Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жұмыссыздықты азайтудың амалы

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесте халықты жұмыспен қамтуға ерекше маңыз берілді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Болашақта кеңею» жобасы аяқталған кезде алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайды. Оның 31 мыңын облыс әкімдігі еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр.  Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариевамен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Атырау облысы халқының өмір сүру жағдайы, тыныс-тіршілігі, жалпы күнелтісі өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жақсы деп бағалауға болады. Содан да шығар, Орта Азия елдерінен келетін жұмыс күшін айтпағанда аймаққа елдің өзге өңірлерінен келушілер де көп. Бұл жөнінде мемлекет басшысының өзі атап өткені белгілі. Алқалы жиында Атырау облысындағы орташа жалақы 358 мың теңгені құрайтыны, мұның республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары екені баяндалды. Өңірде жүзеге асырылып жатқан Болашақта кеңею жобасы аяқтала келді. Мұнда жұмыс жасап келген адамдардың ертеңі не болады?

– Иә, бұл рас. Өңір жетекшісі 31 мың еңбеккерді жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғаны туралы айтқанда, мемлекет басшысы бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін, Үкіметке тиісті шара қабылдау керектігін, осы мәселені әлде де пысықтауды тапсырды.

Облыста жұмыссыздықты барынша азайту, болдырмау тұрғысында бірқатар шаралар қолға алынып, жолға қойылып жатыр. 

2023 жылы Болашақ кеңейту жобасы құрылысының аяқталуына байланысты алдағы 3 жылда («Теңізшевройл» компаниясының болжамы бойынша) шамамен 55-60 мың адам жұмыстан босатылмақ (2021 ж. – 20 800 адам, 2022 ж. – 29 200 адам, 2023 ж. – 5 100 адам). Атырау облысының әкімдігі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде («Еңбек», «ЖҚЖК», «МИИДБ», «БЖК», «ӨДБ» және т.б.) жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, облыстық әкімдік 2021-2023 жылдары іске асыруды жоспарлаған жобалар шеңберінде шамамен 8,2 мыңға жуық қазақстандық кадрларды жұмыспен қамту мәселесін пысықтап жатыр (2021 ж. – 2,8 мың адам, 2022 ж. – 3,6 мың адам, 2023 ж. – 1,8 мың адам).

– Жаңа, тың жобалар бар ма?    

– Жоғарыда аталған шаралар биыл шамамен 16 мың адамды, келесі жылы 15 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, батыс өңірлерінде мұнайхимиясы саласының дамуы облыста 2021-2027 жылдар аралығында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Олар:

– Полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газхимиялық кешенінің құрылысы жобасының 2-кезеңі (құрылыс кезеңінде шамамен 8 мың адамды тарту жоспарланған);

– Қашаған кен орнында «Газды қайта өңдеу зауытының» құрылысы (құрылыс кезеңінде шамамен 2,8 мың адамды тарту жоспарланған);

– Бутадиен өндіру жобасы (құрылыс кезеңінде шамамен 2 мың адамды тарту жоспарланған);

– Полиэтилентерефталата және тазартылған терефтал қышқылы өндірісі (құрылыс кезеңінде шамамен 1,1 мың адамды тарту жоспарланған).

Аталған шаралар жобалардан босатылатын еңбеккерлерді жұмыспен қамтамасыз етуді және азаматтарды мейлінше жұмыстан қысқартпауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Сұхбатты жүргізген

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button