Жетекші саяси партиялар өз тараптарынан президентікке кандидаттарды дайындап, ұсынуы тиіс
Atr.kz/ 9 сәуір, 2019 жыл. «Бұл көптеген толғаныстан кейінгі ойлы қадам болды» дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы мәлімдемесі жөнінде пікір білдірген Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев.
«Қазіргі уақытта еліміздегі ұлттар мен ұлыс өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп, берекелі тұрмыс құрып отыр. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығы, көреген саясаты мен стратегиясының арқасында жүзеге асып келді. Бірінші Президентіміздің осы игі істерін одан әрі жалғастырып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлының таяу арада Президент сайлауын өткізуге шешім қабылдауы қазіргі таңдағы кезек күттірмес қадам болғанын түсініп отырмыз. Яғни, ең маңыздысы – еліміздегі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу. Сондықтан, Отанымыздың жаңа Президентін сайлау дер кезінде қабылданған шешім болды.
Қазіргі таңда Қазақстан Парламенті көп партиялылығымен әлемдік саяси аренада үлгі болып отыр. Алдағы саяси науқан – еліміздегі барлық саяси партиялар, демократиялық күштер үшін де маңызды дода. Ендігі кезекте жетекші саяси партиялар өз тараптарынан президентікке кандидаттарды дайындап, ұсынуы тиіс. Біздіңше, бұл сайлау – шынайы демократияның көрінісі болуы қажет» деді спикер.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ