Жарнама
Жаңалықтар

ЖОЛ БОЙЫ… ТҰНҒАН ЖАҢАЛЫҚ!..

 КӨЛІКТІ СЕНІМХАТСЫЗ ЖҮРГІЗЕДІ

Жаңа жыл басталғалы елімізде жол-көлік оқиғасынан 30 адам қаза тапты, 204-і жараланды. Алғашқы төрт күннің өзінде 137 көлденең жағдай орын алды. Осының өзінен қара жолдағы қатердің азаймағанын байқауға болады. Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне қарағанда, Жаңа жылда Атырау облысында ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелмепті. Аталған комитеттің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасовтың пікірінше, бүгіндегі тың бастамалар қауіпті азайту мақсатында қолға алынған. Дегенмен, өмірге енгізіліп жатқан өзгерістердің түсініксіз тұстары да болып тұр. Соның бірі, көлікті сенімхатсыз жүргізуге қатысты. «Қолдағы құжаттың саны азайғанымен, бұл келеңсіз жағдайлардың көбейіп кетуіне себепші болмай ма?» деген жұртшылықты толғандырған сауал бар.

 — Жоқ, — дейді осыған орай жауап тосқан ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы.

— Қазақстан жүргізушілері көлікті сенімхатсыз басқаратын болады.  Сенімхат жойылғанымен, бұл көлікті кім болса, сол айдап кете береді деген сөз емес. Автокөліктің сақтандыру полисіне аты-жөні жазылған тұлғалар ғана оны басқаруға құқылы.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жүргізушілер техпаспорт, көлік құралын тіркеу туралы куәлігін және сақтандыру полисін алып, жүре береді. Ал, полицейлердің техниканы тоқтатып, оның иесі кім екендігін, көлікті кім басқарып келе жатырғанын білуге мүмкіндігі жетеді. Қазіргі заманғы техникалық құрал-жабдықтар оған жағдай жасайды екен. Әйткенмен, жол қозғалысына жауаптылар көліктің себепсіз тоқтатылуына заң бойынша тыйым салынғандығын да айтады. «Автокөлікті тоқтатудың себептерін түсіндіру бойынша талаптар жол қозғалысы ережесінде және «Жол жүрісі туралы» заңда қамтылған» дейді комитеттің басқарма басшысы.

 

ШАМ НЕГЕ КҮНДІЗ ДЕ ЖАҒЫЛАДЫ?

Енді көлік иелері күндіз де шамдарының жарығын жағып жүруі қажет. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция  басқармасының бөлім бастығы Досай Жұпқалиев қазіргі жаңа көліктердің дені күндізгі жарық шамдарымен жабдықталғандығына тоқталып отыр. Олар жақын қашықтыққа түсетін шамдарды алмастыра алады.

— Көліктің күндізгі жарығы жол апаттарының санын 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді, — дейді басқарманың бөлім бастығы.

Бұрын елді мекеннен тысқары жерлерде ғана техника иелері жарығын жағып жүретін. Ол өз кезегінде, қарсы бағытта келе жатқан көліктің алыстан көрінуіне себепші болған еді. Осынау тәжірибе енді қала ішінде де қолданылуда. Ішкі істер министрлігіндегілер мұны Қазақстанның жол жүру туралы халықаралық конвенцияға қосылуымен байланыстырады. Өркениетті елдердің жол апаттарын азайтуға орай жүргізген шараларының бірі күндіз де көлік шамын жағып жүру талабы еді. Тәжірибе оның өміршеңдігін көрсетіпті, көлденең жағдайлардың саны да едәуір азайған.

 Біз тілдескеноблыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция  басқармасының бөлім бастығы аталған тәртіпті сақтамағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын айтады. 1 айлық-есептік көрсеткіш 2015 жылы 1982 теңгеге тең екендігін ескерсек, заңды белден басқандарға енді 9910 теңгені қалтасынан санап беруден өзге амалы қалмайды.

 

БАЛА АВТООРЫНДЫҒЫ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Ерекше тоқталар тұс – бала автоорындығына қатысты болып тұр. Ақпарат құралдары бүлдіршіндерді тасымалдаушы арнайы орындықтардың саудадағы бағасы күрт қымбаттап, қол жетпес қат дүниеге айналғандығын айтуда. Ал, жұртшылық балаларын көлікке қалай отырғызарын және қайтып алып жүрерін білмей дал. Өйткені, үлкен істің басы-қасында жүргендер осыған орай еліміз бойынша алдын-ала үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге мән бере қойған жоқ. Балалардың автоорындығына байланысты бүгінгі түсінбестік те осыдан туған секілді.

— Күшіне енген «Жол қозғалысы туралы» заңда жолаушыға арналған алдыңғы орында автоорындық, ал артқы орында баланы бекітіп қоятын арнайы құрылғы немесе баланы қауіпсіздік белдігімен байлап қоюға ыңғайлы жабдық болуы тиіс.

Көлікте баланы қолда ұстап отыру өте қауіпті. Өйткені, сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көлік жол апатына ұшыраған кезде баланың салмағы 30 есе ұлғаяды да, бала алдыңғы терезеден ұшып кетеді немесе оны қолында ұстап отырған жолаушының астында жаншылып қалады. Сондықтан, жаңа туған нәрестенің өзін перзентханадан арнайы автобесікке салып алып жүру керек, — дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасов.

Атырауда жолаушы тасымалдайтын арнайы ресми құрылымдардан өзге, көшенің бұрыш-бұрышын қаумалаған такси көп. Олардың дені құжатсыз жүргені де белгілі. Сол себепті, жаңа талап оларға оңай тимейтінге ұқсайды. Ал, заңды түрде жұмыс жасайтындары 12 жасқа дейінгі баласымен бірге жолға шыққандардан тапсырыс алмайтын бола бастапты. Өйткені, олардың көліктері арнайы қондырғымен жабдықталып үлгермеген. Бұл облысымызға ғана емес, өзге аймақтарға да тән нәрсе. Осы орайда Ішкі істер министрлігінің өкілдері мынадай пікір айтып отыр: «Біз ең әуелі коммерциялық мақсатта кісі тасуға жағдай жасауды емес, таксист болсын, жеке меншік көлік иесі болсын, балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойлауымыз керек. Кез келген көлік жүргізушісі көлік құралындағы арнайы қауіпсіздік белдігін пайдалануы тиіс». Әкімшілік полиция өкілдері «алдыңғы орындыққа автоорындықпен отырғызу міндетті» дейді. Ал, артқы жақта қауіпсіздік белдігін оңтайландыратын құрылғыларды пайдалануға болады екен.

Талап орынды болғанымен, автоорындықты сатып алуға кез келгеннің мүмкіндігі жете ме? Мәселен, балабақшаға бір емес, үш баласын апаратындар сонда қайтеді? Біз осы сауалды облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция  басқармасының бөлім бастығы Досай Жұпқалиевке қойдық. Оның айтуынша, заңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңыз берілген. 12 жасқа дейінгі балғындарды тасымалдау үшін автоорындық пайдаланылады. Сонымен қатар, бөлім бастығынан арнайы орындық болмаған күннің өзінде сауда орындарында сатылатын белдіктерді пайдалануға болатындығын білдік. Ал, көліктерде бұрыннан бар қауіпсіздік белдіктері балалардың өмірін сақтап қала алмайтындығын өмір көрсетіп жүр. 

ДӨҢГЕЛЕГІНІҢ САПАСЫНА ДА БАЙЛАНЫСТЫ

Көлік дөңгелегінің сапасына ерекше мән берілуі де қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатынан туған. Жол сақшылары қыс мезгілінде табанында бұдыры жоқ, талапқа сәйкес келмейтін дөңгелекпен жүрген техника иелеріне айыппұл салуы мүмкін. Себебі, Кеден одағына мүше елдер қабылдаған жаңа техникалық талаптарға сәйкес, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінде тұратын тұрғындар көлігінің дөңгелегін жылдың маусымына орай (қыс, жаз) дер кезінде ауыстырып тұруы міндетті.

Ақиқатында, қыс мезгілінде «шегесі» бар дөңгелек орнату ең алдымен жүргізушінің өзі үшін қажет. Полицейлерден білгеніміздей, мысалы, жазғы дөңгелектің бұдырының тереңдігі кем дегенде 1,6, ал қысқы дөңгелектің бұдыры 4 миллиметр болуы тиіс. Ол талапқа сәйкес келмеген күнде жол сақшысының көлік иесін жауапкершілікке тартуына құқығы бар.

Тағы бір жаңалық, жол белгісіне қатысты. Бүгінде күшіне енген «Жол қозғалысы туралы» заңда көліктерді тек белгіленген арнайы жерлерге тұраққа қою туралы бап алынып тасталды. Қоғамда үлкен пікірталас тудырған бұл тұс жергілікті жердегі инфрақұрылымның кемшіндігін де айқындап берді.

Айыппұл төлеудегі айрықша тоқталар жайт, енді тәртіп бұзған жүргізуші салынған айыпты бір аптаға жеткізбей төлесе, оның 50 пайызы кешіріледі. Болашақта айыппұлды тәртіп бұзылған жерде тұрып та төлеуге болатындай мүмкіндік қарастырылып жатыр. Ең бастысы, жаңа заң көліктің рөліне мас күйінде отыратындарды 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырады. Сонымен қатар, «қызу» күйде жүретіндер әкімшілік ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы ықтимал.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button