ҚАЗАҚСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ

Атырауда бұрғылау қондырғысы құрастырылды

Осы айтулы оқиғаға байланысты ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұндай толайым табыстың Индустрияландыру картасы аясында мүмкін болғандығын айтты. Бүгінде оның бастапқы бесжылдығы мәреге жетті. Соның нәтижесінде Атырауда жалпы құны 76 млрд. теңгелік іргелі жобалар жүзеге асырылды. Енді басталған екінші бесжылдық шеңберінде де біраз шаруа жоспарланған.

 

Мұнай-газ саласын жетік білетін Бақтықожа Салахатдинұлының айтуынша, облыста келешегінен үлкен үміт күттіретін бірнеше көмірсутегі шикізаты қоры жинақталған алаңдар бар. Болашақта перспективалы кеніштердің ашылуы күтілуде. Оның үстіне, тұзасты қабаттарын қазуға батыл бетбұрыс жасалды. Ендеше, осындай қуатты бұрғылау қондырғылары қажет-ақ.

Бұған дейін аса үлкен терең-діктер шетелдік қондырғылардың күшімен қазылып келген-ді. Енді, мамандардың тұжырымдауынша, «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-і шығарған өнім олардан еш кем емес. Тіпті, кейбір көрсеткіштері бойынша артықшылықтарға да ие. Әрі сырттан алынатын қондырғылармен салыстырғанда бағасы 30 пайызға арзан.

Жалпы құны 3,5 млрд. теңгеден астам жобаның сәтті мәреге жетуіне ағылшындық «Дискавери Дриллинг Эквипмент Лимитед» компаниясы сүбелі үлес қосыпты. Сайып келгенде, жобадағы қазақстандық мазмұн 35 пайызды құраса, қалғаны инвесторлардың үлесінде. Сондықтан, аймақ басшысы елімізде осындай қуатты тұңғыш бұрғылау қондырғысын құрастыруға атсалысқан шетелдік әріптестерге де разылығын білдірді.

Шараға қатысқан Удмурд Республикасы Үкіметінің басшысы Виктор Савельев қазақстандықтардың толағай табысына таңданысын жасырмай, жаңа жетістіктер тіледі. Бүгінде осы елдің 14 компаниясы Атыраудағы аймақтық мұнай-газ көрмесіне қатысуда.

«ЖігерМұнайСервис» ЖШС-нің директоры Асхат Дүйсәлиев осы жобаны сәтті жүзеге асыруда облыстық әкімдіктің де, инвесторлардың да, тапсырыс берушінің де көмегі болғандығын айтады. Әсіресе, кейбір түйткілді проблемалар туындағанда шұғыл шешуге жәрдемдескен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, аймақ басшысының жеке өзіне алғысын айтты. Ал, әңгіме арасында біздің білгеніміз – мұндай отандық қондырғыға сұраныстың артып отырғандығы. Қазірдің өзінде бірнеше тапсырыс түсе бастаған. Демек, қазақстандық өнім шетелдіктермен салыстырғанда бағасы жөнінен де, қуаттылығы жағынан да көңілден шығып тұр.

Ал, мына дайын тұрған қондырғыны кім бірінші болып пайдаланады? Оны «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалап та үлгеріпті. Оның директоры Мақсот Мәмбетовтің айтуынша, таяу уақытта жаңа қондырғы Батыс Қазақстан облысындағы кеніштердің біріне жол тартып, сондағы жобалық тереңдігі 6500 метрлік нысанға бұрғы салады.

Жалпы, сонау жылдары 6-7 шақырымдық ұңғымалар әдетте үш-төрт жыл қазылатын. Ал, мына қондырғымен бұл межені бірнеше айда бағындыруға болады. Оның үстіне, «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-і дайындаған жаңа қашаулар ауыстырылмастан 3000 метрлік тереңдікті еркін алады. Қазір мұнда осындай қашаулардың тоғыз түрі шығарылады. Сағатына жиырма метрге дейін шапшаңдықпен қазатын олардың өнімділігі жоғары бағалануда. Келешекте жылына 450-500 сапалы қашау даярлау жоспарланған. Бір қуанарлығы – бұл жобадағы қазақстандық үлестің 85 пайызға жетуі. Міне, Индустрияландыру картасының тағы бір жемісі осы.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз