Жеңілдікпен берілетін баспана кімдердерге тапсырылады?

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/28 қазан, 2020 жыл. 2017 жылдан кейiн әкімдіктерде тұрғын үй кезегіне тіркелгендер «Шаңырақ» жобасына қатыса алады.

28 қазаннан бастап «Шаңырақ» бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдаудың төртінші кезеңі басталатынын қуана хабарлаймыз. Енді 1986-2020 жылдар аралығында баспана кезегіне тұрған азаматтар түгел өтініш бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10% болатын тұрғын үй займын алу үшін, сіз әкімдіктерде баспана кезегінде болуыңыз қажет және табысыңыз әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 101 271 теңгеден аспауы тиіс. Өтінішті кез келген адам жолдай алады, ол үшін банк клиенті болу шарт емес!

Бүгінгі күні 291 отбасы «Шаңырақ» жобасымен несие алып, пәтер иеленді.

Тағы 2 386 адамның өтініші Банкпен мақұлданып, олар үй іздестіру үстінде.

img 20201028 wa0076

Баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген «Шаңырақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған бұл жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Ал жоба операторы – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болып табылады.

«Әкімдікте кезекте тұрған азаматтар бүгіннен бастап баспанаға мұқтаж жан ретінде құжат тапсыра алады. Бұл жобаға 1986-2017 жылдар аралығында кезекке тұрған адамдармен қатар 2018, 2019 және 2020 жылдары әкімдікке өтініш тапсырғандар да қатысуға құқылы», – делінген банк хабарламасында. 

Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне тиесілі отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан асып кетпеуі тиіс (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күнкөріс минимимуы – 32 668 теңгеге тең).

Сонымен қатар тұрақты айлық табыс немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Бірақ 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден көп болмауы керек.

Баспана бағасы қаншадан?

Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі бойынша мынадай баға мөлшерлері белгіленген: 240 мың теңгеге дейін – Алматы қаласында, 220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтан қаласында, 200 мың теңгеге дейін – Шымкент қаласы мен Алматы маңындағы аймақтарда, 180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында және басқа өңірлерде – 160 мың теңгеге дейін.

Пәтерлер жеке құрылыс компаниялары соққан үйлерден сатып алынған жағдайда ең жоғары заем сомасы: Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы және олардың шекарасымен іргелес елді мекендерде 18 миллион теңге; Шымкент қаласы мен Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облысында 15 миллион теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 12 миллион теңгеге дейінгі баға ұсынылады.

Төлем қабілеттігі қалай расталады

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттігін бағалау жөніндегі өтінішті тек www.hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне де, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты.

Өтініш беру мерзімі 2020 жылдың 28 қазанынан басталады.

Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек?

  • www.hcsbk.kz банк сайтындағы «Қолжетімді тұрғын үй – «Шаңырақ» пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;
  • Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттары мен  бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады;
  • Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;
  • Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;
  • Банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй тауып (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ның үлестік құрылысқа қатысу туралы кепілдігі бар келісімі болған жағдайда), кепілзат бойынша банк мақұлдауын алып, сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау;
  • Банктен заем алу.

Заемды алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында несие көлемінің 10 процентінен кем түспейтін тұрғын үй құрылыс жинағы болуы тиіс.

Әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

Жобаға қанша қаражат бөлінген?

«Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін ұлттық банктің еншілес ұйымының қаражатынан 210 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 миллиард теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Осы бюджетке сәйкес, еліміздің шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2% бастап), жеңілдетілген заемды алу үшін, бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрған болуы тиіс. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шоттында займ мөлшерінің 10 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеу керек. Ал несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

Айта кетейік, аталған бағдарлама бойынша пәтерді тек жаңа тұрғызылған үйлерден ғана алуға болады. Ал ол тұрғын үйлер «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер мен жеке құрылыс компаниялары тұрғызып жатқан нысандарда («Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ның үлестік құрылысқа қатысу туралы кепілдігі бар келісімі болған жағдайда) ғана бар.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер салып жатқан құрылыс компанияларының тізімін www.hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Қанша пәтер берілді?

Бағдарламаның бірінші кезеңінде 19 407 өтініш қабылданды, оның 6 956 кезекке тұру датасына (1986-2010 жылдар) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 5 752 000 000 теңгеге 447 несиелік өтініш мақұлданды.

Бағдарламаның екінші кезеңінде 22 834 өтініш қабылданды. Оның 17 986 кезекке тұру датасына (2011-2015 жылдар) сай келіп, нәтижесінде жалпы көлемі 22 325 000 000 теңгеге 1 620 несиелік өтініш мақұлданды.

Бағдарламаның үшінші кезеңінде 11 957 өтініш қабылданып, оның 9 511 кезекке тұру датасына (2016-2017 жылдар) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 4 361 000 000 теңгеге 319 несиелік өтініш мақұлданды.

Үш кезеңді қоса алғанда 54 198 өтініш қабылданды. Оның 34 453 кезекке тұру датасына (1986-2017 жылдар) сай келді. Нәтижесінде жалпы көлемі 32 миллриад 400 миллион теңгеден астам қаражатқа 2 386 несиелік өтініш мақұлданды.

«Спутник Қазақстан»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған