Жетістікке бастаған 25 жыл
Мега-жоба қызылқоғалықтардың абыройын асқақтатты
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен нығайтудағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарын жүзеге асыру мақсатында және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты мега-жобасының өңір аймақтарын аралап, эстафеталық шеруге шыққанына да біраз болды.
Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерді жас ұрпақ санасы сіңіріп, кейінгі буынды елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған бұл эстафета Құрманғазы ауданынан бастау алып, Исатай, Махамбет, Индер аудандарының ауылдық округтерін аралап, кеше «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға өңіріне жетті.
«Алтын адам» топ бастады
Әлімсақтан, тамыры бір, тарихы егіз Индер мен Қызыл-қоға аудандарының маңызды мега-жобада бас қосуы – табиғи үндестік. Индерлік делегацияны аудан шекарасынан аудан әкімінің орынбасары Әлібек Олжағалиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Базарбаев бастаған топ сән-салтанатпен күтіп алды. Термеші Иғали Ізтұрғанов жырдан шашу шашып, ақсақалдар «Қош келдіңіз» айтып, жастар флешмоб ұйымдастырды.
Нағыз думан аудан орталығы – Миялының кіреберіс қақпасындағы көпірден басталды. Мұнда да қазақы салтпен ұлттық киім киген қыздар дәстүрге сай қонақжайлық танытты. Сол жерде Тәуелсіздік символы – «Бәйтерек» бейнеленген эстафета «Алтын адам» бейнесін сомдап шыққан жігітке ұсынылды. Өз кезегінде ол жанындағы ежелгінің батырларындай болып ту ұстаған 25 салт аттымен бірге эстафетаны бастап, ауылға қарай көш түзеді.
Мерекеге сай безендірілген көліктер керуені «Алтын адамның» артынан ілесті. Миялыға кірген бетте 50 веложорықшы қосылып, шеру үлкен көшке айналды. Еліміздің көк байрағын ұстаған салт аттылар мен безендірілген көліктер, спорттық киімдегі марафоншылар ауылдың орталық көшелерін ду- манға бөледі.
«Арман» мәдениет үйінің алдына келген керуенді жырау Берік Амантаев төкпектеткен жырымен қарсы алды. Мың бұралған биші қыздар «Мәңгілік ел» композициялық биін биледі. Көгілдір көкке бейбітшілік құсы – 25 көгершін мен «Қызылқоға ауданы» және «Тәуелсіздікке – 25 жыл» деген жазу жазылған шарлар ұшырылды.
«Армандағы» ақ тілектер
Салтанатты шара одан әрі «Арман» мәдениет үйінде жал-ғасты. Онда келуші қонақтар фойеде жасақталған аудан тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен, аудан қолөнершілерінің туындыларымен танысып, оң бағаларын берді. Жұртшылық сахнадағы үлкен экран арқылы жетпіс жылдан астам тарихы бар ауданның соңғы ширек ғасырдағы қол жеткізген жетістіктерін көріп, бір жасап қалды. Бейнекөрсетілімнен соң мега-жоба эстафетаның символикасына айналған «Бәйтерек» бейнесі сахна төріне әкелінді. Индер ауданының әкімі Серік Арыстан мінбеге көтеріліп, көршілердің ыстық сәлемін жолдап, құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Эстафета Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов пен тәуелсіздік құрдасы, жастар арасында дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, ауданның Құрмет-ті азаматы Наурызбек Майлашевқа табысталды. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Мақсот Сайполұлы да индерлік әріптесіне Алғыс хат пен бағалы сыйлық тарту етті.
Шара барысында тәуелсіз-дікпен бірге туып, елмен бірге есейіп, жетістікке жеткен бір топ азаттық құрдастары мен күміс той иелері марапатталды. Аудан әкімі Миялы ауылдық округіндегі аз қамтылған 25 жанұяға сертификат табыс-тап, қамқорлық көрсетті.
Салтанатты шарада облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Баязи Әбдешев, «Назгүлім» шаруа қожалығының төрайымы Мәрзия Әбішева, тәуелсіздік құрдасы Гүлім Қуандыққызы құттықтау лебіздерін жолдады.
Салтанатты жиын одан әрі аудан өнерпаздарының концертімен жалғасып, оны «Жұлдыз-ай» би ұжымы «Той шашу» биімен бастады. Халықтық «Ақжелең» фольклорлық ансамблі күмбір күйлерін төгілтті. Индерлік термеші Еркін Әубәкіров жырдан шашу шашып, қонақ кәде рәсімін жасады. Жас өнерпаздар Отан, туған жер туралы әндерін шырқап, көрерменді шаттыққа бөледі.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Қызылқоға ауданы.