Жол сапасындағы ақаулар анықталды

photo 119398 Жаңалықтар

Президент бастамасымен қолға алынған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы бірнеше бағытты қамтиды. Жоба арқылы ішкі көлік желісін дамытуды республикалық маңыздағы 11 мың және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз ету көзделген.

Осы міндетті мүлтіксіз орындау мақсатында тек Атырау облысының өзінде бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Басты назар салынған жолдың ұзындығында емес, құрылыстың сапасында болып отыр.

Сапалы жолдағы қауіпсіз қозғалысты бақылап, қадағалайтын бірден-бір жауапты құрылым – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облыстық филиалы. Бөлім басшысы Нұрлан Жантөриннің айтуынша, биыл жөнделіп жатқан жергілікті маңыздағы жолдардың өзінен 120-ға жуық ақау анықталыпты. 201 рет тексерілген 76 нысанның тең жартысынан астамы жергілікті нысандар екен. Оның 25-інде жол құрылысында қатаң ескерілуі тиісті талаптар өрескел бұзылған. Жазбаша ескерту берілгеніне қарамастан, ақаулардың дені әлі күнге дейін қалпына келтірілмеген.

– Жарты жылда жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан 485 сынама алынған. Оның 159-ында қолданылған құрылыс материалдары стандартқа сай келмейді. Республикалық маңызы бар жолдардың құрылысындағы материалдардың сапасын тексеру үшін 260-тан астам сынама алынып, зертханада тексергенде 65 сынаманың қорытындысы материалдың тиісті талапқа сай келмейтінінін көрсетті. Сапасыз деп танылған 1116 шаршы метр асфальтбетон жабындысы, 5 текше метр және 259 дана темір бетон конструкциясы қайта ауыстырылды, – деді Н.Жантөрин.

Филиал мамандары бұған дейін «Ақтөбе–Атырау–РФ шекарасы (Астрахан)» жолының 553–598 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарынан біраз ақаулықты анықтапты. Мысалы, төселген жол жабындысынан битум көрініп, ауыр көліктер дөңгелегінен жаңа салынған жолға сызат түсіп немесе қара қиыршық тас ұшады екен. Өкінішке қарай, осы учаскені жөндеп жатқан мердігер компанияның өкілдері оны қалпына келтіруге асығар емес.

Нысанның кепілдік мерзімінде тұрғаны ескеріліп, мерзімінен кеш болса да ақауды қалпына келтіру жөнінде «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалына хат та жолданыпты. Егер кемшіліктер бұдан кейін де қалпына келтірілмесе, тәртіптік жауапкершілікке шақыру жөнінде құзырлы органдарға хабарланады. Кемшілік мердігердің өз қаржысына жасалуы шарт. Мамандар басқа да бірнеше учаскеде тіркелген мұндай кемшіліктерді қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын айтты.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз