Жарнама
Жаңалықтар

Жел қуатының тиімділігі неде?

Қазақстанда ғана емес, қазір күллі Жер шарында баламалы қуат көздерін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі, бұдан бас тартсақ туындайтын күрделі түйіндер жеткілікті. Әуелгісі экологиялық ахуал болса, одан әрі тізбектелген проблемалар жинақтала береді.

Сарапшылардың пікіріне қарағанда, біздің елде Солтүстік, Оңтүстік және Батыс ұлттық энергетика жүйесі бар. Солтүстікте негізінен көмір арқылы жұмыс жасайтын гидро және жылу электр станциялары болса, батыс аумақ өлкедегі ірі көмірсутегі шикізатына арқа сүйейді. Ал, оңтүстікте ондай ірі қуат көздері жоқ болғандықтан, жетпеген энергияны өзге аймақтардан импорттап отыр. Қазір елде өндірілетін қуаттың көлемі Солтүстік аумақта (барлық қуаттың 65 пайызы). 20% – Оңтүстік және 15% – Батыс ұлттық энергетика жүйесіне тиесілі.

zhel 3

Оның есесіне Қазақстанның аумағында жел қуатының аса ірі қоры бар. Әсіресе Каспий теңізінің маңында желдің екпіні үнемі қатты соғатыны мәлім. Бұл аймаққа Атырау мен Маңғыстау облыстары жататыны белгілі. Аталған аумақта көктем мен күзде желдің жылдамдығы секундына 20-35 метрге дейін жетеді. Ал, бағаланған жел қоры – 1820 кВт/сағат.

Сондықтан, жел энергетикасы жаңартылатын қуат көздерінің ішіндегі ең келешегі зор бағыт болып саналады. Мамандар елдің тұтас желге қатысты потенциалын оның әр өңірдегі биіктігіне байланысты жылдамдығына шағып, жел атласы арқылы есептейді.

2009 жылы жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану жөнінде Заң қабылданғаннан бері мәселелер де туындай бастады. Соған қарамастан, Қазақстандағы желдің жылдамдығына қарай нақтыланған жел потенциалы көп аумақтардың қатарында Қарабатан аумағы да енгізілген. Ондағы желдің орташа жылдамдығы секундына 7 метрден келіп тұр. Әйтсе де, дәл қазір жел энергетикасының дамуы Қазақстанда тым төмен.

Елде осы саланы дамыту мақсатында 2030 жылға дейінгі бағдарлама да қабылданды. Мамандар жаңартылатын энергетикалық ресурстарды пайдалану электр энергетикасын дамытудың басым бағыттарының бірі болып отырғандығын айтады.

Мақат ауданында желдің күші арқылы өндірілетін электр энергиясын халық шаруашылығына қолдану мақсатында тың жобаны жуырда толық жүзеге асырмақшы. Мұның құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Жылдың көп бөлігінде желдің орташа жылдамдығы 4,5-5 м/с, қатты жел кезінде 10-15 м/с-қа дейін толассыз топырақты жел тұратын өңір облыстағы жел энергиясы станциясына қосылатын екінші аудан санатында.

Қысы-жазы желі толассыз соғатын мұнайлы аудан үшін желден электр энергиясын өндіру тиімді. Құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын станция сағатына 48 мың кВт электр энергиясын өндіріп, экологиялық тұрғыдан таза, баламалы, әрі шығыны аз қуат көзін тұтынушыға ұсынбақ.

Аудан әкімінің шешімімен Атырау–Мақат тасжолының оң жақ бетіне жел энергиясы қондырғыларын орнату үшін 500 гектар жер телімі бөлінген. Мақат пен Доссордың ортасынан салынған станцияда 24 жел генераторы орнатылды. Құрылыс жұмыстары соңына жетіп, жел қондырғыларын монтаждау толық аяқталған. Тіпті, станцияны іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізетін қосалқы станция да бар.

zhel 3 1

Желден электр қуатын өндіретін станцияның жел турбиналарының биіктігі – 106 метр, қалақшаларының ұзындығы – 43 метр. Ал, көлемі – 17/17 шаршы метр.

Жоба инвесторы «Дивитэл» ЖШС-нің өкілі Рүстем Əлібеков арнайы талдау жасалып, зерттеу жұмыстарының нəтижесінде осы жер таңдалғанын айтады.

– Құрылыс кезінде 45 адам жұмыспен қамтылды. Енді тұрақты жұмысқа 15 адамды қамту жоспарда бар. Жоба 2023 жылдың соңына дейін толыққанды пайдалануға беріледі, тек қол қою жұмыстары қалды. Станция толық іске кіріскен соң электр қуатын «АтырауЭнергоСату» ЖШС ай сайын сатып алып, үлестіреді. Қай жерде электр қуатының тапшылығы болса, сол учаскеге жеткізіп береді, — деді компания өкілі.

Жел электр энергиясының жобалаушысы – «КазПроект BV»ЖШС. Станция аумағында жұмысшыларға арналған қос қабатты жатақхана пайдалануға берілген. Онда жұмысшыларға асхана, қойма, киім жуу секілді арнайы бөлмелер, демалатын орындар қарастырылған. Жұмысшылар екі апта және бір ай көлемінде ауысыммен жұмыс істейді.

Айта кету керек, облыста электр қуатының тапшылығын жою үшін қолға алған ауқымды жұмыстар аз емес. Осы мақсатта желдің қуатын пайдалану арқылы энергия өндірудің алғашқы кезеңі басталған. Қазір Исатай ауданындағы Манаш ауылы маңынан да сағатына 36 мегаватт қуат өндіретін осындай жоба жүзеге асты.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button