ЖЕҢІС ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Ұлы Отан соғысының соңғы шешуші шайқастарындағы Кеңес жауынгерлерінің жорық жолдарынан мағлұмат беру мақсатында газетімізде «Дәл бұл күні осыдан 70 жыл бұрын» атты айдар ашып, 1945 жылдың сәуір-мамыр айларындағы ұрыс қимылдар хроникасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Кеңес әскерлерінің тегеурінді шабуылдарының нәтижесінде  Польшаның солтүстігіндегі Гдыня қаласынан Балтық теңізіне қарай тықсырылған фашистердің 2 армиясы талқандалды. Сөйтіп, жаудың Шығыс-Померан операциясының күлі көкке ұшты. Балтық теңізі жағалауына шыққан жауынгерлеріміз  Кольберг, Гдыня және  Данциг қалаларын жаудан тазартты.

1-Белоруссия майданының күшімен Германияның «Висла» армиясы тобының талқандалуымен жаудың қайта шабуыл жасау қабілеті жойылды.

Бұл күні 2-ші Украин майданының жауынгерлері Братислав-Бряновск операциясы барысында жойқын шабуылдарын үдете отырып,  Братислава қаласын жаудан азат етті. Словакия астанасы үшін болған ұрыстарға  Дунай әскери флотилиясының матростары да  қосылып, 23-гвардиялық атқыштар корпусы Дунайдың сол жақ жағалауына шықты. 4 сәуір күні майдан жауынгерлері Австрия-Чехословакия елдері шекарасына жетті.

Вена операциясы барысында кеңес жауынгерлері Морава-Брук өзендер сағасына шықты.  

Совинформбюроның сол күні таратқан хабарына қарағанда, 4-ші Украин майданының жауынгерлері Новы Тарг қаласының оңтүстік-батыс жағында чехословак әскерлерімен ұрыс қимылдарын жүргізе отырып, 60-тан астам елді мекенді жаудан тазартты.

2-ші Украин майданы әскерлері Словакияның маңызды өнеркәсіптік орталығы Братислава қаласына шабуыл ұйымдастырды. Осы уақытта майдан жауынгерлері кіші Карпат тауларынан өтіп,  Рарбок, Кухыня, Пернек атты елді мекендерін қолдарына алды.

 Дайындаған  Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз