Жазу өнерінің жорғалары
Республикалық БАҚ басшылары Атырауда бас қосты
Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Атырауда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына арналған баспасөз туры өткізілді.
Осыған орай ел ордасы – Астана мен Алматы қаласынан келген қонақтар алдымен қазақтың көрнекті ақындары, Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова мен Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Ұлтымыздың талантты да біртуар тұлғаларының рухына тағзым етті.
Баспасөз турының бағдарламасына енгізілген айтулы шаралардың бірі «Қазақтың қанатты қызы» атанған Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Хиуаз» атты кітаптың тұсаукесері еді. Атырау облысы әкімдігінің, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының қолдауымен биылғы жылы жарық көрген бұл еңбектің құрастырушысы республикалық «Айқын» апталық газетінің аймақтағы меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова болатын. Кітапта қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыздың көзі тірісінде өз қолымен жазып қалдырған «Халқым үшін» және «Под командованием Расковой» атты әскери күнделіктері, батырдың ерлігі мен есімін ұлықтау мақсатында әр жылдары мерзімді басылымдардың беттерінде жарияланған мақалалар мен сұхбаттар қамтылған.
Атырау топырағында дүниеге келіп, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы майданда ерлікпен шайқасқан әскери ұшқыш-штурман, қазақтың қайсар қызы туралы соңғы жылдары көп жазылып жүр. Даңқты жерлесіміздің соғыс кезінде атақты ұшқыш Марина Раскова басқарған түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Қанатты қыз Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат ету жолында әуеге үш жүз рет көтеріліп, Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлесін қосты. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада кітаптың тұсаукесері өткізілді. Оған Атырау облысының Құрметті азаматтары Айдын Айбаров пен Мәдина Ғабдысәлімова қатысып, тұсау кесу рәсімін жасады. Басқосуды танымал қоғам қайраткері Ирак Елекеев жүргізіп, ұйымдастырушылар атынан алғашқы сөз кезегін Қазақстан Журналистер Одағы облыстық ұйымының жетекшісі Қуандық Батыров алды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев республикалық БАҚ өкілдеріне «Қош келдіңізін» айтып, баспасөз турының жұмысына сәттілік тіледі.
Кітаптың мазмұны жайында оның құрастырушысы Тұрсын Қалимова баяндады. Одан соңғы сөз кезегін қонақтар еншіледі. Олардың арасында Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев, республикалық «Қазақ әдебиеті» апталығының бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Байтілесұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Таңшолпан» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, «31 арна» ЖШС-нің шеф-редакторы Саясат Бейспаев жаңа кітап төңірегінде ой-пікірлерімен ортақтасты.
Бұған дейін де әңгіме арқауына айналып жүргеніндей, Атырау халықаралық әуежайына батырдың есімін беру туралы ұсыныстың аяқсыз қалмауы тиістігін, ескерткішін де қаланың көрнекі бір тұсына орнатып, басқа да шаралар алынуы керектігін алға тартты.
Кеше түстен кейін қонақтар өңіріміздің өндіріс алаңдарына шығып, «Карат» ЖШС, «Дәулет» индустриалдық аймағында, «АтырауАгроФеликс» және «КаспийЛанаАтырау» ЖШС-терінде болып, кейінгі жылдары іске қосылған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Дәулетқали Аруев
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.