Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Жолдар жаңғыртылып жатыр

Atr.kz/23 тамыз, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Уәлиханов, Құрманғазы көшелері мен Бейбарыс даңғылының бірқатар учаскелерін қайта жаңғырту шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстарды негізінен «Атырауинжстрой» ЖШС атқаруда. Мердігер кәсіпорынның басшысы Әділбек Нұрлығожиевтің айтуынша, жоспарланған жұмыс көлемі ауқымды болып тұр.

Бейбарыс даңғылы бойында жиектерді, тротуарларды, бөліп тұрған жолақтар, велосипед жолдарын, аялдама павильондарын салу, бағдаршамдар мен түнгі жарық шамдарын ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар, жобада жаяу жүргіншілер өтетін жерлерден кішкентай балалардың арбамен өтуіне және мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүруіне қолайлы болу үшін пандустар орнату қарастырылған.

Аталған учаскеде жердің астымен және үстімен өтетін инженерлік коммуникациялық жүйелерін (газбен жабдықтау, байланыс және электр желілері) де жаңғырту көзделген. «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамымен келісе отырып, жөндеу барысында жолдар мен жылу желілерінің қиылысқан торабы жер астына пластикалық гильзаның көмегімен орналастырылуда. Бұл жол төсемін бұзбастан, ескірген құбырды жаңасымен алмастыруға мүмкіндік береді.

Бейбарыс даңғылы – екі жағынан бірдей велосипед жолы салынатын бірден бір нысан. Биыл оның Атырау теміржол вокзалынан Құрманғазы көшесімен қиылысатын жеріне дейінгі учаскесі қамтылады. Жобаға аталған даңғыл мен Мостовой каналы арқылы өтетін екі телім енгізілген. Автопавильонмен қоса, салынатын аялдамалар саны 21-ді құрайды. Мұнда көліктердің жүретін жолына жиналған еріген қар мен жаңбыр суы ағып кететіндей бойлық және көлденең беткейлер, сондай-ақ, арық науалары болады.

Ал, Құрманғазы көшесінде автокөлік қозғалысының ағыны ескеріліп, жүктемені барынша азайтуға бағыт ұсталынған. Бұл үшін көліктер жүретін жолақ санын алтыға дейін көбейту арқылы жол арнасын кеңейту жоспарланыпты. Көлік кептелісінің жиі орын алатын учаскесі – «Көктем» базарынан айналма жол өткеліне дейінгі аралық. Сондықтан, дәл осы бөлікті алты жолақты жолға айналдыру межеленген.

Мұнда жалпы ұзындығы 4 шақырымнан асатын үш учаскені қалпына келтіру ойластырылыпты. Бұл көшенің де екі жағынан жаяу жүргінші жолы төселіп, жарық желісі тартылады. Ашық және жабық түрдегі павильондарымен бірге 9 аялдама орнатылады. Қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары облыстық балалар ауруханасы аумағынан басталып, Владимирский көшесіндегі бағдаршамға дейінгі аралықты қамтиды.

Қазіргі мезгілде аталған учаскедегі жұмыстар толықтай орындалып, көлік қозғалысы ашылған. Ал, тротуарлар салу одан әрі жалғасуда. Сонымен бірге, Авангардтағы соңғы аялдама аумағына кіретін «Көктем» базары маңындағы бағдаршамға, Құрманғазы көшесіне шығатын жерден бастап Мостовой өзегінің көпіріне дейінгі аралықта да қайта жаңғырту жұмыстары атқарылады.

– «Көктем» сауда орталығының Құрманғазы көшесімен түйісетін тұсынан Сәтпаев даңғылындағы жерүсті өткеліне дейінгі учаскені жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған болатын. Демек, осы аумақпен өтетін «Атырау Су Арнасына» қарасты өздігінен ағатын коллекторларды ауыстыру жұмыстарының уақытылы орындалмауына орай, бұл кестеде бекітілген мерзімінен кешіктірілетін түрі бар. Сәтпаевтағы өткелден солтүстік бағытта Мостовой өзегіне дейін созылатын жолды төрт жолақты етіп, ені 1,5 метр болатын тротуар төсеу де алдағы күндердің еншісіндегі шаруа болып отыр, — дейді «Атырауинжстрой» ЖШС бас директоры Әділбек Нұрлығожиев.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button