ЖЕМ БОЙЫНДАҒЫ ЖЕМІСТІ ІСТЕР
Ертеңіне осылай сеніммен қарап отырған Жем бойындағы бір қауым елдің өмір өркені, тыныс-тіршілігі селолық округтің әкімі Бисенбай Қариевтің ауылдық округтің өткен жылы атқарған қызметі мен 2014 жылы алда тұрған міндеттері турасында баяндауында да көрініс тауып жатыр.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына селолық округтің шаруагер ұжымдары өз үлестерін қосуда аянып қалған емес. Жыл ішінде шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар 498 тонна ет, 1014 тонна сүт өндірді.
Республика бойынша өткен ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру жұмысы бұл округте де ұйымшыл сипат алды. Округ бойынша барлық шаруашылық санаттарындағы 726 бас мүйізді ірі қара, 9854 қой-ешкі, 260 түйе малы бірдейленіп, санатқа түгел енгізілді.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет қаражатымен жасалатын жұмыстарға ұсыныс беріліп, қаржы жобасы жасақталды. Бұған жаңадан берілетін жерлерге газ және электр желілерін тарту, қолжетімді тұрғын үй, мәдениет үйі, монша, ауылішілік жол, кіші футбол алаңын салу және трансформаторларды ауыстыру жұмыстары кіреді.
Округ тұрғындары арасынан ауылдан наубайхана ашуға тілек білдірген кәсіпкер Сафи Дәрішов 3,0 млн. теңге қайтарымды несие алса, сол наубайхананы сенімгерлікпен басқаруға 2,0 млн. тұратын 400,0 кВт трансформатор алынып берілді, қазіргі уақытта оны «Атырау-Жарық» мекемесі арқылы іске қосу үшін тиісті құжаттары жасақталу үстінде.
Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға игі қадамдар бар. Мысалы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 3,0 млн. теңге несие алған Нұрлан Шегіров мал сатып алып, қымыз өндіріп, сатуды бастады. Кәсіпкерге аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша 156 240 теңгенің дизельдік генераторы мен 80 мың теңгенің су насосы алып берілді.
Сонымен қатар, 3,0 млн. теңге несие алған Қарлығаш Мұздыбаева шаштараз және монша ашып, бүгінде халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген Тұрғызба елді мекені аумағының өсуіне байланысты автоаялдаманың соңғы тұрақтайтын бекетін ұзарту, бірқатар көшелерге электр желілерін тарту, асфальт жолдың бітпеген тұстарын аяқтау, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су жүйесін іске қосу мәселесі, сондай-ақ, Құлсарыдағы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметін ауылдық жерде оңтайлы үйлестіру, оған әкімдіктің ықпалы турасында ойларын ортаға салды.
Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.