ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР
«Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев айтты», — деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
— Биыл Исатай ауданы бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 3 жоба жүзеге асырылуда. Соның негізінде Жанбай ауылында ауылішілік автомобиль жолдарын жөндеу, денешынықтыру – сауықтыру кешені, газ желісі құрылысының жұмыстары жүргізілуде, — деді аудан әкімі.
Аталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жобалардың бірі — Жанбай ауылында автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары.
Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Нысанның аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Екінші жоба — Жанбай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың қазан айында басталды, аяқталуы 2021 жылдың наурыз айы.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылған Жанбай ауылындағы газ желісі құрылысы бүгінде аяқталған. Жүргізілген газ желісі құрылысының ұзындығы- 8,6 км, газ желісімен қамтылатын үйлер саны — 205.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш қабатты 60 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр.