Жылу маусымына әзірлік – бүгіннен

ақпарат ағыны 1 Жаңалықтар

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамында болып, жылу беру маусымына әзірлігімен танысты. Нысанды аралау барысында өткен кезеңде атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы межелер мен жоспарлар да талқыланды. Сондай-ақ, облыс орталығы үшін маңызды мәселелер де қозғалды. Атап айтсақ, Балықшы елді мекенінің жылыту қазандығы орталық жүйеге қосылмақ. Қазірдің өзінде оған дайындық шаралары басталып та кетті.

ақпарат ағыны

Өңір басшысы алдымен арнайы цехта болды. Мұнда жылу қазандықтарына жіберілетін су құрамы анықталып, тұзсыздандырылады. Мамандардың сөзіне сенсек, Жайық суының тұздылығы 1 литрге 350 миллиграмм болады екен. Ал, ол темірді бірден бүлдіреді. Сондықтан, оның құрамын өзгерту үшін химиялық қоспалар қосылады. Демек, үйдегі жылыту батареяларындағы суды тұтынуға болмайды.

Жалпы, облыста жылу беру маусымына коммуналдық мекемелер бойынша күрделі жөндеу жұмыстары  басталады. Айталық, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-нда үш жылу қазандығы мен екі турбоагрегатты жөндеу жоспарда бар. Кәсіпорынның  IV кезектегі кеңейту бағдарламасы да кезең-кезеңмен жүзеге асып, сәтті орындалып келеді. Жаңғырту жұмыстары жемісін беруде. Компания-да бұрын-соңды болмаған заманауи техникалар іске қосылды. Соның арқасында бүгінде барлығы дерлік автоматты жүйеде басқарылады.

ақпарат ағыны4

Аталған мекемеде 1200-ге тарта қызметкер еңбек етеді. Кәсіпорынның жылу беру қуаттылығы – сағатына 700 гкал. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев цехтарды аралау кезінде қызметкерлердің тыныс-тіршілігі мен кәсібилігіне ерекше назар аударды.

Жасыратыны жоқ, бұрын қыс мезгілі басталысымен Балықшы ықшамауданында жылу жайы күрмеулі мәселеге айналатын. Шаһар басшысы Серік Жамбылұлының сөзіне қарағанда, күні бүгінде аталған мөлтекаудан тұрғындарының коммуналдық мекемелерге қарызы тым көп. Мәселен, газға – 62, электр жарығына – 17, суға – 13 млн. теңге, барлығы 92 млн.теңге көлемінде бережақ бар екен. Оның үстіне, жылу жүйесіндегі суды заңсыз түрде алып, көптеген қиындық туғызып отырған көрінеді. Қордаланған проблеманы шешу мақсатында елді мекеннің жылу желісі орталық жүйеге қосылмақшы. Демек, енді қызмет көрсету жайы жақсармақ. Тиісінше, тұрғындардан талап та өзгеше болады.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз