Жүгінгендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді
«Қайғылы қаңтар» ТЖ кезеңінде медициналық ұйымға зардап шеккен 2740 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 1843-сі амбулаториялық көмек алды, 897-і ауруханаға жатқызылды, 188 адам реанимациялық бөлімшелерде болды, 891 науқас шығарылды. Денсаулық сақтау жүйесінің медициналық ұйымдарында қайтыс болғандар саны 177 адам. Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин осындай мәліметтерді келтіріп өтті.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда стационарларда 6 адам емделуде: Алматы және Қызылорда қалаларында 3 пациенттен. Оның 1-і ауыр халде Қызылорда қаласының жансақтау бөлімінде жатыр.
«Алматы қаласында оқ жарақатынан 2 бала қаза тапты, 7 бала түрлі оқ жарақатымен стационарға жатқызылды, 4 кәмелетке толмаған пациент Алматы қаласында, 2-і Алматы облысында және 1-і Жамбыл облысында. 1 жүкті әйел Алматы облысында газ шашудан зардап шекті», — деді спикер.
Жалпы осы кезеңде 20 денсаулық сақтау объектісіне, оның ішінде 5 стационарға, бір емханаға, 14 дәріханаға шабуыл жасалды. 7 медицина қызметкері зардап шекті. 46 жедел медициналық жәрдем көлігі зақымдалған, 4 автомобиль жөндеуге жатпайды.
«Төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласынан Алматы қаласының Республикалық қан орталығына 360 доза қан жеткізілді. ІІМ-мен бірлесіп Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы «СК-Фармация» ірі қоймаларында тәулік бойы дәрілік заттарды қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Бұл қоймаларда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің барлық дәрі-дәрмегі, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттар сақталады. «Жедел желілер» ұйымдастырылды, 4 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Психологтар сол кезеңде болған жағымсыз құбылыстарды азайту бағытында жұмыс істеді. Қиын кезеңге қарамастан, медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеді. Кім көмек сұраса да, ол толық көлемде көрсетілді», — деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.