Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Жеңілгенді мойындау да – тектілік…»

Жүрсін  Ерман,

Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының төрағасы:

%d0%b6%d0%b5%d2%a3%d1%96%d0%bb%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b4%d1%96-%d0%bc%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d1%83-%d0%b4%d0%b0-%d1%82%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba

Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан» атты кітаптардың авторы, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерман жақында іссапармен  Атырауда  болған еді.

Жүрсін Ерманның аты аталса-ақ алаш баласының есіне алдымен айтыс түсетіні кәміл. Халқымыздың ұлы өнерін ұлықтауға сіңірген еңбегі ересен.  Бүгінгі күнге дейін табаны тасқа кетілмей жеткен ауыз әдебиеті мұрасының бапкерімен әңгіме қазақ поэзиясының қазіргі деңгейі жөнінде өрбіген болатын.

Жүрсін Молдашұлы, синкреттік жанрға жататын айтыс өнерінің негізгі мақсаты – сөз құдіретін сезіндіру. Атамыз қазақ ежелден бір ауыз сөзге тоқтаған. «Сөз тапқанға – қолқа жоқ» дегеннің астарында да осы жатқаны анық. Мәселен, Шөже, Балта, Кемпірбай, Сүйінбай сынды айтыстың ерен жүйріктері өздерінің жеңілгенін халық алдында мойындаған. Бұл да сөзді, айтысты қадірлеудің айғағы.  Шөже ақынның Кемпірбайдың «соқырсың» деп кемсіткеніне:

«Мұқтасар сөзім майда тақтасындай,

Бұқардың омырауым қақпасындай.

Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ,

Сен қыларсың атаңның қақ басын-ай», — деп жауап бергені, сол кезде Кемпірбайдың:

«Келіп ем осы тойға өктемденіп,

Жүруші ем қу соқырдан секемденіп.

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,

Жығылдым екі аяғым көктен келіп» — дегені – олардың мәрттігінің айғағы. Айтысқа деген құрметі, ел сеніміне деген жауапкершілігі.

Ақын Сара Тастанбекқызы да Біржан салдан жеңілгенін: «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» — деп мойындамап па еді? Бүгінде жеңілгенін осылай топ алдында мойындайтын ақынды мен ешқашан кездестірмеппін. Жеңіліп отырса да айтысты одан әрі созғылап, сөз қадірін түсіреді. Тіптен, көрерменді ыза қылады. Сонда бұл айтыстың дамығаны ма, әлде кері кетушілік пе? Айтыста жеңілгенін мойындаған дұрыс па, әлде елең етпестен жауыр болған тіркестерді жалғастыра беру қажеттілік пе? Осыған қалай қарайсыз?

– Өте дұрыс сұрақ. Иә, қазақ – сөзге тоқтаған халық. Халқымызда сөзге тоқтау, сөзге қонақ беру деген болған. Бұның өзі – «өнер алды – қызыл тіл» деп қадірлеген сөз өнеріне деген құрметтің де көрінісі. Менің айтыскерлерді баптап, қазақ айтысының, бүгінгі айтыстың бел ортасында жүргеніме де біраз уақыт болды. Алайда, осы жылдарда сөзге тоқтаған бір ғана ақынды кездестірдім. Ол– Баянғали Әлімжанов. Айтыста жеңілгенін мойындап, сахнадан тұрып кетті. Қазылар алқасының құрамында болған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев екеуіміз Баянғалидың осы мәрттігін бағалап, екінші айналымға қосқан болатынбыз. Бірақ, ол сахнаға қайта шықпады. Міне, осыған қатты сүйсініп, іштей толқып едім. Шын дарын ғана осылай өзіне сын көзбен қарайды. Бұның арғы жағында айтысқа деген құрмет, туабітті талант пен қандағы тектілік жатыр. Өкінішке орай, бүгінгі таңда ондай қасиетті жастардан көре алмай жүрміз.

Сөздің қадірін ұғып,  киесін сезіну – барша ақын-жазушылар мен қаламгерлерге өте қажет қасиет. Қазіргі жас ақындардың кейбірінің өз буына өзі пісіп, ет пен терінің арасындағы жел сияқты болмашы нәрсеге күпсініп, өзге жұртқа астамси қарайтынын да көріп жүрміз.  Ақын – халықтың өкілі, бұқараның мұңын жеткізуші, жұртшылықтың сөзін сөйлеуші жанашыры. Осыны сезіну үшін жас ақындарды баулып, «жұлдыз боп аспанға ұшып кетуден» сақтандыратын, ақынның неғұрлым талантты болған сайын қарапайым бола түсетінін ұғындыратын орта керек. Себебі, бидайдың дәні неғұрлым көп болса, соғұрлым басы иіле түседі, ал, дәнсіз құр кеуектің басы иілмейді. Осыны түсінетін кез жеткен  сияқты.

Айтыскерлерді тәрбиелеу, баулу мақсатында осыдан бес жыл бұрын  Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағын құрған болатынбыз. Оның Атыраудағы өкілі – Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының  директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қойшығұл Жылқышиев. Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер орталығы ашылды.

Бұның арғы жағында өнерлі жасты ұштау, айтыстың мақамдарын үйрету, сөзді ойната білуге баулу жатыр. Қазіргі таңда жастар өсіп келеді. Әсіресе, Павлодар  облысы  айтуға  тұрарлықтай. Таланты бар жас өренді айтыс өнеріне баулып, осы мақсатта тренингтер өткізіп, ақындардың ғылыми-тәжірибелік  конференцияларын ұйымдастырамыз. Әлбетте, дарынды, талантты қолдан жасай алмаймыз. Ол – әкенің қаны, ананың сүтімен берілетін қасиет.

Өлең – көңіл-күйдің эмоциялық иірімдерінен сол сәтте төгіліп түсетін импровизациялық туынды. Бұл – айтысқа ғана емес, жазба ақындарына да ең қажет қасиет. Тума дарынның көрінісі. Ал, қазіргі таңда белгілі бір тақырыпқа әдейі өлең құрау, ұйқастарды зордың күшімен келістіру, яғни, өлеңді имитациялау белең алып келеді. Содан шығар, кей ақындардың өлеңінің шумағы түгіл, бір тармағына түсіну қиын. Өздері күрделі ойға, философияға құруға тырысу керек деп ойлайтын шығар. Алайда, «жетектеген төбет қасқырға үрмес» дегендей, өлеңді әдейі құрастыру жақсылыққа әкелмейтіні даусыз.  Қазақ поэзиясының алыптары Әбу, Хамит, Жұмекен, Мұқағали, Фариза, Тұманбай, Қадыр ақындардың қай өлеңін алсақ та эмоциялық бояуы қанық, көкіректен шымырлап келіп тұрған дарын бұлағының күші сезіледі. Өлең шабытпен, сарқыраған тасқындай болып төгіліп тұрса, әр адам ол өлеңді өзі жазғандай күй кешеді емес пе? Ал, өлеңді қолдан құраған кезде бұндай эмоциялық-экспрессивтік бояу сезілмейтіні ақиқат. Өйткені,  ол – жасанды сезімге құрылған туынды. Бұған  сіз  қалай  қарайсыз?

– Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап, өлеңде, соның ішінде айтыста импровизацияның сақталғанын дәлелдеу үшін сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы және басқа да айтыстарды ұйымдастырып келеміз. Сонда көзіміз жеткені – қазіргі айтыс ақыны табан астында сөз таба алады. Әрине, заманға қарай айтыс өзгерді. Ақындарға талап қойылады, тақырып беріледі, уақыт шектеулі. Сонымен қатар, «заготовка» белең алуда.  Әрине, қолдан жасанды өлең құрау дұрыс емес. Жүректен сарқырап, қайнап шыққанға не жетсін?!

Бір айтыста айтқан сөз тіркестерін,  екінші бір айтыста қайталап айтатын ақындарды да көріп жүрміз…

– Шын ақын бір айтқан сөзін ешқашан қайталап айтпайды. Айтыскерлер олай жасамайды. Әсіресе, мен отырған жерде. Сіз айтып отырғандай жағдай болды. Оның өзі – ақынның  айтысқа дайындалмай келгенінің, жауапкершілікті жете сезінбеуінің көрінісі.

Қазіргі қазақ поэзиясының деңгейі қандай?

– Біз орыс тілін білу арқылы әлемдік әдебиетпен таныспыз. Сондағы айтайын дегенім, біздің поэзия – әлемдік деңгейдегі ең биік поэзия. Жетіліп кеткен. Бір кездері жазба поэзия өкілдері айтысқа астамшылықпен, менсінбеушілікпен қарайтын. Алайда, қазіргі айтыс ақындары өсті. Айтыстың поэзиясы өсті. Қазіргі додада айтылатын тіркестер жазба поэзиядан бір кем емес.

– Қазақта ақындық өнерді «өмірім» деп санаған сал-серілер көп болды. Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Балуан Шолақтың өмірлері осыған дәлел. Қазіргі таңда сал-серілер бар ма? Кімдерді олардың  сарқыты дер едіңіз?

– Салдың да, серінің де заманы өтіп кетті. Урбанизация оған сұранысты азайтты. Қазір сал-серілер жоқ. Бірақ, солардың көзіндей боп Дәулеткерей Кәпұлы, Төлеген Жамаловтар жүр. Қазіргі таңда сал-серінің салтын сақтау қиын. Еуропада да «рыцарьлар» дәуірі болды ғой. Сол сияқты.

Қазіргі жазба ақындардың көбінің жазатыны – күйреуік, жылауық сезімді жырлайтын пессимистік сарындағы өлеңдер. Жыраулар поэзиясындағы буырқаныс, дауылды да отты жырлар жоқтың қасы.  Лирикалық кейіпкері өмірден сағы сынған, махаббаттан жолы болмаған. Бұл өлеңдер ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелей алмасы анық. Жыраулар сарынында, отаншылдық рухта жазатын ақындар деп кімдерді айтар едіңіз?

– Патриотизмге толы, рухты көтеретін жырлар жазатын ақындар бар. Мәселен, қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы. Ал, пессимистік сарынға келер болсақ, ақындар мектеп партасынан шыға сала «ақынмын» деп жар салады. Олар өмірді білмейді, сондықтан әлгіндей өлеңдер жазады. Ақын ең алдымен Алматы, Астанаға ұмтылмауы  керек. Ауылда жүріп, өмір көруі тиіс.  Мәселен, бәріміз де оқу бітіріп ауылда еңбек еттік.

Тургеневтің, Абайдың кезіндегі әкелер мен балалар арасындағы бір-біріне көңілі толмаушылық, бірін-бірі түсінбеу бізде де бар. Ол өмір болғасын жалғаса бермек. Бірақ, шын ақын өз биігінде қалады. Біреулер даңқ, дақпыртқа ие болып жүргенімен өмір бәрін өз орнына қояды. Шын дарын ғана Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Тұманбай, Жұматайлардың сапына қосылады. Қалғаны өтпелі дүние, ысырылып қалады. Жаңағы айтып кеткен ұлы ақындардың биігінен қарау – поэзия талабы. Ол – мәңгілік.

– Әңгімеңізге  рахмет. 

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button