Жарнама
Жаңалықтар

Жауапты қызметтегі нәзік жан

Бүгінде нәзікжандыларды полиция қызметінде көру ешкімге де таңсық емес. Нардың жүгін арқалаған бұрымдыларды қазір құқық қорғау органдарының әр саласынан кездестіруге болады. Солардың қатарында Исатай аудандық полиция бөлімінің қызметкері Жанаргүл Дәулеткерейқызының есімі аталады.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен жоғары білім алып, заңгер мамандығын меңгерген ол ішкі істер органдарындағы жұмысын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеде (бүгінде – ювеналды полиция) қатардағы инспекторлықтан бастады. Әрине, балалармен, әсіресе, жасөспірімдермен жұмыс істеу оңай емес. Олардың тілін тауып, заңдылықтың сақталуы төңірегінде түсінік шараларын жүргізу, мектеппен, ата-анамен тығыз байланыс орнату қажет. Осылай бірлесе жұмыс жасағанда ғана белгілі бір нәтижеге жетуге, құқық бұзушылықтың алдын алып, жас өскінді жат қылық, жаман әдеттен сақтандыруға болады. Жанаргүл де күн сайын осы талаптарды қатаң ескеріп, басшылыққа алды. Әр қадамын, іс-әрекетін бір арнаға тоғыстыруға тырысты. Кемшіліктен тиісті қорытынды шығарып, жетістікке масайрап, мақтанған жоқ. Керісінше, жұмысын одан сайын ширата түсуге ұмтылды. Сөйтіп, уақыт өте келе кәсіби шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толысты.

Әріптестерінің құрметі мен басшылықтың сенімін, халықтың алғысын иеленді. Мұны оның ауылдастары мен жұмыстастарының жылы лебіздері де растайды. Оның үстіне, Жанаргүл Қазақстан полициясының құрылғанына 25, 30 жыл толуына арналған мерейтойлық медальдармен, өзгеден аградалармен марапатталған. Роберт ҒҰМАРОВ , Аққыстау ауылының тұрғыны:

– Жанаргүл бастапқыда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшеде жұмыс жасады. Бүгінде ол – аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі. Шаруасы түсіп, алдына келген үлкен-кішіден ешқашан кеңесі мен көмегін аяған емес. Қажет кезінде қайырымдылық жасап, қолынан келгенше жәрдемдесіп жіберуге де дайын.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ , облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Шынында заты әйел, бала тәрбиелеп отырған ана екеніне қарамастан, қоғамдық тәртіптің қырағы күзетінде ер-азаматтармен иық тірестіріп, қауіпті де қиын қызметті мінсіз атқарып келеді. Сол үшін де көптің ризашылығына бөленіп, құрметіне кенеліп жүр. Жанаргүл Дәулеткерейқызының қалтқысыз қызметі аудандық полиция бөлімі мен жоғары басшылық тарапынан лайықты бағаланып жүргенін мақтанышпен айта аламын. Қиындығы да жетерлік, жауапкершілігі мол қызметтегі Жанаргүл отағасын қашан да өзінен бір саты жоғары қойып, құрмейттей білетін адал жар, перзенттерін аялап, жан жылуын аямаған мейірімді ана. Жұбайы Ардақ Алфаритұлымен екеуі бірлігі жарасқан тату отбасында ұл мен қызын тәрбиелеп отыр.

– Ойлап отырсам, осы салада табан аудармастан еңбек еткеніме жиырма жыл болған екен. Егер бізде бір жылдың жыл жарым мерзімге есептелетінін ескерсек, жалпы жұмыс өтілім отыз жылға жуықтайды. Алғаш рет аудандық бөлімнің табалдырығынан аттағанда, еңбек жолымды қатар бастаған әріптесім Гүлзада Сапаева қазір қызметтестен гөрі жаныма жақынырақ, сыр бөлісетін құрбыма айналды. Екеуміз бір бөлімшеде қызмет істейміз. Ол уақытша ұстау изоляторының қызметкері, полиция старшинасы. Бірімізден біріміз құпиясы көп қызметтің қыр-сырын үйреніп, үзеңгілес келе жатқан аудандық бөлімнің ақпараттық талдау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Мейрамгүл Манашева, білікті криминалист, полиция майоры Берікболат Сапаров сынды қызметтестеріммен жұмыс барысында тығыз байланыста болсақ, отбасылық өмірдеағайындай араласып жүретін жақсы жолдаспыз, — деп түйіндеді ол ойын.

Қызметте қырағы сақшы, отбасында шаңырақ шырағының үздіксіз жануын қадағалайтын, ортасында абырой мен бедел иесі, ауылдастары мен қызметтестерінің қадірлісі танылған Жанаргүлді кәсіби мерекесі – Қазақстан полициясы күнімен құттықтап, қызметіне сәттілік тіледік.

Дәулетқали АРУЕВ

Исатай ауданы

Суретте: Жанаргүл Дәулеткерейқызы (сол жақта) әріптес құрбысы Мейрамгүл Манашевамен бірге

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button