Журналистер тарихтан сыр шертті
Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша 9 республикалық пән олимпиадасы басталды. Бұл білім бәсекесіне 13 жоғары оқу орнынан 39 студент қатысып, бақ сынауда.
Олимпиадаға қатысушылар алғашқы күні университеттің «Археологиялық және этнография», «Елбасы және тәуелсіз қазақстан» көрме залдарымен танысып, «физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жұмыстарына да куә болды. Сондай-ақ, қатысушылар болашақты бағамдаған Қорқыт ата университетінің мұражайын тамашалады.
Тарихи мұражай 1997 жылы университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Мұражайдың негізгі қорында 208 экспонат болса, көмекші қорда 729 экспонат жинақталған. Сонымен қатар, университеттің 1941-1945 соғыс жылдарындағы кезеңдегі қызметі туралы деректер, тарихи фотосуреттер, заттай экспонаттар, құжаттар сақталуда. Соғыс жылдары Қызылорда қаласында Киев және Харьков университеттерінің филиалы ашылуына байланысты Біріккен Украина мемлекеттік университетінің ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаның фотосуреті, 1948 жылы педагогикалық институттың жанынан бастауыш және орталау мектептер үшін кадрлар даярлайтын екіжылдық мұғалімдер мектебінің ашылуы көрсетілген. Университеттің этнографиялық мұражайы оқу-тәрбие процесінде маңызды роль атқарады. Мұражайда қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрін айқындайтын өткен ғасырдың айшықтары сақталуда.
Ал, байқаудың алғашқы турында олимпиада қатысушылары өздерін толықтай таныстырып өтсе, келесі бөлімде ой жүйріктері мен сөз дүлділдерін анықтау мақсатында берілген тақырыптар бойынша эссе жазды. Одан әрі қатысушылар университетің жас ақындары Марат Дауылбай мен Бақытбек Сұлтан Бейбарыс Алматұлының «Жүректегі жауһар жырлар» атты шығармашылық кешіне қатысып, өлеңмен сусындады. Кейін студенттерге Қызылорда өлкесін таныстыру мақсатында қаланың көрікті жерлерін аралатты. Ал бүгін байқауға қатысушылар біліктілік пен білімділікті шыңдау мақсатында тест тапсырып, журналист үшін шапшаңдық пен жылдамдықты талап ететін «Жедел ақпарат» бөліміне өтті. Үміт пен қорқыныш, толқу мен тербеліс ке ұштасатын сайыстың жабылу рәсімі Мұстафа Шоқайтану орталығында өтеді.
Айнұр Есенғали, SDU қатысушы:
-Мен бұл сайыстан алдымен, әділдікті күтемін. Қатысушы студенттердің барлығы да алғыр, көздерінен от ұшқындап тұр. Қызылорда өңірінде болып жатқан олимпиада жоғарғы деңгейде өтуде. Осындай сайыстар арқылы біз өзімізге жаңа достар таптық. Барлық қатысушыларға сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілеймін!