Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылып отыр?
Жазғы демалыс балалардың денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін шынықтыруға, білімін толықтырып, жаңа оқу жылын күш-жігермен, ынтамен бастауға ықпал етеді. Бұл ретте жайраңдаған жаздың қуанышы балалар лагерінен бастау алатыны сөзсіз. Сондықтан, балалар лагері болашақ ұрпақтың жан-жақты қалыптасу талаптарына сай болуы керек. Осы жұмыстар биыл біздің өңірде қалай ұйымдастырылуда? Бүлдіршіндердің демалысы жанға жайлы ма? Тақырып аясындағы осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.
Балалардың жазғы демалысын, олардың сауықтырылуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруда лагерлердің екі типі болады. Бірі – қала сыртындағы лагерлер. Бізде осындай 3488 баланы қамтитын төрт лагерь жұмысын бастады. Олар – Атырау қаласындағы «Бесікті», Индердегі «Жас өркен», Махамбеттегі «Арай», көршілес Ресейдің Железноводск қаласындағы «Геолог Казахстана». Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, осы жылы бөлінген қаражат көлемі өткен жылдармен салыстырғанда артқан. Десек те, аймақтағы барлық аудан балаларын қамтитын «Тұлпар» демалыс лагерінің материалдық базасының төмендігінен қиындықтардың бары рас.
– Бұған дейін нысанға күрделі жөндеу жоспарланды. Алайда, құжаттарының дайын болмауы себебінен бұл жұмыстар биылға ығыстырылды. Тамыз айының ортасында күрделі жөндеу құрылыстары басталады. Ал, лагердің ашылуына ағымдағы жөндеуге қаражат қарастырылып, дайындық жүргізілді. Бесінші маусымнан басталған лагерь қызметі жөндеуге байланысты ерте аяқталады, — деді Алмагүл Бахқызы.
Айта кету керек, өткен жылы аймақта 100 537 бала жазғы демалыста лагерлермен қамтылды. Бұған қазынадан бөлінген қаражаттың көлемі көбейтіліп, өндірістік компаниялардың демеушілігімен қол жетті. Оның ішінде «НКОК-тың» қолдауымен Италия елінде – 40, Көкшетаудағы және Қапшағайдағы «Балдәурен», Алматыдағы «Бөбек» сынды демалыс орындарында 48 649 бала демалды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда.
Мектептегі белсенді демалыс аймағы
Айта кету керек, ақылы түрдегі лагерлерге жіберуге кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Қала сыртындағы демалыс алаңдарының жолдамасы аталған басқарма тарапынан дарынды балаларға, әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларына, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарға тегін беріледі. Ал, құны жоғары демалыс орындарынан құр қалғандар үшін екі типтегі лагердің бірі саналатын мектеп лагерлері де ыңғайлы. Осы жұмыстар биыл 149 білім беру ұйымында жасақталды. Мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерлерде 7-14 жас аралығындағы 11 275 бала демалады.
Бұдан басқа жоғары сынып оқушыларының бос уақытын тиімді қамтуда мектептердің жанынан 569 тамақтандырусыз, бейіндік, дебаттық, тілдік лагерлер де қолға алынды. Мұнда барлығы 41 848 бала қамтылады. Оларға математикалық-жаратылыстану бағытындағы оқу, пікірталас, сөзжарыс, шешендік өнерді дамыту, шет тілдерін оқыту ұйымдастырылады.
Тағы бір айта кетерлігі, шатырлық лагерлердің де маңызы зор. Бұл қала, ауыл сыртында, туристік дағдыларды меңгерту мақсатында ұйымдастырылады. Өкінішке қарай, өңірде үш жылдан бері қолға алынған демалыстың бұл түрі Қызылқоға ауданында ғана жоғары деңгейде жүргізіледі. Мақат, Махамбет аудандарында жылда лагердің осы түрі ұйымдастырылмайды. Биыл бұл жұмысқа 972 жасөспірім қатысады.
Лагерь – демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мектебі, үгіт-насихат құралы. Жеткіншектер онда жай демалып қана қоймай, әрі денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді. Туған жерінің сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында табиғатты аялау, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сананың қалыптасуына әсер етуі керек. Аталған басқарманың бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, бұл бағытта балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға біраз бетбұрыс жасалды.
– Мектеп жанындағы табиғат аясындағы 1-2 күндік өлкетанушылық экскурсияларға 25-30% оқушы қамтылады. Сондай-ақ, оқушылардың жаздағы бос уақытын қамтуда ТШО компаниясының демеушілігімен он жылдан бері маусым-шілде айларында жоғары сыныпта оқитын дарынды оқушылары үшін Новосибир жазғы физика-математика мектебінің жұмысы ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл шараға 150-ден астам бала қатысады, — деді А.Қайырлиева.
Тәрбие бөлімі басшысының сөзінше, жоғары сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде еңбек практикасы есебінен мектеп ішінде еңбекпен қамтылады. Мұнда арнайы көгалдандыру топтары мектеп ауласындағы талдарға су құю, күтіп, баптаумен айналысса, құрылыс-жөндеу бригадалары негізінен тазалық жұмыстарын жасайды.
Жұмыстың тағы бір түрі – «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы арқылы бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Қала, аудандар арасындағы салыстырмалы жасұландықтармен қамту көрсеткіші бойынша Қызылқоға ауданы төменгі көрсеткіште.
Қауіпсіздік қалыс қалмасын!
Демалыстың орны бір бөлек деп, оны көңілді өткізу өз алдына, балалардың жеке басының қауіпсіздігі мен денсаулығын ерекше назарда ұстау – басты мәселе. Соның ішінде суға кету фактілерінің орын алуы алаңдатпай қоймайды. Мұның алдын алуда министрліктің алға қойып отырған басты міндеті – баланы жүзіп үйрету.
Қалай десек те, суға кету фак-тілері мен лагерлердегі қауіп-сіздікті алдын алу маңызды.
– Биыл суға түсу маусымы басталмай жатып, қайғылы оқиғалар тіркеліп үлгерді. Жыл басынан бері тоғыз баланың суға батып кеткені өкінішті. Олар пирста ойнап, балық үшін ау құрып, тыйым салынған жерге шомыламын деп қатерге душар болды. Осындай жағдайларды алдын алуда мектеп оқушыларының жазғы демалысында «Тұлпар», «Арай» және «Жас Өркен» лагерлерінде шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік шараларын сақтауда сабақтар, үгітнасихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, — дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі маманы Жанар Қаржаубаева.
Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Эльмира Ғұмаровадан білгеніміздей, балалардың бойында қауіпсіздік дағдыларын қалып-тастырып, білімдерін арттыру және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге үйрету мақсатында мектеп жанынан ашылған 15 лагерде оқушылармен және жауапты мамандармен профилактикалық жұмыстар өтті. Шығармашылық тапсырма ретінде өрт қауіпсіздігі тақырыбында сурет салғызып, викториналық сұрақтар арқылы балалардың білімдері пысықталады. Бесікті ауылдық округінде орналасқан «Тұлпар» тынығу лагері ғимаратында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша тексеру жүргізу жоспарланды.
P.S. Балалық шағын ұмыта қоймаған жасөспірімдер үшін жазғы демалыс орындарында тынығудың мәні көп. Алайда, олардың өмір қауіпсіздігі қашан да алдыңғы кезекте. Қоғамды дүрліктірген өрт оқиғалары мен жазғы лагерлердегі тамақтан улану фактілері кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Демек, олқылықтарға жол берілмес үшін лагерлердегі сақтық шараларын әлі де арттыру маңызды.
Алтыншаш Құрмашева