Жүз жасқа жақындаған ақсақалдың айтары көп…
Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Атырау өңірі – өмірін елінің болашағына арнаған мақтан тұтар азаматтарға бай өлке. Міне, сондай айтулы тұлғалардың бірі – Айдын Айбаров.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының және Атырау қаласының Құрметті азаматы Айдын Аққалиұлы – көзі тірі атыраулық майдангерлердің арасындағы жасы үлкен ақсақалы, елінің ардақтысы. Ғибратты ғұмыр иесінің жастарға берер өмірлік тәжірибесі, өнеге-тәлімі мол. Ол облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, Петровский атындағы машина жасау және химия зауыттарында, қалалық партия комитетінде хатшылық қызметтерді атқарған кезінде аймақтың әлеуметтік- экономикалық дамуына, өндірістің өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Майданда ұшқыш болып, талай мәрте жауынгерлік тапсырмаларды табандылықпен орындап, ерлік көрсеткен ол биыл күзде тоқсан тоғыз жастың төріне шыққалы отыр. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, ортамызда есен-сау жүрген абыз ақсақалдың өскелең ұрпаққа айтар өнегелі әңгімесі де, қалдырар өсиеті де аз емес.
К е й і п к е р і м і з 1 9 4 0 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті (сол кездері ол қаладағы қазақ тілінде оқытатын бір ғана білім ордасы еді) бітіріп, тамыз айында Ақтөбедегі ұшқыштар дайындайтын бастауыш мектепке түсіп, 1941 жылдың мамырында оны 40 курсант бітіріп шығады. Көп ұзамай соғыс басталып, Орынбор (бұрынғы Чкалов) қаласына, кейіннен Молотовқа (қазіргі Пермь) ұшқыштар училищесіне жіберіледі. 1944 жылы осы училищені бітіргендердің ішінен он адам Пружаны қаласына – Балтық теңізі жағалауына аттанады.
Айт у ынша , б ұ л а р ғ а жүктелген негізгі міндет – көкке көтеріліп, жаудың бомбалап кеткен жерлерін зерттеу. Оның үстіне, ұшқыштар соңғы үлгідегі қарумен жарақтандырылған. Сол себепті, әр қадамды сақтықпен жасауға тура келетін. Әрине, өмір мен өлім таразы басына түскен сол бір сәттерде ағамыздың қанды көйлек майдандас жолдастарымен бірге жасаған ерліктері де жеткілікті. Алайда, ол жайында көп әңгімелеп, мақтаныш қылып айта бермейді.
Жеңіс таңы атып, жер бетіне бейбіт күн орнағалы бері де бұл кісінің ерлікке пара-пар еңбек етіп, еліне адал қызмет атқарғанынан, абыройлы, беделді, сыйлы болғанынан хабарлымыз. Жауапты қызметтердің тізгінінде жүріп, талай игі істерді тындырды, жаны жаңалық атаулыға жақын, жақсы бастамаларға жанашыр, ұйытқы болып, ұйымдастыра білді. Басшы болғанына қарамастан, қарапайым халықпен тіл табысып, мұң-мұқтажына құлақ асты. Қиналғанға қолұшын беріп көмектесті, керек жерінде ақыл-кеңесін де аямады. Осындай адами, азаматтық қасиеттерімен көпке жақты, елдің ағасы атанды.
«Облыстық партия коми- тетінің бірінші хатшысы Сейітжан Полымбетовтың көмекшісі болып жүрген кезімде ол кісінің бойындағы жоғары адамгершілік, жоғары азаматтық қасиет- қырларын байқадым. Басшы- қосшылар бас қосатын жиындарға, қонақтықтарға қасынан қалдырмай, үнемі ілестіріп жүретін.
«Есіңде болсын, қашанда басшының мәртебесін асыратын, еңбегін бағалайтын – халық. Сондықтан, халыққа жақын болып, оларға өзіңмен тең дәрежеде қарау керек», — деп ылғи ақылын айтып отырушы еді.
Сондай-ақ, кейін оның орнына келген Нұртас Оңдасынов ағамыз да кең пейілді, ашық-жарқын, үлкен жүректі азамат болатын. Ол кісінің де мына бір айтқаны жадымда қалыпты: «Адам баласы ешқашан біреудің күші мен беделіне сенбегені абзал. Әркез өз күшіңе сенуің керек». Содан бері арада қаншама жылдар өтсе де, ағалардың айтқан сөздері күні бүгінгідей есімде. Осы екі ағамның жанында жүріп бүкіл өміріме жетерлік өнеге- үлгі алдым» деп жалғастырды әңгімесін ағамыз.
Міне, сол алдыңғы толқыннан кейінгі буынға ұласқан ұрпақтар сабақтастығының алтын тінін Айдын Аққалиұлы сынды абзал ағаларымыз лайықты жалғастырып келеді. Бүгінде өзі елге ақыл айтар абыз ақсақал, батагөй қарттардың қатарынан орын алды. Егемен елдің, тәуелсіз мемлекеттің бағындырған биіктері мен алған асуларын көріп, куәсі болды. Өзі де оның баянды,ғұмырлы болуына атсалысып, үлесін қосты. Еңбек жылнамасына көз салсақ, Айдын ағамыз 1948 жылы сол кездегі облыстық «Социалистік құрылыс», қазіргі «Атырау» газетінде кіші әдеби қызметкер болып та жұмыс жасаған.
Шайқаста шыңдалып, комсомол, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, тұлға ретінде сомдалған ол өмірлік серігі Ажар апаймен бірге көтерген, бірлігі жарасқан, берекелі шаңырақтың иесі, ұлағатты ұл мен қыз тәрбиеленген өнегелі отбасының отағасы, ардақты әке, немере-жиен, шөберелерінің асыл атасы болып, мәуелі бәйтеректей жапырағы жайылған үлкен бір әулеттің тірегіне айналды.
Айдын Аққалиұлының майдандағы ерлігі мен еліне арнаған еңбегі атаусыз қалмай, лайықты бағаланды. Соның куәсіндей, кеудесіне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мәрте мерейтойлық, «Жеңіске қосқан үлесі үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.Ф.Жуков атындағы медалдарды, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерін, басқа да мемлекеттік марапаттарды тақты. Қашан да қиындыққа қаймықпай, парасат-пайымымен, азаматтық асуларымен қияларға самғаған қыран таймас тұғырында, өз биігінде.
Дәулетқали АРУЕВ