Жарнама
Жаңалықтар

Жөндеу ісінде жайбасарлық бар

 Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге қала маңындағы Ақсай ауылының Б.Момышұлы атындағы №25 орта мектебіндегі жөндеу жұмыстарымен танысып, нысанның оқу жылына дайындығын тексеріп қайтты.

  Батыр есімімен аталған №25 орта мектептегі жөндеу жұмыстарымен «Ақсай Сервис Строй» ЖШС айналысуда. Мердігер мекеменің директоры Қайнар Есмұханов өз кезегінде жөндеу жұмысы оқу жылының қарсаңында аяқталады деп отыр. Алайда, сөз бен іс бірдей болмай отырған жайы бар. Келісім-шартта күрделі жөндеу жұмысын бітіру мерзімі 15 тамыз деп көрсетілгенімен, жұмысты ұйымдастырудағы шалағайлықтардың кесірінен баяу жүріп жатқанын көрдік. Қазір мектептің директоры да жоқ. Бұрынғы тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бүгінгі күні директордың міндетін атқарушы Шынар Жұпқалиева мамыр айынан бастап басшылық қызметпен айналысқан. Оның айтуынша, мектептегі басты мәселе – қыста спортзалдың, кейбір кабинеттердің жылынбайтындығы. Үш қатарлы мектепті аралап шықтық. Шатыры түгел ауыстырылыпты. Білім ордасының ауласына 900 шаршы метр тас төселіпті. Қоршау бағандары мен торы жаңартылған. Қақпа есіктері жаңадан алыныпты, ішкі есіктері әлі сол күйі тұр. Кіре берістегі баспалдақтар өзгертілмепті. 1987 жылы салынған нысан осы кезге дейін жөндеу көрмеген. Мектептің кірпішпен тұрған алдыңғы бетіне сылақ жұмыстары ғана жүргізілген. Электр желісін тарту, кабинеттерді сылау, сырлау, есіктерді, жылыту орындарын, спортзалды әрлеу секілді жұмыстар жетерлік.

— Оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасауымыз керек. Бала жүретін жер табиғи, шынайы болғаны дұрыс. «Жаман айтпай жақсы жоқ» бір қате болса, сол ертеңгі күні оқушыға залалы тиюі мүмкін. Жыл өтпей тозығы шығатын жабдықтарды емес, сапалысын алу қажет. Жөндеуді жауапкершілікпен жасау керек, — деген шаһар басшысы ауладағы балалар ойнайтын алаңды ретке келтіруді, киім-ілгіш бөлмесін, дәретхананы да оқушыға ыңғайлы етуді баса айтты. Әрі өзі жұмыстан тыс сенбі, жексенбі күні келіп тексеріп тұратынын ескертті. Айта кетейік, мектепті күрделі жөндеуге 112 миллион теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың қазан айында орнатылатын бейнебақылау камераларына тағы 1,4 млн. теңге қарастырылыпты. Ал, С.Датов атындағы мектепте шаһар басшысының орынбасары Гүлмира Шәкірова болды. 1992 жылы салынған нысанның сырты қазір пластик жабдықпен қапталды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуші мердігер компания – «Тараз сәулеті» ЖШС. — Жергілікті бюджеттен мектепті жөндеуге 144 миллион 860 мың теңге бөлінген болатын. 15 мамырда жұмыс бастадық. 15 тамызда бітіруіміз керек. Қазір жұмыстардың 70 пайызы орындалып отыр. Атап айтқанда, шатыр ауыстыру, сыртын қаптау, оқушылар ойнайтын алаңдарға тас төсеу, ауланы қоршау, ішкі әрлеу, жылу, электр, кәріз жүйелерін жаңарту, еден төсеу, есіктерді орнату жүріп жатыр. Қырыққа жуық жұмысшы бар, — дейді аталмыш компанияның прорабы Асан Шонов. Бұл нысанда ұсақ-түйек жұмыстарды есептемегенде, жылу жүйесін ретке келтіріп, шамдарын орнату жұмыстары қалған.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button