Бекіре Индерге жетті

бұл бағалы балықты қорғаудың нәтижесін көрсетеді

«Бекіре – 2016» балық қорғау акциясының нәтижесі көріне бастады. Соның бастысы, бағалы су маржаны бүгінде Жайықты бойлап, Индер ауданының аумағына жеткен. Бұл су қойнауларына ау салған кезде белгілі болып отыр.

Апта сайын өткізілетін үйлестіру штабының отырысында көптеген мәліметтер айтылды. Қазіргі күні табиғат қорғау заңнамасын бұзған 1002 дерек анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке  801  адам  тартылса (салынған айыппұлдың көлемі 9,9 млн. теңгені құрайды), акция басталғаннан бері 142 қылмыстық іс қозғалған.

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтің баяндауынша, «балық барымташыларының» жолын кесуде құзырлы органдар жүйелі жұмыс жасауда. Туындаған мәселелер уақытында шешілген. Соның арқасында құрылымдар арасында етене байланыс, сенімді әріптестік орнығыпты.

– Браконьерлерден 31 тонна балық тәркіленсе, оның 2260,4 келісі бекіре тұқымдас балық болды. Сондай-ақ, 2,5 келі бағалы  балықтың уылдырығы алынды, – дейді құрылым жетекшісі.

Бағалы балықтың санын көбейту мақсатындағы шаралар да жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Барлық бағалы су маржаны жергілікті балық өсіру зауыттарына олардың шабақтарын өндірістік негізде аулау және кейін табиғи ортасына жіберу үшін жеткізілді. «Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба береді» дейді мамандар. Айта кетейік, су қойнауларын тексеру  кезінде бекіренің уақ түрлері Индер ауданында көрінген.

Үйлестіру штабының отырысында «Атырау» газетінің тілшісі тәркіленген бағалы балық, ау құралдарына қатысты сұрақ қойған еді. Оған аталған  инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев қолды бола жаздаған бекіре Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытына, басқа балық түрлері «Надежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылып жатқандығын айтты.

– Бұрынғы жылдары тәркіленген қайық, жүзу құралдарын мемлекет есебінен ұстауда қиындықтар туындап еді. Биыл байда секілді суда жүзу құралдарының аз болуына байланысты мұндай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Тәркіленген дүниелер «Арнаулы автобаза» мекемесінің құзырына тапсырылуда, – деді Мұрат Шыманғалиұлы.

Азамат  БАЗАРБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз