Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жорықтың жайын жауынгер біледі

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Өз басым осы бір жасы тоқсаннан асса да еңсесін тік ұстап, жас жігіттей сергек жүретін қартты ерекше сыйлаймын, құрмет тұтамын.

Өйткені, сұрапыл соғыс сойқанын да көзімен көрген, еңбек майданында да елеулі ізі қалған, ғұмырының шаттықты күндерінде тасымаған, тағдырдың басқа салған қасіретіне де жасымаған мұндай жандар тым сирек кездеседі. Оның үстіне рухани жан-дүниесі бай, айналасындағы әр құбылысқа өзіндік ой қоса алатындай пайымпарасатының биіктігіне де тәнті боласың. Бұл – менің өзім қырық жылдан бері білетін Орынғали аға Қарасаев хақында көңілге түйгендерім.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаевтың кітабын оқығандағы ой

Б ұ р ы н д а г а з е т т е жарияланған түрлі жанрдағы жазбаларыма пікірін айтып, өзі де көкейдегі көрікті ойларын қағазға түсіріп жүретін майдангер аға туралы әңгімелегенде оның соңғы кездегі үлкен бір зерттеу еңбегі хақында ой толғағанды жөн көрдім. Соғыс ардагері Орынғали Қарасаевтың « Қ А З А Қ С Т А Н Д Ы Қ 312-АТҚЫШТАР ДИВИЗИЯСЫ. Ерлер есімі ұмытылмасын» деген кітабы – шынында да, ауыз толтырып айтуға тұрарлық туынды. Орынғали ағаның осы еңбекті жазу кезінде түрлі мұрағаттық деректерді талмай іздестіргенін, маршал Г.К.Жуковтың әскери мемуарларын, 312-дивизияның командирі болған генерал А.К.Наумовтың және басқа да әскербасыларының естеліктерін сүзіп оқып, терең талдағанын, өзінің алға қойған мақсатына жету үшін талай таңды үстел басында қағаз қопарумен өткізгенін атап айтқанымыз ләзім. Тоқсанның төріндегі қарияның бұл жанкешті еңбегі өз жемісін берді.

«Жұбайым Дәметияның ағасы 312-атқыштар дивизиясының 1081-полкі, 7 — р о т а с ы н ы ң жауынгері, 1941 жылы із-түзсіз жоғалғандардың бірі – Құсалиев Елемес еді. Өмір жолының үзілген себептерін анықтау мақсатында осы кітапты жазуға бел будым…» деп өзі жазғанындай, Орекеңнің ең үлкен жетістігі – сол туған қайынағасының дерегін анықтау арқылы бүкіл бір дивизияның 208 жауынгерінің есімдерін және олар туралы нақты мәліметтерді жарыққа шығарғандығы. Бұл «соғыста хабарсыз кетті» делініп келген сол боздақтардың туғантуыстары, ұрпақтары үшін қандай құнды хабар екендігі айтпаса да белгілі.

Автор кітабында 3 1 2 — а т қ ы ш т а р дивизиясының қалай жасақталғандығы, қай майдандарда ұрыс жүргізгендігі, оның шайқастарының м ә н — м а ң ы з ы хақында мұрағаттық мәліметтермен, ресми құжаттармен және сол дивизияның жауынгері Елемес Құсалиевтың ауылға жолдаған хаттары арқылы жан-жақты аша білген. Осы бір ғана дивизия боздақтарының тағдыры бізге Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегендігін, қаншама адам айтқысыз ауыртпалықтармен, өлшеусіз құрбандықтармен келгендігін айқын баяндап тұрғандай. Зерттеудің негізгі объектісі, әрі кітаптың басты кейіпкері Елеместің бар-жоғы 26 жыл ғұмырында қандай адам болғандығы да айна-қатесіз көз алдымызға келеді. Ол – сауатты, орысшаға да жетік, еңбекте озат, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысқан жігіт.

«Елемес Гребенщик селосында бастауыш мектепті бітірген соң, Бақсай ауданына қарайтын Сарайшық селосында колхоз жастарының мектебіне оқуға түседі. Ата-анасының тұрмысының ауырлығына байланысты Елемес оқуын тастап, егіс жұмыстарына араласады. 1929 жылы комсомол қатарына қабылданады» деп жазады Орекең. 1934 жылдың басында 19 жасар Елемес Қосалиев Гребенщик ауылдық кеңесінің хатшысы, ал бір жылдан кейін «Красин» колхозы комсомол ұйымының хатшысы болып сайланған. Көзі ашық, көкірегі ояу жас жігіт 1938 жылы «Красин» колхозының басқарма төрағасы, 1940 жылдан соғысқа аттанғанға дейін Есбол ауданы, Гребенщик селолық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарыпты.

Кітапта Елеместің соғысқа дейінгі қысқа да, нұсқа өмірі өте қызықты да, нақты деректермен (өзінің жеке құжаттары, өмірбаяны, достарымен жазысқан хаттары, т.б.) тартымды баяндалады. Яғни, сол кездегі жас басшының қалай ойлайтындығы, мейлінше адалдығы, ел мүддесі жолында жан аямай еңбек еткендігі кейінгі буынға өнеге боларлықтай. Ең қызықты бір дерек – Елеместің «Прикаспийская коммуна» газетіне тұрақты түрде мақала жолдап, ауыл-село тілшісі болғандығы. Газет қызметкері Дмитрий Шамин екеуі өзара хат жазысып, ой-пікір бөлісіп отырған. «Елеместен бір емес, екі мақала алғаныма өте қуаныштымын, — деп жазыпты Д.Шамин.

– Елемес жақсы фактілерді келтіріпті. Жақында газеттен оқимыз…» немесе «Не туралы және қалай жазу жөнінде сұрауың аз емес еді. Міне, тамаша жазыпсың! Мен саған «Испулаев» деген псевдоним ойлап қойдым. Газеттен осы авторды іздейсің. Елемес, енді егін жинау жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы жақсы фактілерді – пішен шабу ісін және шөп жинайтын тракторлар босқа тұрып қалмауын, орылған шөптің құрғап кетпеуін жазарсың, Қысқасы, бәрін де жазуға болады» деген сарғайған хаттарды (мұның бәрінің де түпнұсқа көшірмелері кітапқа енгізілген – И.Б.) осы күнге дейін қалай мұқият жинаған деп таңғаласың. Әрине, бұл істе ағасы соғысқа кеткенде он жаста болған, Орынғали ағаның өмірлік жары Дәметия апаның ұқыптылығы ерекше рөл атқарғандығын айта кеткен орынды.

Газетке мақала жазу Елеместі журналист Дмитриймен өте жақын дос етті. Олар етене араласты, Елемес Дмитрийдің жұбайы Настяны да жақсы таныды. Г.Шамин оған 1941 жылдың 12 мамырында жазған хатында былай деген екен: «Елемес, дала керемет шығар, Гребенщиковтың таза ауасын қомағайлана жұтып демалар ма еді. Айырмен, шанышқымен сазан аулайтын шығарсыңдар. Жайықты мен күнде көріп жүрмін. Көпірмен 3-4 рет былай да былай жүремін, бірақ Гребенщиковтегі өзен суындай емес. Онда ағыс жылдамырақ сияқты…»

Міне, Елеместің соғысқа дейінгі өмірі осылайша жігерлі де мәнді, қызықты да сәнді өтті. Орынғали Мусаұлы одан әрі Елеместің майданнан жазған хаттары, мұрағаттық құжаттар арқылы 312-атқыштар дивизиясының Қазақстанда, соның ішінде Ақтөбеде жасақталғандығын, тіпті 11296 жауынгерден тұратын штаттық кестесіне дейін іздеп тапқан. Дивизияның командирі А.Наумов, штаб бастығы Нетесов, 1081-атқыштар полкінің командирі К.Анрусенко, 859-артиллериялық полктің командирі Волошин, саперлік батальон командирі Путенков және басқалар туралы да көптеген өмірбаяндық деректерді келтіріпті. Дивизияның жорық жолдарымен Новгород түбіндегі, Борок, Заречье, одан әрі Демьянскіде, Ильмен көлінің оңтүстік-батысында, Старая Руссадағы ұрыстарды бастан кешкендігі де нақты мәліметтермен оқырманына жетіп отыр.

Жалпы, аталмыш дивизияның шешуші шайқастарда болғандығына Жоғарғы Бас Қолбасшының №331 Жарлығымен 1941 жылдың 5 қазанында 316, 312- атқыштар дивизияларының Волоколамск және Наро-Фоминск аймағына жіберілгендігі де айқын дәлел бола алады. Дивизияның қиянкескі, жойқын ұрыстары туралы 1941 жылдың 19 қазанында 43-армияның қолбасшысы, генерал-майор К.Голубевтың Батыс майданының қолбасшысы Г.К.Жуковқа жазған мына хатынан да айқын аңғаруға болады: «312-атқыштар дивизиясы 1079-полкімен байланыс жоқ, бұйрыққа сәйкес түнде шегінген шығар. 1081-атқыштар полкіне бұйрық жеткізілген, бірақ қарсыластардан құтылар емес. Жау күштері полк үстімен қорғаныс шебіне тереңдей кірді. Таңға дейін 1081 полкінен бір рота ғана қалды…»

Ал, «1941 жылдың 29 қазанында кешке қарай 312-атқыштар дивизиясынан ешкім де қалған жоқ» деген де мәлімет бар (Красильников И.А., Сорок третья армия в 1941 году. – Подольск: Информация, 2007). Майдан даласында қынадай қырылған боздақтардың бірі – Елемес Қосалиевтың қайда жерленгендігі де әлі күнге белгісіз. Әлде сол бір алмағайып кезеңде жерлеп, белгі қоюға мүмкіндік болмады ма дейсің.

Қалай десек те, мына кітап – тек Елемеске ғана емес, оның жорық жолын зерттеу арқылы есімдері анықталып отырған 208 жауынгерге де сомдалып соғылған керемет ескерткіш. Орынғали ағаның бір шүкіршілік ететіні – Елеместің қос қарындасы Сағида мен Дәметиядан өрбіген немере-шөберелерінің бәрі де елге елеулі, халқына қалаулы азаматтар болғандығы. Соның ішінде Орынғали ағаның жүрегіндегі жазылмайтын жара – Атырау аймағы медицина саласына ерен еңбек сіңірген, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қыздардан шыққан бірден-бір басшысы болған Әлиядай елі емірене еске алатын аяулы қызының қапияда өмірден өткендігі ғана.

Тағы бір айта кететін жайт, кітапта Елеместің әкесі Қосалының жалғыз інісі Елемес Ахметовтың жылқышы болғандығы, 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанғандығы туралы да мәлімет бар екен. Ендеше, бұл әулетті ел үшін тер төккен, жан берген текті әулет деуге де толық негіз бар.

P.S.

Орынғали Қарасаевтың кітабын оқып шыққанда бұрыннан да адами тұлғасына, кісілігі мен кішіпейілдігіне ерекше басымды иетін мен оның тағы бір жаңа қырын танығандай болған едім. Бұл – абыз ағаның еңбекқорлығы мен ізденгіштігі. Осылай күш-қайрат жұмсап, көз майын тауысып еңбек ету көп жас жігіттеріңіздің де қолынан келмес.

Әркім – өзіне-өзі патша: осылай сезініп, осылай қимылдағанға не жетсін! Бәрімізге үлгі-өнеге танытып, деніңіз сау, көңіліңіз шат болып, ортамызда жүре беріңіз, ардақты Орынғали аға! Өзіңіз елеулі үлес қосқан Ұлы Жеңіс мейрамыңыз құтты болсын!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button