2015 жылдың барша қазақстандыққа толағай табыс пен жағымды жақсылық әкелуіне өз тілектестігін білдірді.
— Еуропада меценат деп, ең алдымен, білім алуға қолдау көрсетушілерді атайды. Ал, біздің меценаттарымыз білім алушыны да, ауру-сырқаудан емделушіні де, көп балалы, жетім-жесір жандарды да, еңкейген қарияларды да қолдауда. Сол үшін оларға мың ал-ғыс айтамыз. Меценат ұғымы қазақ халқымен, қазақ қоғамымен біте қайнасып, бірге келеді.
Тек ақшасы бар бай адамдар ғана меценат болмайды, жаныңыздағы жабырқау көңілдегі кісіге ақыл-кеңеспен де, жылы сөзбен де қолдау көрсетуге болады. Осындай ішкі мәдениеті жоғары өздеріңізге ризашылығымды білдіремін! — деген Шыңғыс Жұмабекұлы «Жыл меценаты — 2014» мерекелік кешінің қадірлі қонақтарын марапаттау рәсіміне көшті. Олар — Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқарина, «ЖК Төремұратова С.Қ.» қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының директоры Сәлима Төремұратова, «Тілекші» ЖШС директоры Орынғали Ахметов, «Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығы БК ЖШС директоры Тамила Розметова, «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс Ерманов, «НефтеСтройСервисЛТД» ЖШС бас менеджері Ибрагим Ақ-драшев, «Раушан» шаруа қожалығының менеджері Райхан Рахатова, «Жылой-Демеу» қоғамдық қорының директоры Шынарбек Сәрсенбаев, «Ұлттық спорт түрлерінің Атырау облыстық клубы» КМҚК директоры Өнербек Жанбала, «Өмірзақ Сервис» ЖШС директоры Марат Өмірзақов.
Өзінің кәсібін дөңгелентумен бірге өзгелерге де көмек қолын созып жүрген Марат Өмірзақов жергілікті 750 маман-қызметкерге жұмыс ұсынып, отбасын асырауына себепші болуда. Сонымен қатар, Жылыой аудандық мүгедектер қоғамына, ауған соғысы ардагерлеріне, түрлі қорлар мен өнер ұжымдарына, спорт мектептері мен жалпы білім беретін мектептерге демеушілік көмек көрсетуде. Осындай игі істердің санатында қаржылай қолдау көрген жеке тұлғалар да баршылық.
«Жасыратыны жоқ, адал еңбегімнің арқасында талай марапат пен сыйлық алып келе жатырмын ғой, — дейді мырза жігіт бізбен арадағы әңгімеде. — Бірақ, бүгінгідей кештің жөні бөлек екен. «Жомарттың жолы болғыш, қоржыны алтынға толғыш» демекші, басымыз аман болса, біз әлі талай қайырымдылық көрсете береміз!»
Меценаттар балының көңілді өтуіне жергілікті әншілер – Қуандық Нұрманов, Мария Нұрманова, бишілер тобы көп еңбек сіңірсе, «Атамұра» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры төрайымы Ағиба Қатешова Атымтай жомарт жандардың қайырымдылық істерін көпке таныстырып, үлгі етті.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.