Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жазғы лагерлер жұмысын бастайды

Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Маусым айынан бастап облыстағы жазғы лагерлер балдырғандарға есігін айқара ашады. Бүлдіршіндер үшін бұл демалыс орындарының биылғы жаңашылдығы қандай? Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қалай жүзеге асады?

Облыстық білім беру басқармасынан білгеніміздей, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында қала сыртындағы 4 лагерь жұмыс жасайды. Олар – Атыраудағы «Бесікті», Индердегі «Жас өркен», Махамбеттегі «Арай», Ресейдің Железноводск қаласындағы «Геолог Казахстана». «Арай» лагеріне күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты мұнда қамтылуға тиісті 480 баланың демалысы орта мектептердің базаларында ұйымдастырылуда. Жалпы, қала сыртындағы лагерлерде 3488 бала демалады деп жоспарланды. Сондай-ақ, «Жас өркен» лагерінде қазір жөндеу жұмыстары басталды. Мектеп жанында тамақтандыруымен 145 лагерь ашылса, оның 8-і шипажай үлгісінде болады. Бұл орындарда 7–14 жас аралығындағы 9 780 бала демалады. Ал, 159 тамақтандырусыз, 165 математика-жаратылыстану бағытындағы бейіндік, 104 дебаттық, 141 тілдік лагерлердің жұмысы ұйымдастырылады. Өткен жылы демалыстың бұл түрлерімен 107 208 бала қамтылса, биыл 115 170 бүлдіршін қамтылады деп жоспарланды.

ӨЛКЕНІ ТАНУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Биыл балалар үшін туристік-өлкетану жұмысын дамытуға да көңіл бөлінуде.

«Үш жылдан бері қала, ауыл сыртында, туристік дағдыларды меңгерту мақсатында облыста шатырлық лагерлердің қызметі ұйымдастырылуда. Бұл ретте биыл барлығы 1752 жасөспірімнің қатысуымен 72 шатырлық лагерь жұмыс жасайды. Жазғы демалыстың бұл түрі бұған дейін тек Қызылқоға ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ендігі уақытта Мақат, Махамбет аудандарында да шатырлық лагерлер жұмыс жасайды» дейді басқарманың бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиева.

Мектеп жанындағы табиғат аясындағы 1-2 күндік өлкетанушылық экскурсияларға 25-30% оқушы қамтылады. Сондай-ақ, оқушылардың жаздағы бос уақытын қамтуды ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджет қаражатынан өзге компаниялардың демеушілік көздері тартылады. Жылда «Атамекен» туристік-өлкетану жорығы өткізіледі, оған 80 оқушы қамтылады. Білім беру басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенділерін ынталандыру мақсатында Астана қаласына саяхат жоспарланған.

ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

Басты мәселенің бірі – жаз мезгіліндегі балалардың өмір қауіпсіздігі. Соның ішінде: лагерьдің жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін балалардың ата-аналардың қолына аман-есен тапсырылуы. Сондай-ақ, балалардың суға кету фактілерінің орын алуы алаңдатады.

«Министрліктің қойып отырған бірінші мәселесі – баланы жүзіп үйрету. Бұл ретте іс-шаралар жоспары жасақталып, 74 қаңқалы-модульды бассейндер сатып алынды» дейді басқарма өкілдері.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Соңғы екі жылдан бері ұйымдастырылған жаңа жұмыс түрі – «Жас шабақ құтқарушылар» топтарын құру. Биыл 26 мектеп жанынан осы топтардың қызметі жүргізіледі. 161 мектеп жанынан «жасұландықтардың» жазғы мектебі қызмет жасайды. Білім беру басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткен жазда үздік «жасұландықтарға» Астана, Түркістан қалаларына саяхатқа жолдама берілді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button