ЖУРНАЛИСТЕР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Кеше Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналған төртінші билік өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады.

– Журналистика саласын бір адамдай білемін. Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын, өте күрделі сала. Қазір журналист болып қызмет етудің өзі қиын. Әлеуметтік желілер алқымнан алып, оқырманның барлығын телефонға телміртіп қойды. Осы жағдайды ескеріп, қазіргі журналистиканың жолын басқа арнаға бұру мақсатында биыл журналистерге арналған тренинг өткізуді қолға алдық. Оған еліміздегі аталған саланың жаңа бағыттарын меңгерген тренерлер сабақ беруде. Сондай-ақ, билік пен халық арасындағы байланыс одан сайын тығыз бола түссін деген ниетпен орталық коммуникациялар жүйесі «Атырау-Ақпарат» ЖШС базасында ашылды. Т.Амандосов атындағы сыйлықтың жүлде қоры бірнеше есе өсіп қана қойған жоқ, соған қоса, жылда дәстүрлі әр түрлі мерекелерге орай журналистер арасында байқау жариялай бастадық. Биыл бұл байқау Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекелерімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Бауыржан Нұрғалиев, Лаура Сүлейменова, Мая Жұмаханова, Динара Қанбетова, Қанат Ғұмаров, Өнербек Жаңабаев, Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов, Базаргүл Ізімовалар болды.

Шара барысында екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Т.Амандосов атындағы сыйлыққа биыл 25 үміткерден материалдар түсіп, конкурстық комиссияның іріктеуінен өткен төрт журналистің жұмысы үздік деп танылды. Олар: Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантурлин, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Ләззат Сәлімова, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының аға редакторы және режиссері Слухия Әбжатырова мен Ботагөз Қарабалаева.  

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай журналистер арасында ұйымдастырылған конкурстың жеңімпаздары да осы кеш барысында белгілі болды. Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов шығармалары үздік деп танылған журналистерге марапаттарын тарту етті. «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов жүлделі І орынды жеңіп алcа, ІІ орынды ардагер журналистер Любовь Монастырская мен Өтепберген Әлімгереев еншіледі. Ал, ІІІ орынды  Балауса Халелова, Құттыгерей Смадияр, Мұрат Бекенов иеленсе, Тұрсын Қалимова, Батырбек Шеркешбаев және Айдар Сабыров ынталандыру сыйлығына қол жеткізді.

***

Осыдан бірнеше ай бұрын «Шаңырақ – 2008» қоғамдық бірлестігі гендерлік саясат туралы жазып, оны халық арасында насихаттап жүрген журналистер арасында конкурс ұйымдастырды. Нәтижесінде, екі облыстық газет – «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» газеттерінің тілшілері – Гүлжан Елешева, Анжела Ли, Рита Өтеуғали, Баян Жанұзақова, Малика Қуанышевалар жүлделі екінші және үшінші орындарды иемденсе, жүлделі бірінші орын «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Надежда Шильманға бұйырды.

Жүлдегер журналистердің бәрі де облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның қолынан Мақтау грамотасы мен естелік сыйлықтар алды. 

***

Сол күні салтанатты жиын «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында да жалғасын тапты. «Атырау-Ақпарат» ЖШС-інің директоры Төлеген Берішбай  еңбектегі үздік көрсеткіштерімен, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен танылған бір топ қызметкерге  өзінің атынан жазылған Алғыс хаттарды табыстады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз