Өңірде 26 спорт кешенін салу жоспарлануда

db7e92d8 cd1d 4617 ab00 87a79007fd3c Жаңалықтар

Ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылым мен білім беру ұйымдарында спорт залдарының жетіспеушілігі – өзекті мәселе. Оны шешудің басты жолы – тұрғылықты жерлерде дене шынықтыру мен спорттың материалдық-техникалық базаларын нығайту. Осыған байланысты облыс бойнша 2027 жылға дейін 26 спорт кешенінің құрылысын салу жоспарланған. Бұл туралы Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ернұр Нетжанов баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аймақта 2023 жылы 43 спорттық нысан іске қосылып, жыл қортындысымен 1131-ге жетті.

Е.Нетжанов былтыр балалар спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінгендігі туралы айтып өтті.

-Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында балалар спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Осы бағытта былтыр балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында 14 спорт мектебі ашылып, жалпы облыстағы спорт мектептерінің саны 31-ге жетті. Оның 9-ы қалада болса, 22-сі ауылда. Қазіргі таңда аталған мектептерде спорттың 36 түрі дамытылуда. Оған қоса биыл олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында көркем гимнастика, жүзу мен стенд ату бөлімшесі ашылып, өз жұмысын бастады, – деді ол.

Бұдан бөлек, өткен жылы спортпен тұрақты түрде шұғылданатын азаматтарды қамту 44 %-ды құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім деңгейі 3,8%-ға немесе 31 мың 632 адамға өскен.

Сонымен қатар оның айтуынша, облыста дене шынықтыру мамандарының саны артып, ұжымдардың саны көбеюде. Қазіргі таңда дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын 792 жаттықтырушы жүзеге асыруда. Сондай-ақ биыл дене шынықтыру және спорт мамандағына жастарды тарту бойынша Атырау облысы әкімдігінің 40 гранты бөлініп отыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз