Жарнама
Жаңалықтар

Жұмыстың басы бар, аяғы жоқ

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала басшыларымен бірге Атырау қаласының жол сапасын тексерді. Кейін осы мәселені талқылауға арналған әкімдік отырысын өткізді.

Қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаевтың айтуынша, биыл қаладағы 22,1 шақырым жол қайта жаңғыртылады. Олар: Қожақаев, Елорда, Қабдолов көшелері, Датов–Қабдолов көшесінің аралығы мен Атырау–Астрахан тасжолының қаладағы бөлігі.

img 20240307 wa0116

– Оған қоса, Сәтпаев, Азаттық, Махамбет көшелерінің және Молдағұлова көшесінің қалған бөлігіндегі жалпы ұзындығы 8,1 шақырымды құрайтын автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттар дайындалуда. Маусымда ведомстволық сараптамаға жолдап, жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл 15,2 шақырымды қамтитын жол құрылысын бастау жоспарланған. Жаңа жол Самал, Өркен, Береке, Атырау шағынаудандарына (10 шақырым), Махамбет–Датов көшелерінің аралығына (2.4 шақырым) және Бейбарыс даңғылы мен Атырау–Астрахан тасжолы аралығына (2,8 шақырым) төселмек, – деді С.Нысанбаев.

Серік Шәпкенов жауапты басшыларға жол жөндеу, салу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстары бойынша нақты жоспар құрып, іске асыру және аяқтау уақыты туралы тұрғындарға кеңінен ақпараттандыруды тапсырды. Бұл іс-шараларды жауапты басшылар жіті назарға алу керектігін айтты.

img 20240307 wa0119

– Біздің қала әкімдігімен бірлескен жол жөндеу, салу жұмыстары туралы жоспарымыз бар. Соған сәйкес тұрғындарға алдымен қаланың шет жағындағы елдімекендердің жолын салып, кейін орталық көшелерді жөндеуге кірісеміз деп ескерттік. Қазіргі таңда қаланың негізгі көшелерінің жағдайы көңіл көншітпейді. Жасалып жатқан жұмыстың басы бар, аяғы жоқ. Жол құрылысы, қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүруі шарт. Бірақ біз ол туралы халыққа дұрыс ақпарат бере алмай отырмыз. Қай жолдың қашан салынып, қалай жөнделетінін, қай уақытта аяқталатыны туралы халыққа айтып, түсінік жұмыстарын күшейту керек, – деді С.Шәпкенов.

Жиынның қорытындысында аймақ басшысы әр жолдың жарамдылық мерзімі барын қаперге бере отырып, құрылыс жұмыстарын сапасыз атқарған мердігерлермен келісімшартты үзуді тапсырды. Кейін жауапты сала басшыларына атқарылып жатқан істердің жүру барысын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Өз тілшіміз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button