Жем бойы. Сабыр. «Қара алтын».
(тарихи байымдама)
(Соңы. Басы газеттің №23, 24 нөмірлерінде)
Назарбек ҚОСШИЕВ,
жазушы, деректанушы
3. «Қара алтын».
Жем бойынан жермайдың өндірістік мақсатта алынуын бүгінде біз кеңес өкіметінің келуімен байланыстырып жүрсек те, кен орындарының ашылуы күні кешегі геологтардың есімдерімен сабақтас жазылған. Мұның дұрыс-бұрыстығын қайдам, бір білеріміз – 1922 жылы Гурьевте құрылған «Ембінепті» тресінен бүгінгі жалғасы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына дейінгі қыруар кеніштің әрқайсысының тарихы бар. Содан бері көлденең көк аттыны сонадайдан қол бұлғап шақырғандай, әлдебір ырғақпен мігірсіз билеп тұратын бишілер тобындай «бұраубайлар» бұрын бірнеше кәсіпшілікке бөлінсе, бүгінде бар болғаны төрт басқарма бәрінің басын қосып отыр. Бір кезде көсенің селдір сақалындай қадау-қадау ел отырған Үстірттің маң даласындағы маңғаз «мұнаралардың басына шырақ тасыған жиырмасыншы ғасыр» (Т.Айбергенов) Жем бойындағы майталман мұнайшылардың маңдай терін ешқашан жоққа шығармақ емес. Табанын мұнайға басқан мұнаралар (Т.Айбергенов) өзіне жұмыс тауып берген адамның ныспысын айтар тілі жоқ, әйтпесе талай сырдың тігісі суыртпақталып сөгілер еді-ау шіркін.
Беркінғали Атшыбаевтың жалғыз суреті.
Шынында, Сабыр Шарипов Гурьевке келген 1924 жылы трестің алғашқы бастығы Рувим Наумовичпен (Фридман) жұмыстас болған-болмағанын қайдам, ал Владимир Коробовкин және Яков Лаврентьевпен қоян-қолтық араласып, Жем бойындағы «бұраубайлардың» әрқайсысын аралап, жаңа «промсылдарды» бірінен кейін бірін ашып жатты. Себебі, 1927-1928 жылдары 77870 тонна жалпы өнім өндіретін Мақат пен 199599 тонна өнім шығаратын Доссордан басқа трестке бағынышты кеніш те жоқ еді. Терең барлап бұрғылау арқылы 40 ұңғы қою жоспарланғанмен, оның 19-ы ғана Мақат пен Доссорға тиесілі, қалғаны жаңа алаңдарға жоспарланды. Трест кеңсесінің Мәскеуден Гурьевке қайта көшуінің бір гәбі де осында жатыр.
Бұдан басқа да толып жатқан проблеманы жан-жақты зерделеп, жіпке тізген С.Шарипов «Ембінепті» тресінің басқарма төрағасы Владимир Михайлович Коробовкинді көндіріп, одақтық Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатына бағынышты трестің өндірістік қуатын еселей түсуді көздейді. Сондықтан, сырттан келгендерден гөрі жергілікті мамандардың бұл іске жанашырлықпен қарайтынын ұғынып, нақты әрекетке көше бастаған.
Отызыншы жылдардағы индустрияландыру барысында «қара алтын» өндіруді терең бұрғылауға көшіре білген трест бастығының орынбасары елдің әл-ауқатын жақсарту үшін жермайды көп өндіру керектігін, ол ойды жүзеге асыруға мықты мамандар мен қажырлы жұмысшылар болуы тиістігін жақсы білген. Сөйтіп, өз қасына иненің көзінен өткендей жігіттерді топтастырды. Оның алғашқысы және бастысы Беркінғали Атшыбаев еді. Оқырманды «бұл қай жақтың тумасы?» деп таңқалдырмас үшін оған да аз-кем тоқталып, жай-жапсарды түсіндіре кеткен артық болмас.
* * *
Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлы қазіргі Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылдық округінің аумағын алмастырған әкімшілік аумақ – Гурьев уезінің Қазыбек болысының Миялы ауылында 1897 жылы туған. Бірақ Мұқаштың Беркінғалиы туған Миялыны аудан орталығымен шатастырудың жөні жоқ, қазіргі Жангелдин ауылы.
Күнбатыс Алашорданың өз кеңсесін Жымпитыдан Ойылдың төменгі ағысындағы Қызылқоға кентіне (қазіргі Атырау облысы) көшіруінің мәнісі де Доссор мен Мақаттың мұнайына толық иелік жасауға жетелейді. Бұл істі толық қадағалап, басшылық етуді Ойылдағы Халел басқаратын Земство арқылы Беркінғалиға жүктеген Жаһанша оған Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің тәжірибесін пайдалануға да ақыл қосса керек. Себебі, Шәңгерей Сейіткерейұлы тек ақын, рекультуртрегер (мәдениетті көркейтуші), алғаш дыбыс жазу (фонограф), фото өнерін өлкеге әкелуші, тұңғыш қымызбен емдеу орнын ашушы ғана емес еді. Ол Нобельдердің мұнай өнімдерін өткізген кәсіпкер, елді отырықшыландыруға үлес қосқан, мал тұқымын асылдандырған, т.б. модернистік жаңалықтардың иесі, концептуалист болатын.
Осылайша, тек ұлттық ата дәстүр мен ибалы тәрбиеге қоса батыстық мәдениетті жақсы меңгерген Беркінғали Жаһанша мен Халелдей ұстаздарының арқасында озық әдеттерге бет бұрды. Білімнің көптік етпейтінін түсініп, Алашордадан коммунистер жағына шыққанда ірі лауазымдарда істесе де, 1928 жылы Мәскеудегі Тау-кен академиясы мұнай факультетінің геология бөліміне оқуға түседі. Бірақ онысы сәтсіз болып, «алашордашыл», «жат элемент» ретінде оқудан шығып қалады. Бұл – 1930 жыл!..
* * *
Сол жылы туған өлкеге оралған Беркінғалиды тез іздеп тапқан Сабыр Шарипов кеңсесі Гурьев қаласына көшіп келген «Ембінепті» тресіне дереу жұмысқа алады. Әлгіндей проблемалар алқымнан алып, оның үстіне маман таппай қиналып жүрген Шариповке Беркінғалидың келгені аспаннан шұға жауғанмен тең олжа болды. Саяси көзқарасын елең қылмаған Сабыр оны трестке бағынышты барлау конторына геолог етіп қабылдап, кейін далалық геологиялық картировка секциясының меңгерушілігіне жоғарылатқан. Себебі, қолға алған ісін тыңғылықты тындыратын Б.Атшыбаевтың мігір таппас еңбекқорлығы оған әбден ұнап қалған-тұғын.
«Ембінепті» (1922 ж.)
Қай іске де ынты-шынтысымен кірісіп, ыждаһатты істейтін Беркінғали марқұм елдің индустриялық қуатын арттыруға да мұқият әрі өлшеусіз зор үлес қосты. С.Шариповтың бастамасымен оның геологиялық картировка жұмысын жедел қолға алуы Жем бойы мұнай алабының аумағынан кен іздеу ісінің етек алуымен тұспа-тұс келген еді. Мәскеудегі оқуын толық тауыспаса да, өмірлік білім-сауаты жеткілікті Б.Атшыбаевтың тиянақтылығының арқасында жаңашыл әдістерді қолдана отырып, ықтимал кен көздерінің геологиялық карталары жасақталды. Қазір қазақы қара жолмен жүргенде әр төбенің басынан көрінетін темір «мосы ағаштар» Беркінғали Атшыбаев бастаған экспедициялардан қалған естеліктер екенін бүгінде екінің бірі біле бермес сірә. Мосы үлгісіндегі белгі-бағандардың үш аяғының қақ ортасындағы асбест құбырларға сол кездің өзінде цементпен шегенделген барлау ақпарат-мәліметтері мен есептеулер әлі күнге дейін өз мәнін жойған емес.
Қарқынды іс-әрекеттің нәтижесінде Мұнайлы (1931), Алтыкөл, Ескене (1932) «қара алтын» көздері ашылды. 1933 жылы алғаш рет Қондыбай, Жолдыбай күмбездерінің геологиялық картасы жасалып, Жолдыбайда мұнайдың жүлгелі құрылымы бар екені 1934 жылы анықталған. Одан кейінгі екі жылда Құлсары, Дүйсеке, Шонай, Қарашұңғыл, Төлес нүктелерінде кешенді геофизикалық барлау жүргізген де Мұқаштың Беркінғалиы еді.
Сонау 1940 жылдары ашылған Биікжал маңындағы Мұнайлы (Доссор емес!) нүктесі маңында жүрген Пермяковтың экспедициялық партиясындағы орыс ұлты өкілдерін Адай көтерілісінің көсемі Құрмаш жасағының жазалауынан аман алып шыққан да осы Беркінғали. Қысқасы, кейінгі жылдары ашылып, мұнай бергенімен Б.Атшыбаевтың зерттеген кен орындары бұл аймақта көп-ақ.
Жұмыстың бәрі қолмен істелетін сол дәуірде-ақ Жем бойындағы 22 кенішті ашып игеруге қол жеткізген С.Шариповтың адами биік болмысының арқасында Әмір Ипмағамбетов, Сабырғали Зорбаев, Мұхамбет Есенов, Сафи Өтебаев, Сапар Қарымсақов, одан бергі Жолдасқали Досмұхамбетов, Нәрен Имашев, Бөлекбай Сағынғалиев, басқа да майталман мұнайшылардың шығуы қазақтың жұмысшы табын қалыптастырып, Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің негізін қалады. Бүгінгі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының абыройын асқақтатқан да солар. Ал, даңқы жер жарған мұнайшылар династиялары сондай ерен іске бара тұрып, жалған айыппен құрбан болған Сабыр Шарипов пен Беркінғали Атшыбаев есімдеріне мәңгілік қарыз. «Ембінепті» тресі бойынша жалған айыппен ұсталған Б.Атшыбаев, Х.Ақботин, Т.Иманғазиев сынды көрнекті азаматтарға жалғас ілмекпен трест басқарушылары, өндіріс майталмандары Рувим Фридман, Владимир Коробовкин, Семен Гутиндер де тұтқынға алынды. Небір сайыпқыран ерлердің көзін жойған кәззап заман хақында бүгінде басқаша айтылса да, құдайшылығына келгенде солардың түгелге жуығы, тіпті өзге ұлттан болса да, еш кінә-айыбы жоқ, бар болғаны «ыңқудың» (НКВД) «жоспар орындау» саясаты, қала берді көзәпара қызғаншақтық пен іштарлық қана.
* * *
Тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін қылсақ, Жем бойындағы «бұраубайлардан» соңғы 30 жылда ғана өндірілген «қара алтынның» көлемі 194 миллион тоннаға жуық екен. Өсімді нәтижесімен есептесек, бұл – 1991 жылдан бері компанияда «қара алтын» өндіру көлемінің 85 миллион тоннаға артқанына айғақ.
Кен алаңының бүгінгі көрінісі.
Елдің әл-ауқатын жақсартуға өлшеусіз зор үлес қосып, өз балансындағы 31 кен орнынан «қара алтын» қотарып тұрған «Ембімұнайгаз» компаниясының орташа жылдық мұнай өндіру көлемі 2,6 миллион тоннаға тең. Биыл жыл басында компанияның соңғы 30 жылда игерген өнімінің көлеміне әуестігіміз оянып, көрсеткіштерін сұрастырғанбыз, сөйтсек жылдық «қара алтын» өндірісі 1991 жылғы 2 373 093 тоннадан 2023 жылы 2 721 871 тоннаның аралығында аунапты. Ең төменгі өндіріс 1999 жылы болған (2 289 355 тн.), ең табысты жыл – 2019 (2 899 693 тн.).
1920-1929 жылдардың аралығында Жайық-Жем алабында 1 630 000 тонна, 1931 жылы 417 536 тонна, 40-жылдардың соңында жылына 750 мың, 1968 жылы 2 миллион тонна «қара алтын» өндірген кеніштердің жағдайын ескерсек, бір ғасыр бойы толассыз өнім беріп тұрған қазіргі жағдай ханға сәлем бергендей, яғни өте жоғары көрсеткіш.
Әсіресе, «қара алтынның» қажеттігі неміс фашистерінің тұтқиылдан басқыншылық жасауы кезінде айрықша аңғарылды. 1943 жылдың қаңтарында шығармашылық сапармен майданнан келе жатып, облыс аумағында бір айдай аялдаған публицист, ақын Асқар Тоқмағамбетов Гурьев мұнайшыларының ерен еңбегін көріп тебіренеді. Жермайдың ұрыс даласындағы жеңістің көзі, әр килограмм қара май жауға атылған зеңбірек оғымен бағаланатынын жан-дүниесімен сезінген ақын Ембі мұнайын еселеп өндіру үшін еңбекшілердің рухын оятады.
…Көтеріп туын жеңістің,
Абырой, даңқ атақпен,
Балаларың әндетіп,
Елге жетсін десеңдер,
«Жеңдік!» деген ұлы үнді
Жер көк айтсын десеңдер,
«Жауды құрттық» дегенді
Ел боп айтсын десеңдер,
Елмен бірге қосыла
Бар күш айтсын десеңдер,
Мұнайшылар – мұнай бер,
Соны Сізден сұрайды ел!..
Ақынның «Ембінепті» мұнайшыларының алдында оқыған атақты «Мұнай бер!..» атты патриоттық поэмасы Мақат аудандық «Социалистік Ембі» (қазіргі «Мұнайшы») газетінің 1943 жылғы 23 қаңтар күнгі №7 (540) санында жарияланған. Тек Гурьев өңірі емес, бүкіл ел болып жатқа айтқан сол поэма жеңіске тілектес жандардың бойындағы сезімдерін айқын көрсетіп, мұнайды көп өндіруге шақырды.
Қазіргі «Ембімұнайгаз» компаниясы осыншама өнімнен 2012 жылғы қазан мен 2021 жылдың аралығында ғана Ұлттық қор мен республикалық және жергілікті бюджеттерге 1 триллион 303 миллиард теңгеден астам салық төлеп, өңірлік инфрақұрылымды дамыту үшін 4 миллиард 900 миллион теңгенің үлесін қосқан. Әрине, бұл тегін жатқан батпанқұйрық емес, жүздеген адамның жылдар бойғы ақ-адал еңбегі, төгілген тері.
Компанияның өз ішінде жасалған жұмыстың да ұшы-қиыры жоқ. Кезінде қауғалап алып, меске теңдеп, түйемен тасыған «қара алтын» қазір құбыр арқылы Қара теңізге бағыт алса, бұрынғы «Өзен–Атырау–Самара» магистралы да өз мәнін әлі жойған жоқ. Бұл көлемге ішкі нарықтағы өңдеу зауыттарына шойынжол арқылы жөнелтілген құрамалардың санын да бөлек тізімдеуге болады.
Әрине, Жем бойының 100 жылдық кескін-кейпінде жер мен көктей айырма бар. Бұл – «Ембінептіден» бүгінге дейінгі 26 басшының қолтаңбасы. Өйткені, соңғы онжылдықтарда озық үлгідегі технологиялардың өндіріске енгенін ескергенде, «қара алтыннан» түскен табыс елдің экономикасын кәтепті қара нардай ілгерілеткенін де естен шығару мүмкін емес.
…Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда
Мұнаралар басына шырақ тасып.
Қалайша мен, жаным-ау, тұра аламын
Жүрегімнің сыңсытпай шынар әнін?
Табанымның астында – қара дария
Тас төбемде – тайгасы мұнараның.
…Жер бетінің жақұты – мұнаралар,
Маңдайдағы бақыты – мұнаралар.
Мұнаралар жарығы сөнбесін деп
Кірпік ілмей шығады ғұламалар, — деп жырлапты Маңғыстаудағы еңбек көрігі қызған шаққа куә болған ақын Төлеген Айбергенов.
Шынында да кеуде қуысында сезімі бар жұмыр басты пенде баласына ақынның туындысы мен киелі өлкедегі «қара алтын» өндірісінің әлеуеті бір тектес әсер етеді. Екеуі де тек жақсы ниетпен бұлқынып, ізгі мақсатқа қарай бас бермес асаулықпен тулап бара жатқандай. Өйткені, бұл Жем бойы, ондағы Сабыр мен Беркінғали ашқан «қара алтын» селі!..
* Пайдаланылған үзінділердің стильдік ерекшеліктері өзгеріссіз сақталды.
Суреттер: ашық дереккөздер, www.fox-notes.ru, www.ult.kz сайты, Е.Алтыбаев.