Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2007 пәтерлі 37 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр

жер1 Жаңалықтар

Бұрын ипотекамен тұрғын үй сатып алушылар екінші деңгейлі банктерге 17 пайыз сыйақы мөлшерлемесін төлеуге тиіс болса, енді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында сыйақының 6-7 пайызын мемлекет субсидиялайды, – деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.

жер1

«Нұрлы жер» бағдарламасы екінші деңгейлі банктер беретін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Субсидиялау екінші деңгейлі банктердің үй салушыдан алғашқы тұрғын үй алуға берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жүргізіледі.

-Қазір екінші деңгейлі банктер тұрғындарға жылына 17 пайызбен ипотека береді, енді аталған бағдарлама арқылы мемлекет ипотекалық қарыздың сыйақы мөлшерлемесінің 6-7 пайызын субсидиялайтын болады, – деп хабарлады Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.  – Нәтижесінде  қарыз алушының ай сайынғы төлемі 30-40 пайызға азаяды. Айта кету керек, бағдарламаға қатысу үшін ипотека кезегіне тұру талап етілмейді, тұрғын үйлерінің саны маңызды емес және қосымша комиссиялар жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ҚР-ның кез келген азаматы ипотекалық қарыз алуға өтініш бере алады.

Бағдарламаны жүзеге асыру баспана алғысы келетіндерге де, бағдарламаға қатысатын үй салушыларға да тиімді.

-ЕДБ субсидиялау туралы шешім қабылданған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 5 пайызынан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша қарыз береді, – дейді «Даму» КДҚ» АҚ Атырау облысы бойынша аймақтық бөлімшесінің директоры Əлия Өтепқалиева. – Қарыз алушының несиесі бойынша жылына сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын ЕДБ-ке мемлекет төлейді.

Ипотекалық несиелеудің қолжетімділігін арттыру, жеке компаниялардың тұрғын үй салуын ынталандырумен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасының басқа да мақсаттары бар.

Бүгінде Атырау облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен халықтың әлеуметтік  тұрғыдан әлсіз тобы үшін несиелік және жалға берілетін тұрғын үй қорын құру аясында жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр болатын, 2007 пәтерлі 37 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Биылғы 6 айда 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, яғни 12 үй, 717 пәтер, – дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов. – Сонымен қатар, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 11,2 млрд теңге бөлінді, ол тұрғын үй құрылысының қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазір 4 368 пәтерден тұратын 43 көп пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде. Құрылыс 2018 жылы Атырау қаласының «Береке», «Нұрсая» ықшамаудандарында жоспарланған. Биыл аталған жобалардың ішінде жергілікті бюджет есебінен 2118 пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылысы басталады.

жер (2)

Құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, үй салушылар «Нұрлы жер» бағдарламасына белсенді қызығушылық танытуда, қазір банктер бірнеше жобаларды қарап жатыр. Болжам бойынша азаматтардан өтініш қабылдау 2017 жылдың тамыз айында басталады.

Күні бүгін бағдарламаға қатысуға 7 банк қолдау көрсетіп отыр, олар: «Цеснабанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Банк RBK» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ. «БанкЦентрКредит» пен «АТФБанк» өтініш қабылдауды бастады.

Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз