Жолдауда тактика әрі стратегия жан-жақты қамтылған
Жылдағы дәстүр бойынша бүгін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын тыңдап, өзім үшін бірнеше маңызды мәселелерді, биылғы құжаттың басым тұстарын сараладым.
Біріншіден, жаңа Жолдаудың көп өзгешелігі бар. Бастысы – бұрынғы Жолдаулар тактикалық бағытты ұстанып, алдағы міндеттер ғана айтылатын. Ал, бүгін әрі тактика, әрі стратегия жан-жақты қамтылған. Заман өзгеруі – заңды құбылыс. Елдің бұрынғы жағдайы, адамдардың қарым-қатынасы, адамгершілік ұстанымдары басқаша. Соған сәйкесті алдағы мақсат-мүдде де өзге. Президент өз Жолдауында нақты сандар, пайыздық көрсеткіштер, есеп-қисапты келтіруі арқылы халыққа ұғынықты тілде аса маңызды мәселелерді көтерді.
Екіншіден, пандемия жағдайындағы ахуал. Бұрын да оба, тырысқақ сынды, басқа да аурулар болғаны, ел ішін дүрбелеңге салғаны белгілі. Алайда, олар, Тайсойған, Гурьев, Астарахань дегендей, белгілі бір аймақты ғана шарпитын. Ал қазір ше? Жер бетін түгел жайлаған кеселдің уақыт өткен сайын кезекті толқыны, жаңа штаммдары пайда болуда. Қазақ елі ғана емес, тұтастай әлемді әуреге салған дертпен күресте тиімді болар әдіс қандай? Барлық салаға да кері әсерін тигізгендіктен, қандай қолдау түрлері жүзеге асырылмақ? Аталған тақырыпты, егжей-тегжейлі талдаған Мемлекет басшысы медицина саласының олқы тұстарын да саралады. Рас, аталған сала реформасы көп, өзекті мәселелері де жеткілікті.
Тіпті, коронавирус кеселінен қорғанудың жалғыз амалы ретінде екпе алу ұсынылғаны белгілі. Әуелгі ұстаным бойынша, екпені егде адамдарға алуға болмайды деді. Кейін, Еуропа елдері қарттарды вакциналаймыз деп, алдыңғы буын жаппай екпеге жүгінді. Науқастар саны туралы да жалаң сандар емес, салыстырмалы деректер, нақты мамандардың пікірін ел арасында кеңінен тарату арқылы ғана халықты тәрбиелеп, ел ішіндегі қаңқу сөз, жалған ақпараттарды жоққа шығара аламыз. Сондықтан, Мемлекет басшысының медицина саласына айрықша мән беріп, проблемаларды атап, оларды шешу жолдарын ұсынуын жаңа Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің біріне балар едім.
Үшіншіден, Жолдау құр сөз емес. Елдегі өзекті мәселелерді саралаған Президент нақты картинаны көз алдымзға әкелді. Жалақысы аз мамандықтарды атап, оларды қолдау тетіктерін жариялады. Субсидия айналасындағы Үкімет көмегін талан-таражға салуды сынап, шұрайлы жерлерді адам кірмейтіндей қоршап қойған дөкейлерге әкімдердің «тісі батпайтынын», Министр ауысса, реформа да ауысатынын сынап, халық көкейіндегі мәселелерді дөп басты. Сонысымен де, өз маңызын арттыра түспек.
Жолдау жарияланды. Мақсат айқын. Ендігі жерде аталған мәселелердің оң шешімін табу жолында жұмыла қызмет еткен жөн. Сол кезде ғана маңызды құжаттың жемісін ел көретін болады.
Қатимолла Ризуанов,
Атырау облысының Құрметті азаматы