ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Франция елінде өткен «Париж-2015» ашық кубогынан атыраулық спортшы Рустамбек Жиреншиев қола жүлдемен оралды. 82 килограмм салмақта өнер көрсеткен Рустамбек Марокко, Испания және Франция елдерінің спортшыларымен кездесіп, бақ сынасты.

 

Литва, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Марокко, Болгария, Ирландия, Голландия және Франция елдерінен барлығы 17 команда бақ сынасқан жарысқа Қазақстаннан бес спортшы қатысты. «Жарыс жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың үлкен дайындықпен келгендері тартысты бәсекеде көрініп тұрды. Белдесу барысында аяғымнан жарақат алып қалдым. Дейтұрғанмен, бұл жарыс Мароккода өтетін әскери самбо күресінен әлем чемпионатына жолдама алуыма жол ашты. Осындай үлкен шараға қатысуыма демеушілік  еткен Атырау облыстық самбо федерациясына алғысым зор» дейді әскери самбошы Рустамбек Жиреншиев.

Айта кеткен жөн, қазақ спортының қоржынын әлемдік деңгейдегі кезекті жүлдемен толықтырған Рустамбек Жиреншиевпен бірге, Францияға аттанған қазақстандық команданың тағы екі спортшысы Алмаз Сүлейменов пен Бейбіт Қанжанов жеңіс тұғырынан көрінді.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз