Депутат тұрғындармен кездесті

d8cc148d a4b6 4873 b46d 7944508264f5 Жаңалықтар

Қыстың суығында апаттық жағдайға байланысты қаладағы көп қабатты үйлерде су тоқтап, кейбір ауданда жарық өшіп, жылу беру мәселесі де қиындаған еді. Соған байланысты туындаған мәселелерді тұрғындар мен қоғам белсенділері жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесуде айтып, әлеуметтік желілерде тұрақты көтеріп келеді.

e4006f30 da5c 4162 8c16 e036f94059da

Депутаттың жоспары

«AMANAT» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұрлыбек Даралиев сайлаушылар мен қоғам белсенділерінің ұсыныс-пікірін үнемі назарда ұстап, қала ішіндегі тұрғындармен арнайы кездесу өткізуді өз жоспарына енгізіпті. Жуырда жоспар бойынша өзі сайланған №2 сайлау округіне қарасты аумақтағы көп қабатты үйлердің жылуы мен суына қатысты ахуалды аралап көрді.

Бұл округтегі СМП-136, СМП-163, Вокзал маңындағы ІІІ, ІІІа, V, «Алмагүл» шағынаудандары, Абай, Мұса Баймұханов, Берқайыр Аманшин, Махамбет, Ғизат Әліпов, Николай Неверев, Огородный көшелеріндегі бірнеше үйдің  тұрғындарын толғандырған мәселелерді тыңдап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Халықтың жағдайына алаңдаған депутат әбігерге салған апаттық жағдайдан соң кейбір үйлердегі жағдай әлі де қалпына келмегенін жасырған жоқ. Осы мәселені көзбен көріп, тиісті мекемелерге жеткізуге уәде берген ол жөндеу жасалып жатқан үйлерді де атап өтті.

7ac27932 ff9c 4997 979b 797dd901fbe5

– Огородный көшесіндегі екі үйдің апаттық жағдайда екені туралы шешім шығып тұр. Жөндеу жұмыстары қалалық әкімдіктің көмегімен жасалады. Алдағы уақытта тұрғын үйлердің төбесін жөндеп, сыртын қаптайды. «Алмагүл» шағынауданындағы №19 үйдің электр желісі қалпына келтіріліп жатыр. Осы тексеру барысында «Вокзал маңы-V» шағынауданындағы №9 үйде апат болды. Оны жөндеуге мамандар жұмылдырылды. Жекеменшік үйлерді түгел аралап шығудың мүмкіндігі жоқ екенін білесіздер. Сондықтан, мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері арқылы сөйлесіп, үйлердің жылуын қарап жүрміз. Тұрғындар тарапынан да түсініспеушілік болып жатады, бірлесіп шешу үшін осы жұмыстарды қолға алдық, – деді Нұрлыбек Нұрболұлы.

Тұрғындармен кездесуде қалалық мәслихаттың депутаты, «Атырау жылу желілері» АҚ президенті Әлібек Темірғалиев те қордаланған мәселелерге үңіліп, нысандардың қалыпты режимде жұмыс істеуін бақылауға алды. Жылу желілеріне жауапты кәсіпорынның басшысы жылу беру барысы күн райымен де байланысты екенін айтады. Егер күн салқындаса жылу беру қысымы көбейтіліп, жылынғанда азайтылады. Құрылыс нормалары мен ережесі бойынша пәтердің ішінде температура +20-22 градус болуы шарт.

– Кейде пәтерде апат болып, схема бұзылып жатады. Құбыр бойында жылу болмай қалады. Соған байланысты әлеуметтік желілер мен кезекші диспетчер арқылы, кейде жылу-электр орталығы немесе біздің кеңсеге жазбаша арыз түсіреді. Қазір кәсіпорын мамандары жылы су құбырларының апатын анықтап жатыр. Біз барлық арызды қабылдап, инспекция басшысына жібереміз. Олар ақаудың қай тараптан екенін анықтап, шешу жолдарын ұсынады. «Атырау жылу желілері» кәсіпорны жылуды үйге дейін әкеліп береді, одан әрі ұйымдастыру шаралары – ПИК-тің құзырында, – деді Әлібек Нариманұлы.

4b5aeeb2 9df5 4227 9310 19a0749c76c6

Депутаттармен бірге тұрғын үй массивін аралап жүріп білгеніміз, кейбір пәтерде шойын құбыр ескі күйінде тұрса, кейбіріне қысыммен тексеру жұмысы жүргізілмеген.

Жаңғырса үйің, жақсарар күйің

Облыстық мәслихаттың депутаты, Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Н.Даралиев қаладағы күрделі проблемалардың бірі – орталық кәріз жүйесіне қосылу мәселесін де қозғап жүр.

– Облыс және қала әкімдіктерімен ақылдасып жатырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ескі кәріздік сорғы станцияларына жөндеу жүргізбей, кәріз жүйесін жүргізуді жалғастыра берсе ақаулар көбейе береді. Өйткені, кәріздік сорғы станциялары әбден тозған. Алдағы жылы ескі станцияларды жөндеу жұмысы басталады. Сосын жоспар бойынша жекеменшік секторға орталық кәріз жүйесін жүргізе бастайды. Сондай-ақ бау-бақшаға берілген жерлерден тұрғындар жеке тұрғын үй құрылысын салып, асфальт төсеуді ұсынып отыр. Оған қатысты проблемалар туындамас үшін де жұмыс жүріп жатыр. Жасалып жатқан жұмыс аз емес. Өкілетті орган болған соң тұрғындардың арыз-шағымын түбегейлі шешуге қолдан келген мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз, – деді депутат.

Үйлерді аралап жүріп, Ғ.Әліпов көшесіндегі көп қабатты үйдің тұрғыны Светлана Жамбекованың пәтеріне бас сұқтық. Пәтердегі  жылу жақсы, еш шағым айтылған жоқ. Ал, Махамбет көшесіндегі он екі жыл бұрын жаңғыртудан өткен үйде өзін Ольга Калачова деп таныстырған «Эвелина» ПИК-нің директоры үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты. Қарамағындағы он үйге қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме басшысы кәріз жүйесіне қатысты күрделі мәселе бар екенін жасырмады.

– Жаңғырту жұмыстары жүргізілге-німен, сапасы көңіл көншітпейді. Орталық кәріз жүйесі бітелген кезде лас су жертөлеге құйылады. Бар мүмкіндігімізше қолдан келгенін жасап, жертөлені сақтауға тырысып келеміз. Жылуды шығарып, судың ағуын алдын алып отырамыз. Осыған дейін басшы болған азаматтар барлық кінәні жобалық-сметалық құжаттамасын жасамаған бұрынғы басшыларға арта салатын. Енді мұның қашан шешілетіні белгісіз, – деп мұңын шаққан Ольга Гавриловна жылу мен судан шағым жоғын айтты.

Қынжылтарлығы сол, тұрғын үйге жақын маңдағы жекеменшік базардың қоқыс жәшігі қоршалмағандықтан, жел тұрса айналаға шашылып жататын көрінеді. Ал, құзырлы органдар мораторийға байланысты базар иелерін тексере алмайтынын айтыпты. Депутат бұған байланысты өзінің атына хат жазу керектігін қаперге берді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз