Қазақстан германиялықтарға құрт және жент жасауды үйретіп жатыр

ITB Жаңалықтар

Atr.kz/7-наурыз. 2019 жыл. Қазақстан туризмі әлемнің ең ірі туристік көрмесі – ITB Berlin-де таныстырылды.

Көрме аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Messe Berlin келесі жылы Астанада берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін өткізу бойынша келісімге қол қойды.

 Дүние жүзіндегі ең ірі халықаралық туристік көрме ITB Berlin-ге әлемнің 181 елі қатысуда.

Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіповтің қатысуымен көрмедегі қазақстандық стендтің ашылу салтанаты өтті.

B91A1441

Ресми ашылудан кейін стендте «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Messe Berlin арасында берлиндік көрменің аналогы ITB Eurasia көрмесін келесі жылы Астанада өткізу жөніндегі келісімге қол қою рәсімі өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің және Алматы қаласының Туризм басқармасының қатысуымен ұйымдастырылған қазақстандық стендтің негізгі концепциясы – еліміздің мәдениеті мен этника болды.

Биыл Берлин қаласындағы көрмеде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұлттық тағамдарға, көшпелі өркениет мұрасына, Қазақстанның мәдени және табиғи орындарына ерекше мән беріп, этникалық және мәдени туризм тақырыбын ұсынды.

Стендте өтетін шеберлік сыныптарында қонақтарымыз құрт және жент жасауды, сазсырнай музыкалық аспабын жасауды үйрене алады. Сондай-ақ көрмеде бірегей «бармен-шоу» өтпек: қонақтарға қымыздан жасалған түрлі коктейльдерден дәм татуға мүмкіндік беріледі.

Осылайша, бес күн ішінде қазақстандық стендте келуші қонақтар еліміздің мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысады. Бұған қоса, көрмеге келушілер Бозжыра шатқалы бейнеленген фотозонаның алдында суретке түсіп, виртуалды шындық көзілдірігін тағып көріп, дәстүрлі дастархан түрінде жасалған арнайы b2b аумағында қазақстандық туристік компаниялармен келіссөздер жүргізе алады.

Көрмедегі қазақстандық делегация құрамына 30-дан аса адам кіреді, олардың ішінде елге турист әкелуші туристік компаниялардың, қонақ үйлер мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдері бар.









Статистикалық алдын ала деректер бойынша, 2018 жылы Германиядан Қазақстанға келген адамдар саны 100 мыңға жуық

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

itb berlino


Қазақстан ITB көрмесіне жыл сайын қатысып келеді. ITB халықаралық туристік көрмесі (Германия, Берлин) 1966 жылдан бері жыл сайын өткізіледі және жаһандық туристік ұсыныстар үшін негізгі бизнес-платформа болып табылады. Бұл – ең ірі әрі келушілер саны ең жоғары туристік көрме. Көрменің 26 павильонында туризмнің қазіргі кездегі барлық бағыттары, яғни тарихи-мәдени және белсенді туризмнен бастап круиздер мен СПА-демалыстарға дейін, барлығы көрсетілетін болады.

B91A1392
B91A1454
B91A1593
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз